273 КОМПЬЮТЕР СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

Елбасының «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстандағы барлық азаматтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғанысын нығайтуға зор көңіл бөлу керектігі баса айтылған болатын. Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі қайырымдылық шаралары қолға алынуда. Әсіресе, ел ертеңі болар жас ұрпақтың қатарынан қалмай, сапалы білім алуына жағдай жасауға ерекше мән берілуде. Соның дәлеліндей, жаңа оқу жылының басында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен үйде білім алатын мүгедек балаларды компьютерлермен қамтамасыз ету жөнінде акция өткізілген болатын. Нәтижесінде, «Павлодар – біздің ортақ үйіміз» қоғамдық бірлестігінің ықпал етуімен «Богатырь-Көмір» фирмасы 273 жарымжан баланың әрқайсысына жаңа компьютер сыйға тартты. Жақында облыстық білім беру басқармасы тарапынан арнайы топ құрылып, мүгедек балғындар игілігі үшін ұсынылған жаңа үлгідегі компьютерлерді өз иелеріне табыс етті. Олармен бірге программист мамандар да барып, компьютерлерді құрып берді.

 

Облыстық білім беру басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Шәрбат Жұмаділова бастаған топ Баянауыл ауданына жол тартып, ондағы он мүгедек баланың қуанышымен бөлісті. Алдымен олар осы ауданға қарасты Майқайың кентіндегі №1 қазақ мектебінің үйде білім алатын Қалихан Омар, Мүтәлімхан Дәрігергүл және Уатхан Бақытбек есімді оқушылардың үйлеріне барып, жағдайларымен танысып, сыйлықтарын табыстады. Үшеуі де көп балалы отбасынан. Компьютер сатып алуға көптен қол жеткізе алмай жүрген балғындар қуанышында шек болмады. Компьютерлі болатындарын естіген олар қуанғанынан маңайындағы көрші-қолаңның бәріне жар салып, сүйінші сұрап та үлгеріпті. Бауыр еті баласының осылайша бір сәт те болсын бар қиындықты ұмытып, бақытқа толы шат жүзін көрген аналардың көңілдері босап, көздеріне еріксіз жас ірікті.

Бұдан соң қайырымдылық жүгін арқалаған аталмыш топ Баянауыл ауданының кішкентай тұрғыны, 5 сынып оқушысы Совет Айболдың үйінде болып, компьютерін табыс етті. Осыдан екі-үш жыл бұрын көлік апатына тап болған Айболдың бас сүйектеріне бірнеше рет күрделі операция жасалған екен. «Баламның қарайып қасымда отырғанына шүкіршілік етемін. Оны елеп-ескеріп, заман талабына сай мазмұнды білім алуы үшін қолдау көрсетіп жатқан парасатты азаматтарға алғыс айтамын», - дейді анасы Дәмен Жармағанбетова. Мектептің үлгі тұтар оқушыларының қатарынан көрінген Айболдың оқу-білімге деген құлшынысына риза болған ұстаздары оның бұл қуанышына ортақтасып, компьютеріне көрімдіктерін де ала келіпті. Айболдың әжесі қазақы салт бойынша шашу шашып, келгендерге ақ батасын берді. 

Жарымжан балаларға жақсылық әкелген қайырымдылық шарасы аудандық оқу бөлімінің ғимаратында жалғасын тапты. Мұнда Баянауыл ауданына қарасты Теңдік ауылындағы Ак. Қ.Сәтбаев атындағы  мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің 8-сынып оқушысы Оразбек Данагүл, Қаражар ауылындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Ыдырысова Самал, Жуантөбе ауылындағы Ж.Аймауытов атындағы орта мектептің               2-сынып оқушысы Талғат Асқар және Күркелі ауылындағы Қ.Кемеңгеров атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Абай Тоғжан есімді мүгедек балалардың компьютерлері ата-аналары мен мұғалімдеріне табысталды.

Аталмыш топ аудан орталығындағы №2 мектептің 9-сынып оқушысы Мүбәрак Азаматтың, одан кейін С.Торайғыров ауылының бөлімшесінде тұратын 11-сынып оқушысы Жанабай Жаннұрдың үйіне барып, сыйлық тапсырды. Жаннұрдың анасы, жеті бала өсіріп отырған Дариға Шалданова: «Қыз баланың болашағы үшін қатты алаңдаймын. Осындай мүгедек балаларға қамқорлық көрсетіп, көңіл бөліп жүрген иманжүзді азаматтардың жақсы істерін көргенде өзімді жұбатып қоямын. Қарапайым халық қамын ойлайтын басшыларымыз аман болса, ешкімнен кем болмаспыз»,-деді.

Осылайша, көптеген балалар үшін арманға айналған, кез-келгеннің қолы жете бермейтін жаңа компьютерлерге ие болған мүгедек жеткіншектер енді үйлерінде отырып-ақ еш алаңсыз ел қатарлы білім алады. Себебі, облыстық білім беру басқармасы мамандарының айтуынша, әр бала оқу пәндері бойынша электрондық оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бұл балалар үшін «Start» тарифтік жоспары бойынша кең жолақты интернет желісіне тегін қосу мәселесі де шешімін табады. Аталған жұмысты ұйымдастыру үшін «Қазақтелеком» АҚ-ның Павлодар облыстық телекоммуникациялар дирекциясына интернет желісіне қосуды қажет ететіндердің тізімі жіберілген.

 

                    Нұржайна ШОДЫР,

Баянауыл ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31