Павлодар облысы тілдерді дамыту басқармасы «Ана тілі» орталығымен бірлесіп, ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру курсын өткізді. Курс республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Бір апталық курста ҚР Парламенті Сенаты аппаратының редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, республика бойынша беделді әрі кәсіби біліктілігі жоғары аудармашылардың бірі Камал Әлпейісова шеберлік сабағын өткізді. Курстың соңғы күнінде Камал Әбілқасымқызы аудармашыларға біліктілікті арттыру жөнінде сертификаттар табыс етті.
Курстың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен дамыту, аударма мен мемлекеттік тілде дайындалатын іс қағаздарының сапасын арттыру, ілеспе аудармашы мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру. Курс сабақтарында ілеспе аударманың теориялық және практикалық негіздері, ілеспе аударманың ерекшеліктері, артықшылықтары мен кемшіліктері, техникалық, лингвистикалық, психологиялық кедергілер мен қиыншылықтары, қызметтік қағидалары талқыланды. Сондай-ақ, ілеспе аудармаға машықтау жұмыстары да жүргізілді. Тәжірибе түрінде өткізілген сабақта қатысушылар ілеспе аударма жасауда кездесетін қиыншылықтарды талқылап, оларды жоюдың жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамытуды жүзеге асырудың өзекті мәселелері тақырыбында әңгіме тарқатылып, тілдің бүгіні мен келешегі жайында терең ғылыми ой тұжырымдар мен пәтуалы пікірлер ортаға салынды.
Камал Әлпейісованың сөзіне сүйенер болсақ, Павлодар облысының ілеспе аударма саласында шоқтығы биік. «Өзге облыстардан оқ бойы алда тұрған павлодарлық аударма мамандары әркез біліктілігімен көзге түседі. Менің ойымша, мұнда білікті мамандар топтастырылған. Сол себепті, жергілікті аудармашылардың деңгейі жоғары. Мұндай курс жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Елімізде ілеспе аударма 2006 жылдан бастап алға қойылды. Содан бастап, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде семинар сабақтар ұйымдастырылды. Павлодар облысында өткен курс осының бір бөлігі ғана»,- деді ол. Павлодарлық мамандарға табыс тілеген Камал Әбілқасымқызы еліміздегі ілеспе аудармаға айрықша үлес қосып жүрген аудармашылар қазақ тілінің кең қанат жаюына септігін тигізіп жатқанын алға тартты.
Павлодарлық аудармашылардың республика бойынша шоқтығы биік екенін облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов та қостады. «Біздің өңірдегі ілеспе аудармашы мамандарға өзге облыстардан ұсыныстар түсіп жатыр. Жуырда ғана Қостанай облысының тілдерді дамыту басқармасы он аудармашыны оқытып берулерін өтінді. Сондай-ақ, Астана қаласында кәсіпорындардың аудармашылары да Павлодар облысына келіп біліктіліктерін жетілдіруге ниет білдіріп отыр»,- деді басқарма бастығы.
Фархат ӘМІРЕНОВ.


Пікірлер
RSS лента .