Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз ел болғаннан бері ономастика мәселесіне қатысты жұмыстар да қайта қолға алынып келеді. Сан жылдар бойы солақай саясаттың салдары тиген қазақи атауларды қайта қалпына келтіру үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған болатын. Қазіргі кезде осы Заң жүйесі негізінде аймағымызда да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бұның барлығы халқымыздың игілігі үшін жасалынып жатқан істер десем артық айтқандығым емес. Себебі елдің еңсесінің биік, тұғырының берік болуына елді мекен атауларының да берер әсері баршылық.
Жалпы құрылу тарихына үңілетін болсақ, Павлодар облысының ономастикалық комиссиясы тәуелсіздігімізді алғаннан бері ең алғаш 1992 жылғы 15 маусымда облыс әкімінің шешімі негізінде құрылған болатын. Сол сәттен бастап 2006 жылға дейін комиссияны «Қ.И. Сәтбаев атындағы тарихи-географиялық қоғам» қоғамдық Қорының төрағасы Қожанов Оралбек Қожанұлы басқарса, кейін Р.М. Жұмабекова, ал үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап облыс әкімінің орынбасары Ә.Қ. Ғалымова төрағалық етуде. Комиссия мүшелері 1992 жылдан кейін 2006 жылғы 24 наурызда облыстық мәслихаттың №37/18 шешімімен бекітіліп, кейін 2008 жылғы 29 тамыздағы № 116/8 шешіммен өзгерістер енгізілді. Бүгінгі күні комиссия құрамында басқарма басшылары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары бар.
2004 жылы Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы құрылғаннан кейін ономастика жұмысы осы басқарманың құзыретіне еніп, бекітілген жоспарға сәйкес мекеме тарапынан кезінде үстемдікпен өзгертілген жер-су аттарын байырғы тарихи атаулармен алмастыру, транскрипциясы бұрмаланған немесе қате жазылған жер-су атауларын қайта қалпына келтіру, атаулары отаршылдық-тоталитарлық сипаттағы елді мекендер мен білім және мәдениет ұйымдарын қайта атау сияқты негізгі үш бағытта жұмыстар атқарып келеді. Атап айтар болсам, 2006 жылдың басында Лебяжі ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ленин ауылына ХVІІ ғасырда өмір сүрген, қазақ-қалмақ соғыстарында аты шыққан ержүрек Әйтей батырдың, ал Майқарағай ауылдық округіндегі Қорт ауылына есімі Республикаға танымал халықтың ақ батасы мен ризашылығына бөленген елдің аяулы азаматы, сынықшы Мерғалымның есімі берілсе, Успен ауданы Павловка ауылдық округі мен Павловка селосына өзінің байырғы атауы Қоңыр өзек атауы қайтарылды. Павлодар ауданына қарасты Григорьевка ауылдық округінің Григорьевка ауылы Жаңа қала ауылы және Кеңес ауылдық округінің Кеңес ауылы Әйтім ауылы болып өзгертілді. Сондай-ақ Ақсу қаласына қарасты Куйбышев ауылы Ақжол ауылына, Ертіс ауданына қарасты Майқоңыр ауылдық округіндегі Кутузов ауылы Майқоңыр ауылына, Луговой ауылдық округіндегі №2 бөлімше Ақбетей ауылына, Ұзынсу ауылдық округіндегі Суворов ауылы Ұзынсу ауылына, Никаноровка ауылы Ақтайлақ ауылына, Ағашорын ауылдық округіндегі Артемовка ауылы Бескепе ауылына, Иса Байзақов ауылдық округіндегі Кайманачиха ауылы Иса Байзақов ауылына өзгертілді.
Облыста 2007 жылы 5 ауылдың, 3 ауылдық округтің атауы өзгертілді (Павлодар ауданының Духовницкое ауылы Аққұдық ауылына, Ақсу қаласы Қазалы ауылы және Қазалы селолық округі Мәмәйіт Омаров ауылына және Мәмәйіт Омаров атындағы селолық округке, Лебяжі ауданы Восточное селолық округі және Восточное ауылы Баймолдин селолық округі және Әбілқайыр Баймолдин ауылына, Шарбақты ауданы Алексеевка селолық округінің Степное селосы Бөріктал ауылына, Качиры селолық округі Тереңкөл селолық округіне, Қашыр ауылы Тереңкөл ауылына). Осылармен бірге қаралған Қашыр ауданын Тереңкөл қылып өзгерту мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Ономастика комиссиясының отырысында қолдау тауып, тиісті заңдарға сәйкес жұмыс жалғасын табуда.
Соңғы жылдары елді мекен, көше атауларын өзгерту мәселесі белгілі себептермен тоқтатылып, кейінге шегеріліп келген болатын. Олардың бірі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қарашадағы 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы туралы №1138 Қаулысына байланысты болса, екінші, дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ. Саудабаевтың 2009 жылғы 15 қаңтарда келіп түскен №32-28.41 хатына сәйкес еді.
