Ұстаз - ұрпақты тәрбиелеп өсіруші әрі қоғам сенген өкіл. Ұстаздық қызметтің қыры мен сыры мол, сан қилы және әр тарапты. Ұлы Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толы боласың, елден ерек», - деп айтып кеткеніндей, осы қасиетті бойына сіңірген, өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, игілікті істерге бар күш-жігерін жұмсап жүрген тәжірибелі де білімді әрі білікті ұстаз Сираж Ахметжанұлы туған халқына деген қалтқысыз еңбегімен, оқу-ағарту саласы мен ұрпақ тәрбиесіне мол үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Сираж Ахметжанұлының әкесі Ахметжан Смағұлұлы кезінде «Түйе мұғалім» атанып, Шұға ауылының ұлағатты ұстазы болғанын ауыл тұрғындарының бәрі біледі. Ауыл молдасынан арабша білім алған Смағұл ақсақал кейіннен КСРО-ның оқу үздігі Хасен Шаяхметовпен бірге Омбы семинариясында оқыған. Сол Ахметжан атаның жалғыз ұлы Сираж бала жасынан білімге құштар болып өскенін ауылдың көнекөз қариялары жиі айтып отыратын. Хабаровск қаласында әскери міндетін атқарып келген Сираж Ахметжанұлы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдайды. 1982-1984 жылдары Жаңаталап орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі міндетін атқарып, 1984-2002 жылдар арасында 18 жыл бойы мектеп директоры қызметін атқарады. Мектеп өмірін жандандырып, жас ұрпаққа терең білім мен саналы тәрбие беруде, мектеп ұжымымен және ата-аналармен қоян-қолтық жұмыс жасай білді. Осы еңбек еткен жылдарда Ж.Садуова, Н.Искаков, М.Секенова, А.Уәлиханова, Ж.Симтикова сияқты шәкірттері тарих пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап, мектептерде дәріс беріп жүр, соңғы жылдарда мектеп оқушылары Б.Шілтібаева, ФӘміренов, Н.Мұқан, Д.Мейрамов аудандық, облыстық олимпиада және қашықтан оқыту олимпиадасының жеңімпаздары атанды. Мектептің бес үздік оқушысы Павлодар облыстық «Ертіс Дарыны» аймақтық ғылыми тәжірбие орталығында тарих пәні бойынша сырттай оқып жүр. Мұның бәрі Сираж Ахметжанұлының тынымсыз еңбегінің арқасы және шәкірттеріне талап қоя білуі екені анық.
Сираж Ахметжанұлы - ардақты ұстаз ғана емес, халық әндерін қазақтың қара домбырасында нақышына келтіре орындайтын дәстүрлі әндерді айтудың шебері. Бұл ретте ол белгілі ақын М.Шахановтың халыққа танымал әндері мен термелерін аудан, облыс көлемінде шебер орындап, ел көзіне түсе білген сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін танытып жүр.
Бар өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған Сираж ұстаздың тыңғылықты еңбегі елеусіз қалған жоқ. Осы жылдар ішінде ол Қазақстанның 60 жылдық мерейтойына орай Павлодар облыстық мәдениет басқармасының «Құрмет грамотасымен», Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданының қоғамдық, саяси және мәдени өміріне белсене араласқаны үшін аудандық партия комитетінің «Құрмет грамотасымен», 1980 жылы атақты әнші-сазгер Е.Беркімбаевтың әндерін орындау бойынша өткен аудандық байқауда бас жүлдеге ие болды. 1986 жылы Краснокутск аудандық оқу бөлімінің «Алғыс» хатымен, 1988 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінің «Құрмет грамотасымен», ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және өңірдің қоғамдық–саяси өміріндегі белсенділігі үшін аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушыларды сапалы дайындағаны үшін аудандық білім бөлімі бастығының марапатына ие болды. ҚР Тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған Қазақстан халықтары мәдениеті мен өнерінің Х облыстық фестиваліне қатысқаны үшін де ерекше қошеметке бөленді.
Сираж Ахметжанұлы - абзал аға, ұлағатты ұстаз, шебер дәріскер ғана емес, тарих айдынындағы майталман маман. Оның әдістеме саласындағы еңбекқорлығы мен көсемсөз көшіндегі шеберлігі де жалпыға аян.
С.СЕЙІЛХАНОВА,
Ақтоғай ауданы, Шұға ауылы.

