Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғамның барлық салаларын қамтуда. Міне, бізде де, трамвай басқармасында көлік қызметін көрсету саласында мемлекеттік тілді енгізу және қолдану бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Трамвайдағы барлық ақпарат, сыртқы, ішкі жарнамалар және үндеухаттары міндетті түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде ресімделген. Аялдамалар мен дыбыс жарнамасы тілдер заңына сәйкес хабарланады.
Трамвай - тұрғындарға тасымалдау қызметін көрсететін қоғамдық көліктердің бірі. Биылғы жылдың маусым айында трамвай жүргізушілерімен аялдамаларды және басқа да ақпаратты мемлекеттік тілде хабарлау бойынша үлкен жұмыс өткізілді. Ол үшін әрбір трамвай жүргізушісіне трамвай аялдамаларының атаулары мен тасымалдау барысында жиі қолданылатын сөз тіркестері енгізілген әдістемелік құрал – «Трамвай жүргізушісіне көмек» атты қысқаша сөздік әзірленді. Қазір трамваймен қала бойымен жүріп көрсеңдер, өзге ұлт трамвай жүргізушісі қазақ тілінде аялдамаларды хабарлағанын сүйсіне тыңдай аласыңдар. Олардың ішінде, Екатерина Луб, Фаина Дорош, Татьяна Даутова, Наталья Киселева, Ольга Мулина сияқты трамвай жүргізушілерін ерекше белгілеуге болады. Менің ойымша, олар осымен мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге үлкен үлес қосуда. Әрине, алғашқы рет, олар да бірден сөйлей кеткен жоқ. Кейбір жүргізушілер тек қана аялдамаларды ғана хабарласа, «Абайлаңыздар, есіктер жабылады!», «Құрметті жолаушылар, шығуға алдын ала дайындалыңыздар!», «Жолақысын уақытында төлеңіздер!» сияқты сөз тіркестерін жүрексінбей айтатындар да бар. Трамвай аялдамаларын мемлекеттік тілде хабарлау бойынша дайындау жұмыстары кезінде трамвай жүргізушілері тарапынан қорқыныш, сенімсіздік, үрей көп болатын (Ал біз дұрыс айта алмасақ? Жолаушылар бізді күлкіге айналдырса ше? Біз жолға қараймыз ба, әлде дұрыс айтуымызды қадағалаймыз ба?). Бірақ көп ұзамай, жолаушылардан алғыс сөздері де түсе бастады, таң қалушылық та болды (Мынау айтып жатқан орыс па? Қалай акцентсіз айтып жатыр!). Қаламызда тұрғындарға мемлекеттік тілде қызмет көрсететін мекемелер мен ұйымдар бар шығар, бірақ өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде қызмет көрсетіп жатқанын өз басым әлі көрген емес.
Айсұлу ЫСҚАҚОВА,
Трамвай басқармасының әкімшілік
бөлімінің бастығы.

