Қабырғасы қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған облыс орталығындағы музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенін (бұрынғы П.Чайковский атындағы музыкалық колледж) бүгінде білмейтін жан кемде-кем. Олай дейтініміз, облыс жұртшылығын әсем әнмен, тәтті күймен сусындатып, көрермен көзайымына айналып жүрген өнер иелерінің көпшілігі осы оқу ордасының түлектері. Атап өтерлігі, онда ұлттық өнердің өрге басуы үшін көп жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте аталмыш колледж ішінен ашылған қазақ ұлт аспаптары бөлімінің қосқан үлесі зор.
Қазіргі таңда қазақ ұлт аспаптар бөлімінде жоғары білімді 15 мұғалім еңбек етеді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанған Т.Кәрімов, Р.Сабекова, Ж.Орынбаев, «Ы.Алтынсарин» атындағы медальдің иегері Н.Ғабдуллина және басқа да мемлекеттік, аймақтық марапаттауларға ие болған ұлағатты ұстаздар бар.
Бөлімде домбыра, қобыз, қылқобыз, шертер, бас домбыра мамандықтары бойынша 60-қа тарта оқушы білім алуда. Қуантарлығы, бұл шәкірттердің арасында республикалық, халықаралық деңгейде өткен түрлі өнер байқауларында бақ сынап, жүлдегер атанғандар жетерлік. Колледж директоры В.Денисенко: «Бөлім алғаш ашылғанда небары 8 ғана шәкірт болды. Мұнда бөлімді дамытып, қазақтың ұлттық өнерінің шоқтығын биік көтеру үшін М.Кентаев, Қ.Күдерова, С.Малаев сынды ұлағатты ұстаздар аянбай тер төкті. Кейін біртіндеп білікті кадрлар келіп, оқушылар қатары артты. Жасыратыны жоқ, бұрын шәкірттеріміз республикалық байқауларға қатысқанда оңтүстік өңірлердің өкілдері сын көзбен қарайтын. Өйткені, олар біздің жақта ұлттық өнер кенже қалып қойған деген пікірде еді. Ал қазір талантты кадрлардың арқасында біз үлкен беделге ие болдық, шәкірттеріміз бәсекеге қабілетті екендіктерін дәлелдеді», - дейді.
Қазақ ұлт аспаптар бөлімінің ашылу тарихына көз салар болсақ, 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, Павлодар қаласындағы осы музыкалық колледжге жолдамамен келген домбыра сыныбының мұғалімі Нұрзия Назарбекқызы Ғабдуллинаның қосқан үлесі мол. Ол орыс бөлімінің ішінде оқып жүрген домбырашыларды жеке бөліп алып, ұлттық аспаптар оркестрін құрады. Сөйтіп, республикада тұңғыш тойланған Наурыз мерекесінің құрметіне арнап Н.Ғабдуллинаның тікелей басқаруымен алғаш рет оркестр өнер көрсетеді. Ұлттық өнерді ұлықтаған оркестрдің аяқ алысына көрермен жоғары баға беріп, зор қошемет білдірген. Осылайша, жарқ етіп сахнаға шыққан сәттен-ақ көптің ықыласына бөленіп, күні бүгінге дейін өңірімізде ұлттық өнердің дамуы үшін тыным таппай жүрген Нұрзия Назарбекқызының еңбегі еш кетпеді. «Ат тұяғын тай басар» демекші, талантты ұстаздан тәлім алған шәкірттердің алды қазір Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жоғары оқу орындарының профессоры атанып, өнер жолында абыройлы еңбек етуде. Бұдан кейін, яғни 1988 жылы колледжге домбыра сыныбына сабақ беруге Рысгүл Сабекова есімді жас маман келеді. Өнер ордасы үшін оның да алар орны ерекше. Колледжде фольклорлық ансамбльді алғаш ұйымдастырушы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, дипломант атанған. Бүгінде оның шәкірттері республикалық бірқатар байқаулардың лауреаттары атанып, ұлттық саз өнерін өркендетуге атсалысуда.
Қазақ ұлт аспаптар бөлімінің меңгерушісі Нұрзия Ғабдуллина: «Осы бөлімді ашу үшін домбырадан басқа да ұлттық аспаптармен толықтыру қажет болды. Осыған орай колледж директоры В.Денисенко Семей қаласында қобыз сыныбынан сабақ беріп жүрген жас маман К.Жаманшалованы мұнда жұмысқа шақырды. Ұлттық өнердің жанашыры бола білген ол бірден Павлодарға келіп, 1989 жылы музыкалық колледжде алғаш рет қобыз сыныбын ашты. 1990 жылы осы бөлім қазақ ұлт аспаптар бөлімі атанып, меңгерушісі К.Жаманшалова болып тағайындалды. Өңірімізде қобыз үнінің үлкен құрметке ие болуы үшін оның қосқан үлесі мол», - дейді.
Жаңадан ашылған бөлімді дамытуға бағытталған жұмыстар мұнымен ғана шектелмейді. 1991 жылы облыстық филармонияның жанынан қазақ ұлт аспаптары оркестрін ашу үшін әрі колледждің оркестрін басқаруға Семей қаласынан Қазақстанның өнер қайраткері М.Айдаболов арнайы шақырылады. Оның басқаруындағы оркестр Алматы қаласында өткен Павлодар облысы күндерінде, сондай-ақ Новосібір мен Омбыда тамаша өнер көрсетеді. Тіпті, тәжірибе алмасу мақсатында еліміздің Қарағанды, Өскемен, Ақмола сынды бірқатар қалаларында өнер сапарымен болып, көрермен көңілінен шығады. Кейін колледжде шертер, қыл қобыз сыныптары ашылады.
Жалпы, бүгінде бөлімде ұлттық аспаптар оркестрі, домбырашылар, қобызшылар, қылқобызшылар, шертер және фольклорлық ансамбльдері мен хор сыныбы жұмыс істейді.
Бөлімнің осы деңгейге жетуі үшін колледждегі ұлтжанды әрі ұлағатты ұстаздардың сіңірген еңбегі зор. Талай таланттардың өнерін шыңдап, қанатын қатайтқан киелі оқу ордасынан Т.Кәрімов, Ж.Орынбаев, Қ.Райымбеков, Қ.Айтбаев, Ж.Ермекбаева, Ж.Сағитова және өзге де белгілі өнер иелері түлеп ұшқан. Жыл сайын биік белестерді бағындырып, жас ұрпақты ұлттық өнермен сусындату мақсатында үздіксіз қызмет етіп келе жатқан ұжымның асар асуы әлі алда.
Бөлім меңгерушісі Н.Ғабдуллинаның айтуынша, келер жылдың сәуір айында ұжым өзінің және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап ұлттық аспаптар оркестрі мен ансамблінің аймақтық фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. «Салтанатты шараға Астана, Қарағанды, Өскемен, Семей және Павлодар облыстарының таланттары қатысады. Сонымен қатар, Астана мен Алматыдан профессорлар шақырылып, шеберлік сыныптарын өткізетін болады. Өңірімізде ұлттық өнердің дамуына қолдау көрсетіп, осы кешті ұйымдастыруға көмек қолын созғалы отырған облыстық мәдениет басқармасы екенін атап өткен орынды», - дейді ол.
Міне, қазақ ұлт аспаптар бөлімінің жиырма жылдағы жеткен жетістіктері осындай.
Нұржайна ШОДЫР.



