Ұрпақ тәрбиелеу жолында елеулі еңбек етіп, аянбай тер төгіп жүрген ұлағатты ұстаздар көп. Солардың бірі – Лебяжі ауданына қарасты Бесқарағай жалпы орта білім беру мектебінің еңбекке баулу, бейнелеу пәнінің мұғалімі әрі қолөнер шебері Асанов Қанат Қайроллаұлы.
Ол 1959 жылдың көктемінде Лебяжі ауданы, Бесқарағай ауылының №1-ші бөлімшесінің Подпуск қыстағында дүниеге келеді. Осындағы 1 Мамыр сегіз жылдық мектебін, кейін 9-10-шы сыныптарды Бесқарағай ауылындағы орта мектептен бітіріп шығады. Сөйтіп, бала кезінен бастап ұстаз болуды армандаған Қанат Қайроллаұлы алдына қойған биік мақсатына жетіп, 1985 жылы өзі білім алған сегіз жылдық мектепке дене тәрбиесі және еңбекке баулу, бейнелеу өнері пәндерінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Аталмыш білім ордасында он екі жыл үздіксіз еңбек еткен ол кейін Бесқарағай жалпы орта білім беру мектебіне ауысып, сонда ұстаздық қызметін жалғастырады.
Бір емес, бірнеше пәннен сабақ беріп, оқушыларды еңбекқорлыққа, спортпен айналысуға баулып, қолөнер шеберліктерін шыңдаған Қанат Асановтың әр ісі - ұрпаққа үлгі. Себебі, одан тәлім алған шәкірттердің көбі бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп, ауыл тұрғындарын қуантуда. Еңбектегі ізгі істерімен көпшіліктің ықыласына бөленген ардақты ұстаздың жеке басының да жетістіктері жоқ емес. Мәселен, 2007 жылы Павлодар облысының 70 жылдығына арналған Қазақстан халқы мәдениеті мен өнерінің ХІ облыстық фестивалінде ұлттық қол өнерін дамытуға қосқан үлесі және жоғары деңгейде жасаған шеберлігі мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін Алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне орай білім беру мекемелерінің ұстаздар қауымы арасында өткізілген облыстық бейнелеу өнері шығармашылығы байқауынан үшінші орын, өткен жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай облыстық білім беру мекемелерінің ұстаздар қауымы арасында ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным!» атты бейнелеу өнері сайысынан бірінші орын иеленген. Сондай-ақ оған аудандық және облыстық деңгейде өткен түрлі шараларға шәкірттерін дайындағаны үшін Алғыс хаттар да жолданған. Осылайша, көптің құрметіне бөленіп жүрген еңбекқор ұстаз шеберлігінің арқасында талай белестерді бағындыруда. Кейбіреулер оны ұлағатты ұстаз ретінде таныса, енді біреулері шебер ретінде жақсы біледі. Ұстаздық жол мен шеберлік өнерді қатар бағындырған Қанат Асанов: «Ұстаздық етуді жаным қалады. Өзіміздің қара домалақтарға қолымнан келгенше қолданбалы өнердің қыр-сырын үйреттім, икемдеттім, тұңғыш өнімдерін жасауға қол жеткіздірдім. Жалпы, шеберлік өнеріме келер болсам, ағып жатқан бұлақтың бастау алатын өз көзі болатыны сияқты әрбір үлкен істің, қажырлы еңбектің де бастау алатын өз жолы болады. Шеберлігіме қозғау салған арысы нағашым Мұқатов Саздаттан қонса, берісі Ертіс жағасындағы тоғайлы табиғаттың әсері болды деп түйемін. Нағашымның ағашқа деген әуестенушілігі, сонымен бірге ағаштан түйін түю шеберлігі көз алдымда өтіп жататын. Қолыма құрал ұстағаннан шығармашылығыма шек қоймадым. Ағашты аздық еткеннен соң, әуестігім қаңылтырға, бейнелеу өнеріне ауа бастады. Осы жолда еңбектенуге бекем бел будым», - дейді.
«Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға»,-деп ұлы Абай айтқандай, қиыны мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолында шәкірттердің білімдерін ғана емес, шеберліктерін де шыңдап, жаңа өмірге бейімделулеріне бағыт-бағдар көрсеткен Қанат ұстаздың кейінгі жас буын үшін әлі де берері мол.
Нұржайна ШОДЫР.


