ТЫҢ БАСТАМА ТІЛДІҢ ҚАМЫН ОЙЛАЙДЫ

     Кеше Павлодар қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиеваның қатысуымен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасын аймағымызда қоғамдық талқыға салған келелі кездесу өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысты. Сондай-ақ алқалы отырысқа мемлекеттік тілдің жанашырлары, жауапты орган өкілдері, тіл мамандары, зиялы қауым жиналды.
    Естеріңізде болса, шілде айының соңына қарай аталмыш жоба Үкімет басшысы К.Мәсімовтің қатысуымен өткен мәжілісте кеңінен талқыға түскен болатын. Сонда ол жауапты орган қызметкерлеріне бағдарлама жобасын халық арасында кеңінен насихаттап, ұсыныс-тілектерді ескеріп, бір ай көлемінде пысықтауды тапсырған болатын. Міне, сондықтан қоғамдық тыңдаулар еліміздің әрбір аймағында ұйымдастырылып жатыр. Бұл науқаннан Павлодар өңірі де шет қалған жоқ. Алғашқылардың бірі болып алқалы жиын өткізді. Осы отырыста елдегі тілдерді дамытуға бағытталған бағдарлама жобасының артықшылықтары, жетілдірер тұстары әңгіме арқауына айналды. Алдымен сөз алған министрлік өкілі Жанна Құрманғалиева бағдарлама жобасының басты ұстанымдарын баяндап берді.
     Алқалы жиыннан түйгеніміз, тың бастама мемлекеттік тілді дамыту, оның қолдану аясын кеңейтуге қатысты жылдар бойы қордаланған мәселелерді түбегейлі шешуге бет алған. Олай дейтініміз, мамандардың айтуынша, жаңа жоба өткен жылдарда жүзеге асқан бағдарламаларды саралап, ел арасында айтылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүрген мәселелерді, жалпы бүгінгі тілдік ахуалды барынша зерделеп, есепке алған. Сонымен қатар шетелдік тәжірибеге сүйенген. Астаналық мейманның сөзіне жүгінсек, жоба әзірлеу барысында отыз елдің тәжірибесінің артықшылықтарына көңіл бөлінген. Бір сөзбен айтқанда, жобаны әзірлеушілер қазақтың «келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағидасын қатты қаперге алған. Ең бастысы, жоба жүзеге асса, Қазақстанда тұратын барлық этностар тілін сақтау жағдайында ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің ауқымды қолданылуын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты орындалатын болады. Демек, мемлекеттік тілді дамытумен қатар, өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілдерін оқып-үйренуге, дамытуға да жан-жақты жағдай жасалады.
     «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, жаңа жоба мемлекеттік тілді дамытудың жаңаша тәсілін қолдануды көздейді. Яғни мемлекеттік тілдің аясын кеңейту үшін алты деңгейлік тіл меңгеру жүйесі пирамида тәріздес болады. Мамандардың айтуына қарағанда, алғашқы екі деңгей тұрғындарға тілді қарапайым дәрежеде меңгертуді көздейді. Үшінші және төртінші деңгей адамдардың өзара пікірлесе алатындай дәрежеге жеткізуді талап етеді. Ал соңғылары мемлекеттік тілді іскерлік деңгейде, яғни емін-еркін қарым-қатынас дәрежесіне жеткізуге бағытталған. Отырыста бұл мақсаттардың дұрыс жүзеге асуы үшін балабақша, мектептер, орта және жоғары оқу ордалары күш салулары тиіс. Себебі тілдік ахуалды қалыптастырудың 80 пайызы осы салаға тиесілі көрінеді. Сонымен қатар арнайы оқыту орталықтарының рөлі де кеңінен сөз болды. Орталықтарды тиісті тексеруден жүйелі түрде өткізу арқылы сапасын арттыру да жоспарланып отырғаны айтылды. Министрліктің жауапты хатшысы мемлекеттік тілді барлық салаға батыл енгізіп, қажеттілік тудыру керек дегенді қадап айтты. Тек тіл нәзік дүние екенін естен шығармау қажеттігін де ескертті. Тілді осылайша деңгей-деңгейімен, үздіксіз оқыту тәсілін жиылған қауым көптен күткен жаңалық деп бағалады.
     Астанадан келген маман терминдерді қолдануда бірізділік қалыптастыру үшін іс-шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Мемлекеттік терминологиялық комитеттің құрамы өзгеріп, талаптар күшейтілуде. Халықаралық терминдердің қазақша баламасын іздемей, өзгелермен қатар қолдана беру тиімді деген пікірін бүгіп қалмады. Бір сөзбен айтқанда, тілдік тәртіп орнату қолға алынбақ. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілеріне қатысты да бірқатар тілдік талаптар қойылмақ. Мәселен, енді аталмыш салаға қабылданатын журналистер алдымен тілдік талаптар бойынша тиісті сыннан өтетін болады. Ж.Құрманғалиева «БАҚ - тіл ахуалын қалыптастыруда ықпалды құрал, сондықтан мұнда да қадағалау қажет», деді. Сонымен бірге орыс, ағылшын тілдерін де болашақ үшін қатар алып жүру керек деген ой айтылды. Мамандар бұл заман талабы екенін алға тартты. Сөйтіп, бағдарлама нәтижелі жүзеге асса, 2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде, 90 пайызы орыс тілінде сөйлейді деп болжанып отыр. Жауапты хатшы бағдарламада барлығы «соқырға таяқ ұстатқандай» анық жазылған, сондықтан нәтижелі болады деп сендірді.
