Облыс көлемінде өтіп жатқан «Түркі тілдес халықтар жазбаларының күндері» апталығы Ақсу қаласында жалғасын тапты. Онда апталық аясында мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізушілер мен аудармашыларға арналған облыстық семинар өтті. Оны тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» облыстық орталығы мен Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға қаладағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардан отыздан астам тіл мамандары мен аудармашылар қатысты.
Шараны өткізудегі басты мақсат – іс жүргізушілер мен аударма мамандарының тілдік қорына, аударма сапасына, тіл мәдениетіне, ой тұтастығы мен жүйелілігіне назарларын аударту әрі оларға тәжірибе жүзінде көмек көрсету. Семинарда сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім бастығы М.Ақанов облысымыздағы аудармашылар мен іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін мамандардың жұмыс жасау деңгейіне тоқталды. Сондай-ақ, ол ілеспе аударманың кең құлаш жайып келе жатқандығын ерекше мақтанышпен жеткізді. Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» орталығы директорының міндетін атқарушы З.Мәмбетова мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мәселелеріне байланысты баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, шарада Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің меңгерушісі У.Мақұлов «Аударма ісі және аударма тілі», облыстық қаржы басқармасының ұйымдастыру, тіл жұмысы және ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Ш.Кинжикова «Мемлекеттік тілде іс жүргізу», тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» орталығының бөлім бастығы П.Ташева «Іс қағаздарын сауатты жүргізу және оқыту технологиясы» тақырыптары бойынша тәжірибелерін ортаға салды. Семинарға қатысқан Ақсу қаласы №2 орта мектептің мұғалімі Құсни Саматова «Қазақ тіліне байланысты семинарларды үнемі ұйымдастырып отырса» деген ниетін жеткізді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

