Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде «Қазақстанның болашақ білікті мамандарына арналған Президенттің «Кәсіпқор» бірыңғай командасының стипендиясы» атты акция шеңберінде стипендияларды табыстау шарасы өтті. Оған мемлекеттік органдар өкілдері, облыстың техникалық және кәсіптік білім беру орындарының дирек-торлары мен студенттер қатысты.
Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының бюджеттен тыс қаражаты есебінен білім алуы үшін әлеуметтік қорғалмаған жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған акцияға қатысқан жастардың 63-і Президенттің «Кәсіпқор» бірыңғай сертификатына ие болды. Стипендианттар оқу үрдісі барысында 3 жыл бойы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Салтанатты іс-шара сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің мәртебесі мен беделін арттыруға бағытталды.
Нұргүл Байболатова – Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің үшінші курс студенті. «Кәсіпқор» бірыңғай стипендиясының иегері. Болашақта ұстаздық қызмет атқаруды көздеген Нұргүл 80 жылдық тарихы бар білім ордасында оқып жүргенін мақтан ететінін жеткізіп, алдағы уақытта еліне қызмет ететін білікті маман болып шығатынына уәде етті.
Өздерінің білімге деген құштарлығы мен үздік оқулары арқасында жақсы мүмкіндікке ие болған студенттерді қаламыздың өнерпаздары құттықтап, музыкалық сәлемдерін жолдады. Мадина Адамова, Айгерім Қошымбекова, Алтынбек Валиев және «Жанр» вокалдык ансамблінің өнерпаз жастары мерекенің сәнін келтірді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

