Үстіміздегі жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге аудан бойынша 298 түлек қатысты. Аудандық білім беру бөлімінің мәліметіне сүйенсек, тестілеу нәтижесі бойынша 2010 жылғы түлектер былтырғы жылғы мектеп бітірушілермен салыстырғанда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Осы оқу жылында ауданның жалпы орта білім беретін 20 мектебінен 11-сыныпты 356 оқушы тәмамдады. Олардың қатарында ҰБТ тапсыруға 304 оқушы өтініш білдіріп, 52-сі мемлекеттік емтихан тапсыруды қалаған.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданның орташа балы 80,5 болып, өткен жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға өскендігін көрсетті. Жалпы орта білім беретін мектептер қатарында ең жоғары 94,2 балл М-Ж.Көпеев атындағы орта мектептің еншісінде, З.Ақышев атындағы орта мектеп 88,44 балл жинап, екінші сатыдан көрінсе, №2 орта мектебі 87,96 баллдық көрсеткішпен үшінші орынға ие болды.
«Алтын белгіге» үміткер 12 мектеп бітірушінің 9-ы өз білімін нақтылады. Ал өткен жылы мұндай жоғары жетістікке 5 оқушы қол жеткізген болатын. «Үздік аттестатқа» бір түлек ие болды.
Тест тапсырушылардың қатарында 49 оқушы 100 және 100-ден жоғары балл жинады. Аталған нәтижелер байқатқандай, осы жылы ауданымыздағы ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда жоғары деңгейден көрінді. Түлектердің бұл табысы мұғалім мамандардың еңбегі десек, артық болмас.
Айнұр ҚУАТҚЫЗЫ.
Баянауыл ауданы.

