АҚЫРЫН ЖҮРІП АНЫҚ БАС, ЕҢБЕГІҢ КЕТПЕС ДАЛАҒА...

Адам баласы мына өмірде қанша жас жасағанымен емес, ел үшін атқарған игі еңбегімен, адамгершілігімен және біліктілігімен бағаланса керек.

Бұлғын Шәкенқызы кең байтақ Қазақстанның басын ақ қарлы мұз басқан асқар таулы өлке Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Бобровка ауылында дүниеге келіп, киелі қарт Ертістің суын ішіп өсті.

Өр Алтайдың кеудесіндей тік мінезі бір қараған адамға сұсты, суық жүзі алдына барған адамды еріксіз тізе бүктіреді. Алайда, осындай табиғаттың жомарт жерінен нәр алған кейіпкеріміздің жаны дархан, көңілі жайсаң, таза.

 

«Жақсыға айтқан тура сөз шыңға тіккен тумен тең» демекші, жұмысына адал, істе еңбекқор. Жас күнінен жұмыста шыңдалып, өмірдің мәні де, нәрі де еселі еңбекте деп ұғынатын білікті, парасатты жан ұрпақтың кәдесіне жарайтын көптеген істің ұйытқысы болды. Мектепті тәмамдағаннан кейін, 1978 жылы, Өскемен мемлекеттік педагогикалық институтының математика мұғалімі мамандығын алып шығып, Бобровка орта мектебінде еңбек жолын бастады. 1980 жылы 26 жасында Орловка сегіз жылдық мектеп-интернатында директорлық қызметтің сара жолына түсті. Кейіннен Павлодар қаласының №36 жалпы орта білім беру мектебінде, қалалық білім бөлімінде әдіскер, кейін №24 жалпы орта білім беру мектебінің директоры болып тағайындалды.

1998-1999 оқу жылы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей мектебінде директор болды және осы мектепте істеген жылдары табысты өтті. Дәл сол жылы Павлодар университетінің экономист-менеджер мамандығы бойынша екінші жоғары оқу орнын бітірді. Аралас мектептен кейінгі әлсіреген тұсында оқушылар мен мұғалімдер арасынан іріктеулер жүргізіп, қарапайым мектептен мамандандырылған дарынды балаларға арналған лицей мектебін құру үшін сеңді бұзған кеудесі көрік, тұяғы берік тұлпардай, болаттай Бұлғын Шәкенқызы еді. Мектептің абыройын асқақтатып республика деңгейіне дейін көтеріп, оқушылар мен ата-аналардың ықыласы ауған алдыңғы қатарлы білім ордасына айналдырды.

Мен Бұлғын Шәкенқызымен 1999 жылдың күзінде таныстым. Ол кезде қазіргі №19 мектепте қызмет атқарып жүрген кезім болатын. Кейін №10 мектепте бірнеше жыл жұмыс істедім. 2007 жылы №25 мектеп ашылғанда Бұлғын Шәкенқызы мектеп директоры болып тағайындалыпты десті. Арада екі ай өткен соң, жұмыста отырғанымда ол кісі өзі маған телефон шалып, сонда жұмысқа шақырды. Мен ойланбастан сол күні жұмыс орнымды ауыстырдым. Жаңадан ашылған мектепке жиналған оқушылар құрамы да күрделі. Жан-жақтан жиналған балалар, ұстаздардың дені - жастар, орташа жас 29-ды құрайды. Осылайша үздіксіз жұмыс басталып та кетті...

Бұлғын Шәкенқызы қанға сіңген әдетімен өзіміздің ғана емес, басқа да шет елдердің озық тәжірибелеріне назар салып, тиімдісін өзімізге енгізу жолдарын іздестіріп, «Сорос-Қазақстан» қорының «Нәтижеге бағытталған білім», «Қоғамдағы белсенді мектеп» білім бағдарламаларын игеріп, облыста бірінші болып, қолданысқа енгізді. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептерде оқу сапасын көтеруге, дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін жасауға, ұлттық білім беру моделін дамытуға елеулі үлес қосты.

