Павлодар қаласының №24 орта мектебінде қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының ұйтқы болуымен дөңгелек үстел шарасы өтті. Оған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті әлеуметтану және саясаттану кафедрасының оқытушылары, мектептің тарих пәнінің мұғалімдері мен қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының өкілдері қатысты.
Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті Талғат Мамырайымов аталмыш тақырып бойынша баяндама жасап, еліміздегі ұлттық-саяси жағдайларға нақты тоқталып өтті. Қазақстан Республикасындағы түрлі ұлт өкілдерінің бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүріп, еліміздің гүлденуіне септігін тигізіп отырғанын тілге тиек етті.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру және насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған жиын барысында «Тұрақтылық – гүлдену кепілі» атты тақырыпты арқау еткен пікірталас өтті. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті базасындағы дарынды балаларға арналған көпсалалы лицей оқушылары тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
А.ЕСІМХАНОВА.

