Тіл тақырыбы қашанда өз өзектілігін жойған емес. 15 наурыз күні Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалы бірлесе отырып, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен мемлекеттік тілді жаппай қолданысқа енгізу мәселелерін талқылаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты жиын өтті.
Шараға қалалар мен аудандардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, қазақ тілін меңгерген өзге ұлт жастары, «Жас Отан» және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының өкілдері қатысты.
Қазақ тілін қызықты әдістемелер арқылы волонтерлік тұрғыда еріктілерді жұмылдырып көпшілікке игертуді ұсынған жастар бастамасы дөңгелек үстел барысында жан-жақты пікірлермен толығып, қатысушылар тарапынан қызу қолдауға ие болды.
Жастар атап көрсетіп отырған бес түрлі тың әдістемеге тоқталсақ:
1. Жастарды қызықтыратындай гитара аспабында ойнауды қазақ тілінде өткізу;
2. Қазақша ән салуға үйрететін караоке клубын құру;
3. Облыстық деңгейді қамтитын қазақ тілді дебат клубтарын құру;
4. Бүгінде облыста 70-тей команданы құрап отырған қазақша КВН ойындарын дамыту;
5. Қазақ тілінде көрсетілетін кино клубын құру, онда көрсетілген фильмдерді мемлекеттік тілде талдай білуге машықтандыру. Бұл - жастардың қазақ тіліне деген ынтасын еселей түсуге бағытталған бастама екендігі белгілі.
Шара барысында сөз алған тілдерді дамыту басқармасының бастығы Т.Әбілқасымов Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойған нақты мақсаттар мен міндеттерін орындауда өз мекемесі тарапынан қажетті көмектер жасалатынын айтты. Шара соңында қатысушылар қазақ тілін оқытуға өз үлесін қосу үшін облыс жастарына Үндеу жолдады.
Ж.АМАНТАЙ.

