Жақында «Ертіс дарыны» ғылыми-тәжірибелік орталығы, облыстық білім беру басқармасы және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан-2030» стратегиясы аясындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының моделі» деген тақырыпта ХІІ республикалық ғылыми жарыстарының облыстық кезеңі өтті. Шараға қалалық және аудандық ғылыми жобалар сайысында топ жарған аймағымыздың ең білімді оқушылары қатысты.
Аталмыш байқау «Ғылыми-техникалық прогресс - экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта - Қазақстан-2030 стратегиясын іске асырудың негізі» және «Қазақстанның тарихи ескерткіштері» атты төрт бағыт бойынша өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ғылыми жарыстарға аталған бағыттар бойынша аймағымыздан бір мыңнан астам жұмыс келіп түскен. Ал облыстық кезеңге ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғау үшін қазылар алқасының шешімімен 218 жоба ұсынылған. Оның 111-і мемлекеттік тілде қорғалды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шараның басты мақсаты - оқушылардың ғылыми-зерттеу және танымдық жұмыстарын ынталандыра отырып, жас зерттеушілерге қолдау көрсету екені белгілі.
Жарысқа қатысушы болашақ ғалымдар түрлі тақырыпта зерттеу жұмыстарын қорғап, ғылымға деген қызығушылықтарының зор екендіктерін көрсетті. Мәселен, екібастұздық Индира Темірханова «Тұрмыстық құралдардың энергетикалық параметрі және тиімді пайдалану жолдары», ал Игілік Бақытбек «Қазақстандағы күн энергиясын алудың дамуы» тақырыбында зерттеу жасаса, дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушысы Ақмарал Оразбаева мен Ләззат Канкина «Қоқысөндіруші зауыттардың Қазақстан экономикасына тигізетін үлесі» деген тақырыпта қызықты жоба қорғады. Сонымен қатар байқауда экология, экономика, саясат, демография және басқа да тақырыптардағы ғылыми жобалар таразыланды.
Атап өтерлігі, жарыс жоғары деңгейде өтті. Жүзден жүйрік атанған ойы озық, білімі бәсекеге қабілетті жеңімпаз жастар ендігі кезекте республикалық деңгейде өтетін ғылыми жарыстарда бақтарын сынайтын болады.
Н.АҚЫТЕГІ.

