Ақсу қалалық гимназиясына – 10 жыл
Облысымыздың білім саласын дамытуда биік белестерден көрініп, оқыту мен тәрбие беру үрдісінде озық нәтижелерге қол жеткізіп жүрген Ақсу қалалық гимназиясының құрылғанына он жыл толды. Талай шәкірттің қимас алтын ұясына айналған білім ордасының атаулы мерейтойы өткен аптаның жұма күні салтанатты түрде аталып өтті.
Мемлекеттік тілде орта білім беретін Ақсу қалалық гимназиясы облыстағы көш басында келе жатқан оқыту мекемелерінің қатарынан саналады. Балалардың дарынын шыңдап, шығармашылығына жол ашқан мектептің соңғы он жылдағы даму тарихы гимназия директоры, білікті басшы Рымкеш Сламбекованың еңбегімен тікелей байланысты. ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері Рымкеш Хамитқызының іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетінің арқасында аталмыш оқу орны талай белестерді бағындырды. Бүгінге дейін гимназияны тәмамдаған 164 түлектің 18-і «Алтын белгіге» қол жеткізгені осының айғағындай.
Гимназия ұжымы үшін салтанатты мерекеге айналған атаулы күні мектеп ішінен он жылдық тарихты суреттейтін мұражай ашылды. Онда кезінде гимназияда қонақта болған еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім ордасында қызмет ететін үздік ұстаздар мен білім шыңынан көрінген шәкірттердің фотосуреттері ілініп, мекеменің тарихы да жазылып қойған. Рымкеш Хамитқызының айтуынша, мұражайды заманға сай безендіріп, көз тартарлықтай әсем жасап шыққан жергілікті жеке кәсіпкердің бірі.
Атап өту керек, 2009 жылы ҚР Үкімет басшысы К.Мәсімов облысымызға жұмыс сапарымен келгенде, аталмыш гимназияда арнайы болып, үш тілді қатар оқыту бағытындағы жұмыстарына оң баға берген. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдері қатар оқытылады. Облыста санаулы мектептер ішінде жүргізілген «Өзін-өзі тану» эксперименттік пәні гимназияда сынақтан сәтті өтті. Оқыту әдісінің жаңа тәсілдері үздіксіз енгізіліп, мұғалімдер ұжымының біліктілік деңгейі жыл санап артып келе жатқандығы да байқалады. Өткен оқу жылында мектептен түлеп ұшқан балалардың барлығы жоғары оқу орындарына түскен. Ұстаздар мен оқушылардың түрлі деңгейдегі ғылыми сайыстар және пән олимпиадаларында қол жеткізген жетістіктері өз алдына бір төбе.
Гимназияның 10 жылдығына байланысты ұйымдастырылған салтанатты шарада Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ержан Рахымжанов білім беру стратегиясын абыроймен жүзеге асырып келе жатқан білім ордасын мерейтоймен құттықтады. Қала басшысының құттықтауын жеткізіп, гимназияға компьютерлік сынып сыйға тартты. Осымен бірге ол оқу нысанына жақын арада дарынды балаларға арналған облыстық гимназия мәртебесін алып беруге байланысты мәселе қаралып жатқандығын айтып, қуанышты жаңалықты еститін күн алыс емес, деді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елубай Оразалиновтың құттықтау хатын оқып берді.
Қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев мерейтой қарсаңында гимназия ішінен мұражайдың ашылуы өңір үшін тарихи оқиғаға пара-пар екендігін атап өтті. Салтанатты шарада облыстық білім беру басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Шәрбат Жұмаділова, облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Гүлбарам Науразбаева, ұстаз зейнеткерлер, мектепте бұрын қызмет істеген азаматтар мен шәкірттер және басқалары өз құттықтауларын жеткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасы «Аналитикалық ақпарат орталығының» директоры Нұржамал Тышқанова өз ұжымы атынан гимназия басшысына жүрек жарды лебіз білдіріп, бағалы сыйлық тарту етті.
Осы күні Ақсу қалалық әкімдігі, облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім беру бөлімінің атынан мектептің бірқатар ұстаздары Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Гимназия мұғалімдері мен оқушылары дайындаған мерекелік концерт көңілді шараның көркін кіргізіп, шараға жиналушыларға рухани ләззат сыйлады.
Мұрат АЯҒАНОВ.




