Елбасының білім беру саласына қатысты берген тапсырмаларын жүзеге асыруға Павлодар қаласының әкімдігі сүбелі үлес қосуда. Атап өтерлігі, Павлодар қаласында жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына баса мән беріліп, мол мүмкіндіктер жасалуда.
Шаһар балаларының заман талабына сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалған жаңа білім ордаларының бірі-Усолка мөлтек ауданындағы №25 қазақ орта мектебі. Ол бүгінгі таңда республикадағы таңдаулы мектептердің қатарынан көрінуде.
Материалдық базасы заман талабына сай...
Қабырғасы қаланғанына төрт жылға жуық уақыт болған №25 мектеп негізінен 1078 орынға лайықталып салынған. Алайда көркі көз тартатын зәулім ғимаратта қазіргі уақытта 1300-ге жуық оқушы білім алады. Мектепте барлығы 53 сынып кешені бар. Оның 21-і - гимназиялық сыныптар. Жалпы, мектептің материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Мұнда 5 лингафон кабинеті, 9 интерактивті тақта жұмыс істейді. Сондай-ақ 84 компьютер бар. Он үш балаға бір компьютерден келеді. Бұл - республикалық көрсеткіштен жоғары. (республикалық көрсеткіш бойынша 33 оқушыға бір компьютерден тиесілі.) Шәкірттердің онлайн режимінде білім алуы үшін 2 мультимедиялық кабинет ашылған. Мекеме толығымен интернет желісіне қосылған. Мектеп ішіндегі кітапхана қоры да бай. Сондай-ақ мұнда 63 оқу кабинеті мен зертхана қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, балалардың бәсекеге қабілетті білім алуы үшін жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар осында қызмет істейтін мұғалімдердің басым бөлігі - жоғары білімді. Мәселен, мектепте 97 мұғалім болса, оның 88-і - жоғары білімді мамандар, ал орта арнаулы білімі бар 9 мұғалімнің үшеуі жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда.
Білім ордасында ұрпаққа үлгі болар ұлағатты ұстаздар көп. Еңбегін елі елеген сондай жандардың қатарында «Білім беру ісінің үздігі» атанған мектеп директоры Бұлғын Жалмағамбетова, Сәуле Мүсәлімова, Руза Ангаева, Гүлсім Қайырбекова, «Ы.Алтынсарин» атындағы медаль иегері Зәмзәгүл Оразаева және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын алған өзге де бірқатар мұғалімдер бар. Осындай еңбекқор, тәжірибелі мұғалімдерден білім алған оқушылар облыстық, республикалық деңгейде өткен түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуде. Айталық, мектеп оқушылары республикалық «Ақыл-ой Одиссеясы» бағдарламасынан екі жыл қатарынан кубокты жеңіп алған. Өткен оқу жылында халықаралық «Дельфилік ойындар» байқауынан алтын медаль иегері атанған. Жекелеген оқушылардың да халықаралық деңгейде өткен олимпиадалардан алған жетістіктері жетерлік.
Мектеп ашылғаннан бергі бірнеше жылда ҚР Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Спорт және туризм министрліктерінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, толайым жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген.
Мұндай заманауи білім ордасы мен білікті ұстаздар білімді болашақтың кепілі екені сөзсіз.
Салауатты өмір салты - дені сау ұрпақ кепілі!
Көркі күннен-күнге көз тартып келе жатқан жаңа мектепте оқушыларға сапалы білім берумен қатар олардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін де барлық жағдай жасалған. Мектепте екі спорт залы, бассейн және арнайы жабдықталған күрес залы бар. Білім ордасының жанынан ашылған спорт кешенінде 19 спорттық секция жұмыс істейді. Оқушылар спорттың бірқатар түрлерімен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Бүгінде мұндағы көптеген жас спортшылар республикалық байқауларға қатысып, қанжығаларын майлап жүр. Айталық, биыл мектепішілік «Жас қыран» командасы республикалық баскетбол сайысынан 5-ші, ал футболдан 1-ші орын алған.
