Мектеп - білімнің алып кемесі. Осы алтын ұя қабырғасынан талай ұлылардың, ғалымдардың үлкен өмірдің айдынына тұсауы кесіліп, қанат қағары сөзсіз. Ғылым кәусарынан сусындаған жас өркеннің рухты да ұранды, ел іргесіне тіреудей азамат болып қалыптасуына бірден-бір жол ашар қақпа ол – қастерлі кітапхана екені анық.
Кітапхана – мектептің бір жүрегі. Ал, осы білім мен ілімнің ұйыған ордасының жүрегі болып білдей жиырма бес жыл қызмет еткен ұлағатты апайларымызды қалай құрметтеп, мадақтасақ та жарасады. Қашан да мектептің мерейлі іс-шараларын, көңілді кештерін, салтанатты жиындарын өткізіп, рухты әндер мен сырлы өлеңдер оқытып, қаламын таланттың сия сауытына жаңа малған жас өркендердің талабына қанат бітіріп, өнегелі, өнерлі ортаның ұйытқысы болып жүрген Бөпежан Мұқанқызы өз ісінің майталманы.
Ақтоғай ауданындағы Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде ұзақ жылдар қызмет етіп, оқушылар мен ұстаздардың қажет болған әрбір оқулығына қамқор болып жүрген Бөпежан апайға оқырмандардың алғысы зор. Ортасына сыйлы, өзінің кең де кішіпейіл мінезімен, сондай-ақ, айтарын айқын айтатын өжеттігі, жұмысына аса тиянақтылығымен 17 300 кітап қоры бар мектеп кітапханасында талмай еңбек етуде.
Осы уақытқа дейін Бөпежан апайдың мектеп ішінің рухани кештерін аудандық, ауылдық кітапханаларда өткізіп, өнерлі оқушыларды жетелеп жүргеніне куәміз. Атап айтар болсақ, тек былтырдың өзінде дәстүрлі «Тәуелсіздік мерекесі», «Жігіт сұлтаны», «Жеңіс күні» мерекелерімен қоса «Ана тілім – асыл мұрам», «Ұлдың дарақы, қыздың қиаңқы болып өсуіне кім кінәлі?» секілді тақырыптарда түрлі тәрбиелік сағаттар өткізді. Мұндай шаралардың оқушы қауымға тәрбиелік әрі рухани маңызы зор екендігі түсінікті.
Өмірінің үлкен бір бөлшегін осы салаға арнаған апайымыз бүгінде үш баланың ардақты анасы, Амангелдідей ел ағасының асыл жары. Бөпежан Мұқанқызы өзінің қызметіне, жұмыс жасайтын ұжымына, өнерлі шәкірттері мен оқырмандарына дән риза екендігін айтады.
Қазіргі ғылым қарыштап, ғалам жаһанданып, жастар санасы электроника, ғаламторға ауған тұста кітапханада қызмет етіп, оқырмандарын азайтпай отырудың өзі бір ерлік. Бөпежан апайдың да жасап жатқан игі істерін батылдық деп санаймыз.
Жарқынбек АМАНТАЙ,
Абай атындағы орта мектеп,
Ақтоғай ауылы.

