Кеше Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында Президенттік олимпиаданың аймақтық кезеңі басталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ұйымдастырылып отырған білім додасы республика көлемінде осымен үшінші рет өткізілуде. Олимпиада алдымен аймақтық, республикалық, бұдан кейін республикалық қорытынды деп аталатын үш кезең бойынша ұйымдастырылады. Сондай-ақ оған еліміздегі мектептердің 11-ші сыныптарында ғана оқитын ең дарынды, білімді оқушылар қатысып, физика, математика, химия және биология пәндерінен бақтарын сынайды.
Президенттік олимпиаданың аймақтық кезеңіне Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен облысқа қарасты барлық аудандардан тоқсанға жуық талантты оқушы қатысты. Олардың арасынан жүзден жүйрік атанғандары бүгін өтетін республикалық Президенттік олимпиадаға қатысып, білімдерін таразылайтын болады. Ал аталмыш кезеңнен сүрінбеген білімді жастар Астана қаласында өткізілетін республикалық қорытынды кезеңге жолдама алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олимпиаданың басты мақсаты - болашақ мектеп түлектерінің арасынан дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету.
Президенттік олимпиададан жүлделі орын иеленген жастарға Елбасының «Болашақ» бағдарламасынан тыс, «Болашақ» шәкіртақысы мен жоғары оқу орындарына өзі қалаған мамандығы бойынша оқу гранты тағайындалады. Атап өтерлігі, өткен жылы екінші Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде биология пәні бойынша қола медаль алған павлодарлық Александра Охотникова оқу грантын иеленіп, қазір Алматы қаласындағы Әль-Фараби атындағы ұлттық университтетте білім алуда.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты да олимпиадаға қатысқан ауыл балаларының арасынан үш білімді оқушыға тегін оқу грантын ұсынбақ.
Нұржайна ШОДЫР.

