Баянауыл ауданы №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде «Біз жанбасақ...» атты оқушыларға арналған ғылыми қоғам жұмыс істейді. Мектеп оқушыларының ғылымға қызығушылықтарын арттыруға бағытталған қоғамның негізгі міндеті - сыныптан тыс және үйірмелік жұмыс жүйесін оқу-тәрбиелік үрдіспен байланыстыра отырып ғылыми жұмыстар атқару.
Білім ошағы бірнеше жыл қатарынан облыс орталығындағы «Ертіс-дарыны» ғылыми-тәжірибелік орталығымен тығыз қарым-қатынаста. Ауылдық мектепте білім алатын оқушыларды тәрбиелеу, оларды ғылым жолына дайындауда бұл орталық маңызды қызмет атқаруда. Облыс немесе аудан көлеміндегі түрлі ғылыми-интеллектуалдық марафондар, ғылыми жобалар сайысы, олимпиадалар, сырттай мектеп сынды шараларға қатысуға көмек көрсету орталықтың басты мақсаттарының бірі. Мектеп оқушылары көптеген білім сайыстарына қатысып, мектебіміздің мәртебесін арттырып отырады. Осындай дарынды оқушыларымыз бен білікті мұғалімдеріміздің арқасында мектеп 2008-2009 оқу жылында «Ертіс-дарыны» ғылыми тәжірибелік орталығының «Бәсекеге қабілетті оқушыларды дайындағаны үшін» және «Ең үздік олимпиадалық ауыл мектебі - 2010» номинацияларына ие болды. Ал 2009-2010 оқу жылының қорытындысы бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден 118 ұпай жинаған Жұлдыз Ыбытаева «Алтын белгі» иегері атанып, мектептің мәртебесін арттырды. Майқайың орта мектебі осындай жетістікке қол жеткізген оқушыларын мақтан етеді.
Мүбарак АСЫЛХАН,
№1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің оқу ісінің меңгерушісі.

