БАСШЫ МЕН ТІЛ МАМАНЫ

мемлекеттік тілдің қанат жаюына қандай үлес қосуда?

«Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің
басты факторы болып табылатын қазақ тілінің
одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді
салуымыз керек».
Н.Ә. Назарбаев.

    Еліміздің Тіл туралы Заңын жүзеге асыру мақсатында бұған дейін тілдерді қолдану мен дамытудың екі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, облысымыздағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар мемлекеттік тілді іс қағаздарын жүргізу тіліне айналдыруда біршама айшықты істер атқарғаны жұртшылыққа мәлім. Бұл күнде іс қағаздары қазақша жүргізіле бастады. Құжат айналымында қазақ тіліндегі ішкі және шығыс құжаттарының үлесі арта түсті. Жекелеген мекемелер мен ұйымдарда қазақ тілін күнделікті жұмыста қолдануға деген талпыныс та байқалады.
    Десек те, бұл бағытта атқарылған шаруа көңіл көншітпейді. Олай дейтініміз, алдымен, мемлекеттік тіл барлық жерде бірдей жұмыс тілі бола алмай отыр. Көпшілік жағдайда екі қазақ бір-бірімен орысша сөйлеседі. Мекеме басшылары жоспарламаларды, түрлі кеңестер мен отырыстарды қазақ тілінде өткізуді қажетсінбейді. Іс қағаздары әлі де аудармашылардың көмегімен қазақшаланып келеді. Бұған басшылар да, аудармашы мамандар да әбден көндігіп алған.
    Енді тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданбақшы. Бұл бағдарламада «мемлекеттік тілді қолданудың беделін арттыру», «мемлекеттік тілге сұранысты арттыру», «тіл мәдениетін жетілдіру» сияқты аса маңызды да ауқымды міндеттер қойылып отыр.
    Күні бүгін еліміздің әрбір азаматының алдында мемлекеттік тілді білу және оны қоғамда кең қолдану міндеті тұр. Бұл міндет әсіресе кәсіпорындар, мекемелердің, ұйымдардың басшылары мен осы жерлердегі мемлекеттік тіл жөніндегі мамандарға әлдеқайда еселене түспек. Сондықтан олардың алдына мынадай сұрақтардың қойылуы заңды да:
    Құрметті мекеме басшысы! Тіл Заңында және тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларында көрсетілген қағидаларды жүзеге асыруда жауапкершілік бірінші басшыларға жүктеледі делінген. Сіз осы сенімді қалай атқарып жүрсіз? Қарамағыңыздағы қызметкерлерге тіліміздің бағын ашуға бағытталған қандай нақты нұсқаулар бердіңіз?    Мекемеңізде мемлекеттік тілге қатысты ағымдағы мәселелерді шешумен кім айналысады? Оның есебі жоспарлы түрде жиындарда не отырыстарда қаралып тұра ма? Тілдік орта қалыптастыруда өзіңіз ұжым мүшелеріне үлгі көрсете алып жүрсіз бе? Жоспарламаларды, кеңестер мен отырыстарды осы тілде өткізуге бет бұрдыңыз ба? Өзара сөйлесуде, сырттан келген азаматтарды қабылдауда қазақ тілі берік орын тепті ме?
    Күнделікті келіп түскен хат-хабарларды қарау барысында бұрыштаманы қазақ тілінде жазу дағдыңызға айналды ма? Мекемеңізден басқа жерлерге жіберілетін құжаттардың мемлекеттік тілде ресімделуіне көңіл бөлесіз бе? Мекемеңізде мемлекеттік тілдің насихатталуы қандай дәрежеде? Осы мақсатпен семинар, түрлі байқау, мерзімді баспасөзге жазылу, жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер сияқты іс-шаралар өткізіліп тұра ма?
    Мекемеңіздегі қызметкерлердің тіл үйренулеріне ықпал жасайтындай «Қазақ тілі» кабинетін не арнайы стендіні безендіру жоспарда бар ма? Іс қағаздарын жүргізуде аудармашы қызметінен бас тарттыңыз ба?
    Мемлекеттік тіл жөніндегі маманның тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды ма? Маман күнделікті шаруасына қажетті әдістемелік және көмекші құралдармен, терминологиялық және қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерімен толық қамтамасыз етілген бе? Оның жұмыс жоспарымен қаншалықты таныссыз? Одан мекеме қызметкерлеріне өз беттерімен іс қағаздарын жүргізу мен құжаттарды дайындауды үйретуді талап етіп отырасыз ба?
