Өткен аптада С.Торайғаров атындағы облыстық кітапханада «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік қызмет-2011» аудармашылардың дәстүрлі қалалық байқауы өтті. Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған шараға мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындарда қызмет істейтін 17 аудармашы қатысты.
Шараның басты мақсаты - қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, тілдерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру және жергілікті аудармашылардың біліктіліктерін арттыру. Байқауға қатысушы мамандар үш кезең бойынша сынға түсті. Олар алғашқы кезеңде ресми құжаттарды аударды. Бұл кезеңде жұмыс барысында қолданылатын құжаттың рәсімделу талаптары мен ресми-іскерлік стилін сақтау басты назарға алынды. «Көркем аударма» кезеңінде қазылар алқасы мамандар аударған мәтіннің сапасына, көркемдігіне, мазмұнына және аудармашының сөздік қорына көңіл бөлді. Әсіресе, «Жаңа терминдер әлемі» кезеңі аудармашылар арасында өзара тартыс тудырды. Аталмыш кезеңде қатысушылардың мемлекеттік терминологиялық комиссия бекіткен термин сөздерді білу деңгейі, жаңадан бекітілген сөзжасамдар, термин сөздер мен сөз тіркестерінің аудармасын білу деңгейі анықталды.
Қалалық байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ аудармашысы Әсел Біләлова иеленді. Екінші орынға Павлодар қаласы білім беру бөлімінің маманы Аян Төлебаев лайық деп танылды. Ал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ақжарқын Асайынова үшінші орынды қанағат тұтты. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар тапсырылды. Қалалық кезеңнің жеңімпазы облыстық байқауға жолдама алды.
Е.ҚЫЗДАРБЕК.

