Мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, іс жүзінде іс-қағаздар тіліне айналдыру – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Аталған тақырып бойынша әр түрлі іс-шаралар өткізіліп, қажетті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Ақтоғай ауданының мәдениет үйінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырумен өткен «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл» сайысы. Бұл сайысқа аудандағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ресми құжаттарды орыс тілінен қазақ тіліне аудару, мемлекеттік тілде ресми құжат дайындау және жаңа терминдерді меңгеру бойынша білім-біліктерін сарапқа салып, өзара бақ сынасты. Жарыс қатысушылардың ұлтына, жасына байланыссыз өтті, яғни әр түрлі ұлт өкілдері, жас мамандар мен тәжірибесі мол қызметкерлер қатысты. Берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындаған Ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Мадина Аралова 1-орынды иеленсе, Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы Толқын Камзинаға 2-орын бұйырды, Құрылыс бөлімінің маманы Сағынтай Мұсаұлы 3-орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, Статистика бөлімінің маманы Елена Степчук ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен 1-орынға ие болған Мадинаға сайыстың облыстық кезеңінде сәттілік тілейміз!
Б.БАШИКОВА,
Ақтоғай ауданы.