    Мекеменің мемлекеттік тіл жөніндегі маманы! Атқарып жүрген қызметіңіз Сіздің лауазымдық нұсқаулығыңыз талаптарына толық сәйкес келе ме? Қызметіңізде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде басшылыққа алатын нормативтік құқықтық құжаттармен таныссыз ба?
    Соңғы кезде ұжымда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында мекеме басшысының алдына қандай келелі мәселелерді қойдыңыз? Қызметкерлердің іс қағаздарын жүргізуге және өз беттерімен құжаттарды дайындауға қажетті көмекші және әдістемелік құралдары жеткілікті ме? Оларға қандай құралдарды өздігіңізден дайындап тараттыңыз?
    Құжаттарды өз беттерімен дайындайтын мамандардың бұл іске деген ынта-ықыласын, қабілеттерін жан-жақты зерделедіңіз бе? Оларға құжаттарды дайындауда, жаттықтыруда көмегі тиетіндей қандай әдіс-тәсілдерді қолданып жүрсіз? Берер көмегі айтарлықтай мол «Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілер жинағындағы», «Қазақстанда іс қағаздарын жүргізу» және «Құжат айналымы мәселелері» журналдарындағы материалдарды күнделікті жұмысыңызда пайдаланасыз ба?
    Мекеме қызметкерлерін мемлекеттік тілде құжаттар дайындауға ынталандыру мақсатында қандай іс-шаралар өткізіп жүрсіз? Сала басқармасы мен бөлімі, тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма және қалалық бөлім тараптарынан өткізілетін іс-шаралардың көмегі қаншалықты тиімді?
    Бұл біз санамалап отырған сұрақтардың нақты жауаптарын әр басшының, әр маманның білетін уақыттары жеткен сияқты. Бұларды білу және бұлжытпай орындау – сіздердің тікелей міндеттеріңізде. Олай болса, туған тілге жанашыр басшы, қамқоршы маман ретінде неге оған шын мәнісінде бет бұрмай келесіздер. «Көш жүре түзеледіні» қашанғы алға тарта бермекшіміз. Ширек ғасырға жуық уақыт осылай деп сылтауратып келдік қой. Бұл аз мерзім емес.
    Қазіргі кезде егемен Қазақстанды бүкіл әлем тануда. Оның бүгінгі беталысына қызыға қараушылар да, таңданыс білдірушілер де, шүкір, жетерлік. Еліміз ұлт бірлігін нығайтуда, экономикада, мәдениетте, спортта басқаларға үлгі боларлықтай дәрежеге жетіп отыр. Ал тіл мәселесіне келгенде ше? Неге қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуы жөнінде де танылмасқа?
Сөз жоқ, танылуға болады, болашақта міндетті түрде танылуға тиіспіз де. Ол үшін, шіркін, әрбір азамат жұмыс істейтін мекемесінде, қарым-қатынас жасайтын ортасында, күнделікті атқаратын қызметінде және отбасында Қазақстанның болашағы саналатын көркем де бай тілімізді барынша құрметтесе ғой, осылайша бар ынта-ықласымен оны жан-жақты қолданысқа енгізуге күш жұмсаса ғой! Сонда ғана біз «мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтерер» едік, «мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның беделді бейнесін қалыптастырар» едік, сондай-ақ «мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейтіп, қоғамдық өмірдің барлық саласына кіріктірер» де едік қой. Мемлекет басшысының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында да мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген міндеттер айқын көрсетілген.
Мекеме басшысы, мекемедегі мемлекеттік тіл маманы, осы міндеттерді ойдағыдай орындауға сіздер де өз үлестеріңізді қосыңыздар.

                                                       

Ульян МАҚҰЛ,
   Павлодар мемлекеттік педагогика институты іс қағаздарын
мемлекеттік тілде жүргізу бөлімінің бастығы.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30