«Мектеп – білім ордасы, ұстаз – мектеп тұлғасы» - дегендей, мектептің тіреуі - мерейлі, мәртебелі ұстаз екені бәрімізге аян. Ұстаз – адам тағдырын шешуші тәлімгер, өмірден өз жолдарын табуы үшін жол көрсетіп, жөн сілтеуші адам. Ұстаз – Жер бетіндегі мекен еткен әрбір адамзат баласы үшін өмір бойы ардақтап өтетін дара тұлға.
Заманына сай алғыр, ойлы адам тәрбиелеу - ұстаздың басты мақсаты. Осы мақсатты көздеген ұстаздың мәртебесі әрқашан да жоғары болары сөзсіз. Әрине, ешқандай ұстаз «мен мәртебелі ұстаз боламын», - деп алдын ала болжамайды, ол мәртебеге тек өз ісін сүйген адам ғана қол жеткізе алады.
«Тумайды қалайын деп тарихта адам,
Тағдыры өздік орнын анықтаған.
Өмірдің толқынында ширап өскен,
Қырансыз білім шыңын шарықтаған», - деген өлең жолдары 39 жыл ұстаздық еңбек еткен Молдабекова Рауза Асқарқызына арналғандай. Бір мектептің қабырғасында ұзақ жыл қатарынан ұстаздық қылу, ол сабырлы, мейірімді, көпшіл, өз ісіне тиянақты адамның қолынан келеді. Әрине, осы аталған барлық қасиет ұлағатты ұстаздың бойынан табылып, есімі елінің есінде, сүйікті шәкірттерінің көкейінде қалды.
«Үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды» - демекші, атына заты сай ұл-қыздары, докторлық дәрежеге ие - Ахметов Даниял Кенжетайұлы мен Гүлназ Кенжетайқызы, ақ халатты адал жандар – Гүлнар Кенжетайқызы мен Гүлфаз Кенжетайқызы.
Анасының еңбек еткен, дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей мектебінде жыл сайын «Ұлағатты ұстазды» еске алу құрметінде бастауыш мұғалімдер арасында «Жаңашыл ұстаз» айдарымен сайыс ұйымдастырып келеді. Бұл сайыс 2007 жылдан бастап атаулы мектепте дәстүрге айналып отыр. Басшымыз Хабиба Әбілова мен бүкіл мектеп ұжымы болып, есімімен шаңырағымыздың сәнін келтіретін Рауза Асқарқызының құрметіне мемориалдық ескерткіш-тақта ашты.
2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ерлан Арынның ұйымдастыруымен «Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі» Молдабекова Рауза Асқарқызының 90 жылдығына арналған «ІІ педагогикалық оқулар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Осы сайыстар нәтижесінде шығармашылықпен жұмыс істеп жүрген мұғалімдер бас жүлделерге ие болды. Олардың қатарында Жанар Арыстанбекова, Райгүл Қашқанова, Ләйлә Темірбаева, Бақыт Қорабаева Баян Құсманова бар.
«Жан ана - өмірдің шырағы,
Есімі Отанның анадан тұрады.
Құлақ сал сөзіме, құрбылар,
Ананың ақ сүтін ақтаңдар!
Құлақ сал сөзіме, бауырлар,
Ана атын ардақтап, мәңгілік сақтаңдар!» - деген әкем – Ықылас Қамысбай өлең жолдары арқылы Ұлағатты ұстаз Рауза Асқарқызы аруағының алдында тағзым етемін.
Құрметті ұстаздар!
«Шәкірт біткен дәрісіңе сүйінді,
Құшағыңа гүл алғыс боп үйілді.
Құтты болсын мерекеңіз кәсіби,
Шаттық күйі жатсын кернеп үйіңді» - деп ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, отбасыларына береке тілеймін.
Жанат ӘБІЛДИНОВА.

