«Батыр Баян» поэмасы – қазақтың классик ақыны Мағжан Жұмабаевтың шоқтығы биік шығармаларының бірі. Сталиндік репрессияның құрбаны болған Мағжанның бұл шығармасы халқымыздың аяулы перзенті батыр Баянның қалмақтарға қарсы соғыстағы ерлігі, отансүйгіштік қасиеттері, елінің бақыты жолындағы азаматтық парызын абыроймен өтеуі туралы жырлайды.
-Біз Мағжан Жұмабаевтың осы поэмасына арналған шараны өткізуді жоспарладық, - дейді Павлодар қаласындағы «Замандас-Павлодар» қоғамдық қорының директоры Қабидолла Шәкәрімов. – Оған дайындалу кезінде өз басым ақынның өмір жолы, шығармашылық қызметін тереңірек білдім. Шындығын айтсам, ақынға жасалған зорлық-зомбылық, қудалау жанымды күйзелтті, жүрегімді ауыртты. Жауыздықтың қанды қолы ақын өмірін үзді. Тірі болса, қаншама дүниелер тудырар еді. Егер Мағжандар сияқты ғұламаларымыз репрессия құрбаны болмай, тірі қалса, біздің халқымыздың әдебиет, өнер саласындағы деңгейі бүгінгіден де биік болар еді деген ой келгені рас...
Бұл шараға облыс жұртшылығының өкілдері шақырылған екен. Олар бүгінде есімі көпке белгілі жыршы Даниял Әсеновтің орындауында «Батыр Баян» поэмасын тыңдауға келді.
Поэманы оқырдың алдында қысқаша сөз сөйлеген Даниял Әсенов:
-Сонау елуінші жылдары, кеңестік өкіметтің қылышынан қан тамып тұрған кезінде, жерлес атақты ақын Нұрлыбек Баймұратов ел арасында «Батыр Баянды» толық жатқа айтып жүретін. Мен Нұрлыбектің осындай ерлігіне қайран қалатынмын. Кейінірек, сексенінші жылдар аяғында сталиндік репрессия құрбандары болған қазақ ақын-жазушылары ақталғаннан кейін олардың шығармасына ден қойдым. Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын өзім толық оқып, өлеңдері мен поэмаларын халыққа жеткізуді азаматтық парызым деп санадым, - деп ағынан жарыла сөйледі.
Жыршы атақты шығарманы шеберлікпен жатқа оқып берді. Тыңдаушысын еліктіріп әкеткені сондай, үлкен шығарманы жұрт сүйсіне тыңдап, бір сағаттан астам уақыттың тез өте шыққанына таң қалды.
Тағы бір атап өтетін жәйт, поэманың бірінші және екінші бөлімінің арасында Павлодар педколледжінің оқытушысы Айсұлу Мұқанова домбырамен күй шертіп, әрі ән шырқап, поэзия мерекесін шалқыта түсті.
Қашанда халқымыздың әдебиеті мен өнері жолында алдыңғы қатардан көрінетін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана бұл кездесуге арнап «Мағжан – шашасына шаң жуытпаған лирик» деген айдармен М.Жұмабаевтың кітаптарының көрмесін ұйымдастырыпты. Осы кітапхана қызметкері Назым Шәйкенова классик ақынның шығармашылығы және өмір жолы, бұл тақырыпты зерттеушілер туралы әңгімелеп берді.
Жұрт жыршының жатқа оқыған «Батыр Баян» поэмасын тыңдап болған соң:
-Туу, Қазақстанның көрікті өңірі Көкшетау көз алдымызға елестеді ғой...
-Мағжанның ақындық шеберлігіне тәнті болдық қой, деген риза болған сөздерді айтты.
Осындай игі іс қолдаған ардагер ұстаз Тәжібай Шаймерденов келешекте Мағжан шығармашылығын кең насихаттау қажеттігін, бұл үшін жыршыны қолдау керектігін еске салды.
Тәжекеңді қостаған басқа да ардагерлер Даниял жыршы қала ғана емес, ауылды жерлерде де осылай өнер көрсетсе, мемлекеттік қызметшілер алдында кездессе, қандай тамаша болар еді, деп пікір айтты.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов Даниялға жаңа кітаптарды сыйлап, шығармашылық табыстарды тіледі.
Иә, халқымыз өнерден кенде қалмаған. Нелер атақты перзенттері бар. Соларды насихаттап, елге, әсіресе жас ұрпаққа насихаттау өте маңызды екеніне күмән жоқ.
Еліне еңбегі сіңіп, бүгінде зейнетке келсе де қоғамдық өмірге белсене қатысатын қарттарды біріктіріп отырған «Замандас» клубының ұлттық құндылығымызды дәріптеп, кең таратуға ұмтылысы қуанышты да өнегелі жәйт.
Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ.