Сондай-ақ білім ордасында төрт шеберхана ашылған. Қыздар ас даярлау, іс тігу сияқты үй тұрмысына қажетті шаруаларды үйренсе, ұлдар ағаш, металл өңдеп, ер азаматқа лайық жұмыстардың қыр-сырымен таныс болады. Мектептің тағы бір артықшылығы, мұнда төрт дәрігерлік кабинет жұмыс істейді. Олардың барлығы балалар денінің саулығы үшін қызмет көрсетеді. Сырқаттанып қалған балаларға ем-дом жасалып, екпе жұмыстары да жүргізіледі.
Психологиялық-логопедиялық кабинет те бар. «Қазіргі күні отбасында да, мектепте де балаларға түсетін салмақ жоғары. Кейбір отбасыларының тұрмыстық жағдайы нашар болғандықтан, ол үйде өскен бала өзгелер сияқты ауқатты өмір сүруді армандайды. Кей сәтте өз шаңырағында немесе достарының арасында қысымшылық көретін балалар да кездеседі. Сонымен қатар мектептегі мемлекеттік аралық бақылау, ұлттық бірыңғай тестілеу сынды шаралар оқушыларды қатты алаңдататындықтан, психологиялық кеңес беруге тура келеді. Осы мақсатта әр аптаның сәрсенбісінде психолог мамандар балалармен жеке дара жұмыс істейді»,-дейді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Зәмзәгүл Оразаева.
Мектепте тілі кеміс балалардың сауығуына да баса мән берілген. Логопед маманның көмегімен соңғы бір жылда тілінде кемістігі бар 28 оқушының жағдайы түзетілген. Тағы бір артықшылығы, мұнда балалардың бабадан қалған ұлттық қолөнер түрлерін меңгеруіне мүмкіндік мол. Он саусағынан өнер тамған еңбек мұғалімі Хайса Нәркез үйірме ашып, оқушыларды қураған ағаш, гүлдің тұқымы, сүйек, басқа да дүниелерден түрлі сәндік құралдарын жасауға, ұлттық ою-өрнектерді сыза білуге үйретеді. Аталған үйірме мүшелерінің еңбектері облыстық «Атамұра» сәндік қолөнер көрмесіне және республикалық, халықаралық көрме байқауларына қатысып, жоғары баға алды.
Бұдан басқа бастауыш сыныпта оқитын балалардың тілдік қорын дамытуға арналған «Қуыршақ» театры, «Жасөспірім және заң», «Абайтану», «Мәшһүртану», «Ағылшын тілі», «Ақыл-ой одиссеясы», «КВН және «Дебат»», «Жас қыран» әскери патриоттар клубтары, «Таным» оқушылар ғылыми қоғамы, «Ізашар» олимпиадалық резерв дайындық мектебі және түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оларға мектептің бір мыңға жуық оқушысы қатысып, сабақтан тыс уақытта өздеріне қосымша ілім-білім алады.
«Мұрагер» бағдарламасы оқушылар қызығушылығына ие
Павлодар қаласындағы №25 мектепте оқушылардың атадан қалған асыл мұраларымызбен, ұлттық құндылықтарымызбен сусындауы үшін республикалық «Мұрагер» бағдарламасы жүзеге асуда. Осы мақсатта арнайы «Мұрагер» кабинеті де жасақталған. Атап өтерлігі, бұл бағдарламаның ауқымы кең болғандықтан, балалар үшін берері мол.