Кеңесте облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Т.Әбілқасымов атқарылған жұмыстарды тізбектей келе, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Ол мемлекеттік тілдің қолдануға қатысты заңнама талаптарына бақылауды күшейту керек деген пікірде. Тіпті құжат айналымын прокуратура мамандары бақылауға алса дейді. Тілді қашықтықтан оқыту жүйесін енгізуді жеделдету керектігін де бүгіп қалмады. Сонымен бірге қалалар мен аудандарда халық санына байланысты тіл мамандары қатарын әртүрлі қарастыруды министрлік деңгейінде шешсе, дейді. Отырыста пікір білдірген ғалымдар да жобаның бұрынғыдан ширақ екенін бөле-жара атап өтті. Енді оны жүзеге асыру үшін кадрлар мәселесіне көңіл бөлу қажет көрінеді. Мәселен, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы А.Тұрышевтың айтуынша, өтпелі кезеңде даярланған қазақ тілі мамандарды бүгінде қайта даярлаудан, тілдік аккредитациядан өткізу қажет. Ол ономастика саласы бойынша тау-төбені меншіктеп, әркімнің атасының есімін беруге тосқауыл қою керек дегенді алға тартты. Жиында Қазақстан мұсылман әйелдері Лигасы облыстық филиалының төрағасы З.Қожахметова тың бастама жемісті жүзеге асатынына, оған өзге ұлт өкілдері бір кісідей атсалысатынына сенімін білдірді.
      Отырыста сөз алған өзге ұлт өкілдері қазақ тілін дамытуға білек сыбана атсалысатындарын жарыса жеткізді. Мәселен, «Айреник» облыстық армяндар қоғамының жетекшісі, Павлодар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары К.Бадоян елімізде тұрып жатқан әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі міндет деген ойын білдірді. Себебі бұл - халықты біріктіретін күштердің бірі, ал Қазақстанды Отаны санайтын тұрғындардың сол елдің тіліне құрмет көрсетпеуі - оның азаматтығына сын дейді, ол. Өзге ұлт өкілдерінің болашақта қызметте ешбір кедергілерге тап болмауы үшін де, өз тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын дамытуға да жан-жақты жағдай жасалып жатқанын жасырмады. Ол әріптестерін, барша ұлт өкілдерін осы жақсылықтың өтеуі ретінде мемлекеттік тілді меңгеруге құлшыныс танытуға шақырды. Оның ойынша, тілдің құлаш жаюы үшін халық бір-бірінен ұялмай, «тілді сындырып», қазақ тілінде қарым-қатынас жасай беру қажет. Айта кету керек, жаңа жоба жастардың мүддесін, олардың болашағын барынша ойлайды. Мұны жергілікті жастар да құптап отыр. Солардың бірі – Елена Иванова. Қазақ тілін жетік меңгерген ол мемлекеттік тіл мәселесін өзге ұлт өкілдерінің санасына жіті жеткізу үшін насихат жұмыстарын орыс тілінде жүргізу тиімді болады деп пайымдайды. Ал сөзін «затым – неміс, жаным – қазақ» деп бастаған Тереңкөл ауылының мұғалімі Светлана Шнайдердің жүрекжарды баяндамасы баршаға ой салғандай болды. Қазақ ауылында туып, қазақтардың арасында өскен ол тілдің дамуы үшін тілдік орта қажет екенін айтады. Сондай-ақ ол жаңа жоба тілді үйретуді үздіксіз жалғастыруды көздейтініне қуанғанын айтып, ағынан жарылды. Тіл жанашыры ретінде оқу ордаларында қазақ тілді оқулықтарды көбейту қажеттігін жеткізді. Мұндай қиындықтарға студент кезінде жиі тап болғанын жасырмады.
     Қоғамдық тыңдауда ұсыныс-тілектер, сын-ескертпелер ортаға салынды. Қатысушылардың бірі қаладағы мекемелерде мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасы төмендігін алға тартты. Жауапты хатшы мұндай олқылықтарды жоюды облыстық тілдерді дамыту басқармасына аманат етті. Зиялы қауым өкілдері жобаның нәтижелі болуы үшін «Тіл туралы» Заң қабылданса, тіл инспекциясы құрылса деген ниеттерін жеткізді. Ж.Құрманғалиева заңның қабылдануы алдағы уақыттың еншісінде, ал тіл инспекциясы мүлдем қажет құрылым еместігін, тілді дамыту үшін шоқпар емес, шырақ пен кітап жеткілікті деген ойын шегелей айтты. Отырысты түйген астаналық маман мемлекеттік тілді дамыту – баршаға ортақ іс екенін әрдайым есте сақтауды еске салды. Отырыста айтылған ой-пікірлер, ұсыныс-тілектер бағдарламаны пысықтауда ескерілетін болады. Достық үйінде мемлекеттік тілді дамытуға арналған достық әңгіме жемісті өрбіді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31