Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен ұмыт болып бара жатқан бабалар мұрасын қайта жаңғырту, мәдени-тарихи құндылықтарды сақтаудағы ұрпақтар сабақтастығын паш ету және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында «Қазақ фольклоры» тақырыбында өңірімізде түрлі іс-шаралар өткізілуде. Сондай игі шараның бірі жақында облыс орталығындағы Технологиялық колледжде де ұйымдастырылды.
Халықтың болашағы туған тіліне тікелей байланысты. Тіл – халықтың жолы, сәні, тұтастай кескін-келбеті. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі, өйткені халқымыз дәрежеге емес, дәстүрге бағынған. Халқымыздың ерте заманнан келе жатқан осы игі дәстүрі, кең қанат жайған өнердің бірі – шешендік сөздер.
Іс жүзінде шешендік өнердің қыр-сырын таныту қиындық келтіретін келелі мәселелердің бірі дер едім. Себебі, оқушылар заманына сай, техниканың өркендеуіне байланысты көркем әдебиетке, тіл өнеріне аса бай емес. Олар өздеріне, керекті ақпаратты техника құралдары (компьютер, интернет, т.б.) арқылы алады. Алған мағлұматтарды тек есінде сақтап қана қояды, сондықтан ауызша сөйлеу арқылы жеткізу қабілеті төмен.
Иә, бүгінгі оқушының сөздік қоры аз. Көсіліп сөйлеп, ақтарыла айтатын шәкірттер тапшы. Көркем шығарманы оқып, оны талдап, өзінің тілін, ойын жаттықтыратын оқушылар сирек. Ертеректе ата-бабаларымыз шешендік өнерге бейім жастарды ерте кезінен түрлі дау-дамайды, ұрыс-керісті, жанжалды шешуге жұмсап, мүмкіндік беріп, оның қабілетін осындай әдіс арқылы шыңдай білген. Сондықтан халқымыздың кең қанат жайған өнері - «Шешендік сөздер» тақырыбында кеш өткіздім. Шараның мақсаты - оқушылардың тіл байлығы мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, қазақтың ұлттық сөз қорының молдығын дәлелдеу, халық ауыз әдебиетінің мұрасымен таныстыру, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Ауыз әдебиетімізде халқымыздың түсінік-пайымы, тәлім-тәрбиесі бар. Осыдан өнеге алып, өмірімізге үлгі етейік, салт-дәстүрімізді сақтайық, сонда ата-бабамыздың айтулы ұрпағы саналамыз. Осындай шаралар өзге мекемелерде де жалғасын тапса, нұр үстіне нұр!
Мира СЕЙІТҚАЛИЕВА,
Технологиялық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
Павлодар қаласы.

