ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖОЛЫН АШТЫ
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «ІV Торайғыров оқулары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға еліміздің және Ресейдің Санкт-Петербург қалаларынан ғылым қуған студенттері мен оқушылары, оқытушылары мен жас ғалымдары қатысты.
Алдымен конференцияға қатысушылар пленарлық отырыста бас қосты. Отырыста тарих ғылымдарының докторы, профессор, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Роза Қадысова көпшілікті конференцияның ашылуымен құттықтап, университет ректоры, э.ғ.д., профессор Ерлан Арынның алғы сөзін оқып берді. Сондай-ақ, пленарлық отырыс барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология және журналистика факультетінің деканы әрі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Арап Еспенбетов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының академик М.Қозыбаев атындағы тарихи және әлеуметтік саяси зерттеулер ғылыми орталығының директоры Мұхтарбек Кәрімов, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Меңдігүл Шындалиева, филология ғылымдарының докторы, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың профессоры Қуандық Пазылұлы Жүсіп және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры Жандос Әубәкір Алаштың арысы С.Торайғыров туралы баяндама жасады. Сұлтанмахмұт шығармаларын зерттеуші ғалым Арап Слямұлы ақынның «Кім жазықты» романының шығу тарихына тоқталды. «Романдағы оқиғалар желісі Сұлтанмахмұттың өз өмірінен алынған. Бағила атты сұлу қызға ғашық болған ол сүйгеніне қосыла алмайды. Қос ғашықтың бір болмауына сол кездегі қазақ арасындағы әмеңгерлік, қалың мал сияқты дәстүрлер кедергі болған. Міне, Сұлтанмахмұт өз өмірінің желісімен барша қазақ жастарының басындағы өзекті мәселені көтере білді»,- деді өз сөзінде Арап Слямұлы. Ал Қуандық Пазылұлы Жүсіп ақынның өлеңдеріндегі көркемдік құралдарға кеңінен тоқталып, бірнеше туындысын ел алдында талдап берді. Астанадан келген ғалым Меңдігүл Шындалиева Сұлтанмахмұт Торайғыровтың журналистік салада атқарған қызметі мен публицистикасын сөз етсе, Жандос Әубәкір Абай мен Сұлтанмахмұт шығармаларындағы ұқсастықтарды зерделеп, қауымға түсінікті етіп жеткізе білді. Мәртебелі меймандарға университет ұжымы шығарған С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Асау жүрек» атты алты томдық жинағы және ақынның тұлғалық энциклопедиясы тарту етілді. «Тұлғалық энциклопедияны шығару үшін С.Торайғыров атындағы ПМУ еліміздің барлық жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас жасады. Жалпы энциклопедияға әйгілі жерлесіміздің жарыққа шықпаған тың дүниелері, журналистік салада қызмет жасаған уақыттағы мақалалары және ақынға қатысты көптеген мәліметтер енгізілді»,- деді С.Торайғыров атындағы ғылыми орталықтың қызметкері Нұрлат Байкенже.
Пленарлық отырыстан кейін «С.Торайғыровтың тарихи, саяси және философиялық көзқарастары», «С.Торайғыров поэзиясы: салт-дәстүрлер және жаңашылдық», «С.Торайғыров және қазақ тіл білімі мен әдебиетінің кейбір мәселелері», «С.Торайғыровтың журналистік, редакторлық және публицистикалық қызметі» деген тақырыптарда секциялық отырыстар өтті. Секцияға қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығын, қызметтік жолын кеңінен зерттеп, Сұлтанмахмұт қаламынан туған дүниелер қазақ әдебиетімен мәңгілік жасай беретіндігін айқындап берді. Әрбір секциялық отырыстан кейін жүлдегерлер марапатталып, университет ұжымының атынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Конференцияның салтанатты жабылу рәсімі концерттік бағдарламаға ұласты.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