Мектеп директоры Бұлғын Жалмағамбетова: «Ұлы Әл-Фараби өзінің «Музыка туралы үлкен кітап» атты еңбегінде музыканың емдік қасиетін, оның адамдарды тәрбиелеудегі жан-жақты әсерін атайды. Оның «Музыка адам жаны үшін өте пайдалы, ол асқақ та әсем сезім тудырады...» деген қағидасын ұстана отырып, мектептің оқу үрдісіне А.Райымбергенов пен С.Райымбергенованың «Мұрагер» авторлық бағдарламасын енгіздік. Аталмыш бағдарламаның мақсаты - халық музыкасы мен халық аспаптарында ойнау ерекшелігі арқылы оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру және дамыту. Бағдарламаның қағидалық ерекшелігі оның мазмұнында, әсіресе, ол ауызекі мәдениетін игеруге бағытталған. Бағдарлама жұмысының бастысы – халық аспаптарында ойнауды үйренудің практикалық курсы, оқушылардың жас ерекшеліктеріне негізделген және домбырада ойнауды нотасыз үйрету, оқушының естіп, тыңдау қабілетіне сүйене отырып, халық педагогикасы қағидасы негізінде іске асырылады. Домбыраға мүмкіндігіне, қабілетіне қарай іріктелмей, барлық балалар бірдей үйретіледі. Бағдарлама - қазақ аңыз-күйлерін тыңдау, домбырада ойнау әдістерін меңгеруге, халықтың салт-дәстүрлерін, ою-өрнектерін, киізден бұйым жасау әдістерін, танымал күйшілердің, сал-серілердің шығармашылығымен танысу, балалардың фольклорлық ансамблін құру сияқты жұмыстарды қамтыған кешенді пән», - дейді.
Осылайша, оқушылар қасиетті қара домбыраның сиқырымен ата-баба мұрасын түсініп, оны қадірлеуге, қазақтың ұлы мәдениетін құрметтеуге үйренеді. Тіпті, сабақта балалар музыкадан алған әсерлерін суретке түсіру, ою салу сияқты іс-әрекеттер де жасайды екен.
«Мұрагер» пәнінің мұғалімі Айгерім Жәлелова: «Мектеп «Мұрагер» бағдарламасымен 3 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. Оқу жылы басында осы бағдарламаны оқыту үшін 6-сынып берілді. Бастапқы күннен-ақ оқушыларда сабаққа деген қызығушылық байқалды. Әсіресе, 1-сынып оқушылары сабақты мұқият тыңдап, үнемі белсенділік танытып отырады. Мұның себебі, 1-сынып бағдарламасы тек қызықты аңыз-күйлерден құралған, сондықтан болар, олар сабаққа аса жауапкершілікпен қарайды. Осы аз уақыт ішінде оқушылардың музыкаға деген ынтасы артып, халықтың саз аспаптарының тембірін ажырата білу үшін балалардың қабылдауына жеңіл әрі қызықты аңыз-күйлер орындалды. Сондай-ақ естіген аңыз - күйлерін бейнелеу арқылы оқушының шығармашылық қиялы дамиды. Бірінші жылғы қорытынды бойынша оқушылар «Еркем-ай» әнін домбыраның сүйемелдеуімен айтуы керек еді. Әрине осы тұста біраз қиындықтар туды. Мұның себебі оқушылардың туа біткен қабілеттеріне байланысты ма деймін. Себебі бір оқушы күй мазмұнын айтып бере алса, бірі сабақ үстінде белсенділік танытпаса да, домбыраны бірден алып кетті. Оқушылар бұл пән- музыканы меңгеріп қана қоймай, үлкен еңбек пен шыдамдылықты керек ететін сабақ екенін түсінді. Қорыта келгенде, қазақ баласы нағыз ұлтжанды, Отанымыздың біртуар азаматы болуына бағдарламаның қосатын үлесі ұшан –теңіз», - дейді.
Жақында мектептің ұйытқы болуымен «Жоғары оқу орындары мен орта мектептерде «Мұрагер» бағдарламасы бойынша үздіксіз білім берудің жаңа жүйесі» деген тақырыпта семинар ұйымдастырылған. Оған бағдарлама авторы А.Райымбергенов арнайы келіп, шеберлік сыныптарын өткізіп, балалардың аяқ алысына оң баға беріпті.
Нұржайна ШОДЫР.



