Ұрпақ тәрбиелеу жолында ұзақ жылдар бойы тер төккен ұлағатты ұстаздың бірі - Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі Түгелбаева Қымбат Шұғақызы.
Ол 1950 жылы қазіргі Ақтоғай ауданы, Мүткенов ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы орта мектепте сегіз жылдық білім алған соң, Павлодар педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Бала кезінен бастап ұстаздық етуді армандаған Қымбат Шұғақызы 1969 жылы сүйікті мамандығына қол жеткізіп, жас мұғалім атанады. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолын Ақтоғай ауданының Қарақоға ауылындағы (бұрынғы Шідерті совхозы) орта мектепте бастайды. Кейін жан жары Әбілқақ Түгелбаевтың қызмет бабына байланысты Ақтоғай ауданындағы №1 мектепте және Екібастұз қаласына қарасты Өлеңті, Бәйет, Ақкөл ауылдарында бастауыш сынып мұғалімі болды. Ал 1995 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Павлодар қаласындағы №39 мектепте ұстаздық етті.
Білім беру саласында қырық жылдан астам уақыт үздіксіз қызмет істеген ол қазір құрметті еңбек демалысында. Өмір ағынымен көшіп-қонып жүрсе де, ұрпақ тәрбиелеуден қол үзбеген ұлағатты ұстаздың бұл ісі - жас буын үшін үлкен үлгі-өнеге.
Осылайша мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған сандаған балғынды оқуға, жазуға үйретуден жалықпаған Қымбат апай: «Ұстаз болу - жауапкершілігі зор, қиын да қызықты мамандық. Мен осы жолды жүрек қалауымен таңдаған соң, демалысқа шыққанға дейін бір сәт те үйде отырған емеспін. Алтын уақытымның бәрі білім ордасында өтетін. Қазір мектепті, оқушыларды сағынамын. Бірақ жас мамандарға жол бергеніміз жөн ғой», - дейді.
Жалындаған жастық шағынан бастап зейнет жасына дейінгі бар ғұмырын білім жолына арнаған ұстаз еңбегін елі де бағалай білді. Қымбат Шұғақызының Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім беру басқармасының, жергілікті әкімдіктердің марапаттауларына ие болып, сый-құрметке бөленуі соның дәлеліндей.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, одан білім алған шәкірттері де биік шыңнан көрініп, еліне елеулі еңбек етуде. Әр мұғалім үшін өз шәкіртінің жетістікке жеткенін көруден асқан бақыт жоқ десек, Қымбат апай да сондай бақытты жандардың қатарында.
Ол - шәкірттері үшін сүйікті ұстаз болса, отбасында аяулы жар, алты баланың ардақты анасы, сондай-ақ тоғыз немере-жиеннің ақылшы әжесі. Бүгінде оның барлық ұл-қызы жоғары білім алып, отбасын құрып, тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденуі жолында әр салада абыройлы қызмет етуде.
Бейнетінің зейнетін көріп, бала-шағасының қызығына бөленіп отырған ардагер ұстаздың ендігі мақсаты – үрім-бұтағын білімді әрі егемен елдің патриоты етіп тәрбиелеу. Бүгінде көпті көрген тәжірибелі мұғалім үйде қарап отырмай, осы бағыттағы шаруалардың басын қайыруда.
Нұржайна ШОДЫР.