Дегенмен, мәселеге қатысты мораторий осы жылдың наурыз айынан бастап алынып, ономастика жұмыстары жалғасын табуда. Солардың ішінде 2008 жылы облыстық ономастика комиссиясы қарауында оң шешім тауып, жалғастыру жұмыстары мораторийге байланысты бертінге дейін шегеріліп келген Железин ауданының Еңбекші жалпы білім беру мектебіне Уәли Саттыбаевтың, Лебяжі ауданының Ленин жалпы орта білім беру мектебіне Ахмет Байтұрсыновтың, Кенжекөл ауылының Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебіне Кемер Әшімбетовтің, Облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған кадет мектеп-интернатына Бөгенбай батырдың, Ақтоғай ауданының Агрономия жалпы білім беретін мектебіне Манап Әндіржановтың есімін беру, сондай-ақ Баянауыл ауданы Күркелі селолық округінде орналасқан Бірінші май ауылының атауын «Жарылғап ауылы», Павлодар ауданы Кеңес ауылдық округі Комарицино ауылының атауын «Қаратоғай» атауына өзгерту мәселелері облыс әкімдігінің қарауына ұсынылды.
Басқарманың жұмыс жоспарына байланысты облыстық ономастика комиссиясының отырысы жылына екі рет өткізіліп тұрады. Бүгінгі күнге дейін облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылған мәселелердің барлығы дерлік комиссия мүшелері тарапынан қолдау тауып келеді. Бір айта кететіні, комиссия қарауына ұсынылатын құжаттардың аздығы қынжылтады. Кейде құжаттардың жоқтығына байланысты комиссия отырысы кейінге шегеріліп те жатады. Ал ол құжаттарды қала мен аудан әкімдіктері бізге тапсырулары қажет. Басқарма тарапынан аталған құзыретті органдарға ономастика комиссиясы отырысының өтетіндігін ескертетін хаттар да жолданып отырады. Алайда он-он бес шақты мәселені бірақ қараудың орнына тапсырылған құжаттардың аздығына байланысты облыстық ономастика комиссиясында үш-төрт мәселе ғана қарастырылатын кездер жиі болады. Сондықтан аймағымызға қарасты әсіресе Успен, Железин, Качиры, Павлодар аудандарындағы толған орысша елді мекендердің атын өзгерту туралы жұмыстар жергілікті құзыретті органдарында бастау алып, облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылса игі болар еді.
Сондай-ақ Павлодар қаласындағы тәуелсіздік ұғымымен жанаспайтын көше атауларын, болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні жағынан да, рухани тұрғысы жағынан да берері мол атаулармен алмастыру жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізуіміз қажет. Әрине, ауыстыратын атаулардың барлығы да облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныла бермейді. Яғни, қаладағы көше атаулары тиісті заңға сәйкес қалалық өкілді және атқарушы органдарының құзыреті шеңберінде шешіледі.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Павлодар облысына қатысты ономастикалық оқулықтардың аздығына байланысты аймағымыздағы ономаст ғалымдармен байланыс жасап, жоғарыда айтылған проблеманың шешілу жолдарын қарастыруды да басты назарға алып отыр. Солардың қатарына Басқарманың тапсырысы бойынша шығарылған профессор Ж.О. Артықбаевтың «Орта Ертіс өңірінің топонимикалық мәселелері» атты оқулығын, Қ.Т. Сапаровтың «Екібастұз өңірінің жер-су аттары», «Ертістің-Аққулы өңірінің жер-су аттары», «Павлодар облысының әкімшілік-аумақтық бірліктері физикалық-географиялық атауларының көрсеткіш анықтамалығы» атты ғылыми еңбектері мен Р.Т.Қалымқұловтың Ертіс-Кереку өңірінің әкімшілік-аумақтық құрылысының жалпы тарихы және елді мекен атауларына қатысты жарық көрген «Кереку» кітабын жатқызуға болады.
Осы еңбектермен қатар, Павлодар облысының 70 жылдық мерейтойына орай, 2008 жылы Облыс тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2007-2008 жылдарға арналған облыстық бағдарламасы» шеңберінде шыққан қазақ тіліндегі әкімшілік-аумақтық картаны айтып кеткен жөн. Картаны аймағымыздағы ономастика мәселесімен жан-жақты айналысып жүрген С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті, география ғылымдарының кандидаты Қуат Табылдыұлы Сапаров 1942 жылғы карта негізінде құрастырып шығарған болатын. Облысымыз бойынша ең алғаш қазақ тілінде жарық көріп отырған бұл әкімшілік-аумақтық карта аймағымызға қарасты Екібастұз, Ақсу қалалары мен Баянауыл, Ақтоғай, Железин, Ертіс аудандарына арналған. Сондай-ақ өзге карталардың барлығында ауыл-аймақ аттарының бұрынғы атаулары өзгертілмеген күйінде берілген болса, бұл картаның құндылығы жоғарыда аталған аудандарға қарасты елді мекен атауларының дұрысталған нұсқалары мен бүгінгі күнге дейінгі қазақшаға аударылған атауларының көрсетілгендігінде. Сондықтан аталмыш карта мектеп оқушылары мен тарих, география факультетінде оқитын студенттерге тіптен қажет құнды құрал болып табылады. Облыс тұрғындарына осындай зор маңызы бар еңбек алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Қорыта келгенде, жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы да 70 жыл бойы патшалық саясаттың салдарынан өзгертілген елді мекендердің тарихи атауын қайтарып, өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні зор ұлттық санамызға тән атаулармен алмастыруға бағытталған. Осындай күрделі мәселелердің шешу жолдары біздің еншімізге тиіп отырғандықтан, алдағы уақытта да бар күш жігерімізді салып жұмыс істейтін боламыз.
Талғат ӘБІЛҚАСЫМОВ,
Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы.