Қаламыздың Усолка шағын ауданына салынған еңселі қазақ мектебі бой көтергеніне 3,5 жылдың көлемі де болып қалыпты. Жаңа талаппен салынған осынау ғимарат алыстан мен мұндалап, талайдың көзін қызықтырып та жүр. Қазіргі таңда ол 1070 оқушының орнына 1236 оқушы қабылдап, 107 мұғалім, 60-қа тарта шаруашылық қызметкерлерін басқарып, барлығын бір үйдің адамындай етіп ұстап отыр. Мектеп директоры ретінде қысқа мерзімде республикалық «Мұрагер» және «Ақыл-ой одиссеясы», «Өзін-өзі тану» бағдарламаларын, сондай-ақ қытай, араб тілдерін енгізе отырып, көптілділікті игеруге мүмкіндік жасады. Мектептің денсаулықты сақтау бағытында жұмыс жасауына ерекше көңіл бөліп, жалпы білім беретін мектеп жағдайындағы денсаулықты сақтау білім кеңістігін қалыптастырудың моделін жасап, оқу-тәрбие үрдісіне енгізді. Қысқа жіптің күрмеуіндей аз уақыт ішінде мектеп республика, халықаралық деңгейде көрсеткіш бере бастады. Пейіл таза болған жерде жұмыс өз ырғағымен жүреді. Мектептің жетістігі жоғарыдан бағаланып жатса, ол- ұжымның ынтымақ-бірлігінің арқасы.

Мақтансаң, ұстазыңмен мақтан. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен, Қазақстан Республикасы «Білім беру үздігі» және Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» кеуделік белгілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Оқушы дарындылығын танып, дамытуда қосқан ұстаздық еңбегі үшін «К вершинам Олимпа» аталымының иегері атанды. Ол кісінің қызмет шеберлігі, адами келбеті аса төзімді, бірақ көзге түсе бермесе де, өз кәсібіне келгенде жалындап шыға келетін қайраткерлігі кімді де болса қызықтырады. Ең толымды, ең сүбелі сөз осындай жандарға арналса...

Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің: «Адам боп туу - анаңнан, Адам боп қалу - өзіңнен», деген бір ойлы сөзі бар. Анасы дүниеге әкеліп, бесікте жатқан күнінен айналып-толғанып, бағып-қағып, тәлім беріп, тәрбиелеп ұшырғанымен, өмірде адам деген ардақты атты абыроймен алып жүру әр пенденің пешенесіне жазылған ғой. Бәкең өзінің адамдық асқақ тұлғасын ерен еңбеккерлігімен, парасат-пайымымен, кәсіби іскерлігімен, тамаша тәлімгерлігімен жан-жақты танытып келеді. Ол қай кезде болсын, әріптестері арасында кәсіби һәм білікті маман ретінде ғана емес, ең алдымен озық ойлы, парасатты адам ретінде сыйлы әрі абыройлы, беделді әрі құрметті.

Жолдасы Марат ағай - облыстық диагностикалық орталықтың білдей бір бас инженері, өз ісінің хас шебері, ізденгіш жан. Қызы Әлия - екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген математиканы ағылшын тілінде оқытатын таптырмайтын маман. Ұлы Бауыржан мен келіні Анель АҚШ-тың Вирджиния штатында магистрлік оқуларын жалғастыруда. Немересі Дархан, жиендері Санжар мен Азиз - атасы мен апасының көз қуанышы. Шаңырағы биік, уығы берік, керегесі кең отбасының бірлігі мен тірлігі жарасқан, көпке үлгі боларлықтай.

«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп айтқан Абай атамыздың сөзі ақырын басып, көзбен ишарат жасап, істейтін істе ұжымды бір адамдай жұмылдырып, сары майдан қыл суырғандай қылып ұйытып тастайтын Бұлғын Шәкенқызына арналғандай.

2010 жылы желтоқсанның 14 күні Тәуелсіздік мерекесіне орай Елбасы Жарлығымен Бұлғын Шәкенқызы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ұзақ жылғы жас ұрпақ тәрбиесі мен білімі үшін атқарған адал еңбектің өтеуі бұл.

Меніңше, ең ізгі дже ең игілікті еңбекхалықтың ертеңін қапысыз шыңдау, яғни бала ұрпақты аға ұрпақтың асыл жалғасы етіп баулу. Осындай қасиетті парызды жан-тәнімен, биік парасатымен, асқан білімімен ақтап жүрген Бұлғындарға мың алғыс!

З.ОРАЗАЕВА,

25 мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Павлодар қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 31