Балалық шағы өмірдің ызғырығына ұрынған Ару Бекбасқызы Отанынан шалғайда - Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында бойжетті. Осы елде қазақтың зиялы азаматы Айтжан Тоғызбайұлымен танысып, шаңырақ көтереді. Артық-ауыс сөзден аулақ жүретін азамат қызмет баспалдағымен тез көтеріледі. Ұзақ жылдар бойы Нөкісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіподақтар ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Қызметімен елге жаққан Айтжан Тоғызбайұлы зейнеткерлікке 68 жасында шығады.
Жұптары жарасқан Айтжан мен Ару он екі бала сүйіп, тәрбиелеп жеткізді. Бірақ, тағдырдың жазмышына не шара, олар осы балалардың төртеуінің ғана қызығын көреді. Төрт баланың ішіндегі «бір төбесі» Балқаш ата-анасына көп үміт ұялатты. Әңгіменің төркіні – осы адам жайлы. Қимылы ширақ, алғыр қыз ерекше қабілетімен көзге түсіп, орта мектепті жақсы көрсеткіштермен тәмамдайды. Болашақта дәрігер болсам деген арман жетегімен Алматыдағы медициналық институтқа оқуға түседі.
- 1972 жылы институттың соңғы курсында оқып жүргенімде Нөкістегі көршіміздің қызы Дариға Павлодар облысына тұрмысқа шықты. Сөйтіп, бұрын естіп-көрмеген Павлодар облысы Май ауданына жол тарттық. Сол кезде тағдыр өзімнің жарым – Серікті кездестіруге бұйырды, - деп Балқаш Айтжанқызы студенттік шағын еске алды.
Нөкіс қаласындағы республикалық эндокринология бөлімінде тәжірибеден өтіп жатқан жас маман той аяқталған соң еліне оралады. Диплом алатын кез жақындағанда, бұған дейін Нөкіске бірнеше рет ұшақпен ұшып келіп жүрген Серік қызға үйленуге ұсыныс жасайды. Сол кезде әжемнің төрт жасқа келгенімде: «Айналайын Балқантай, бойжеткенде алыс жаққа ұзатыласың. Сол уақытта саған мен ақ батамды беремін. Тұрмыста біраз қиыншылық көресің», - деген сөздері есіме түсті дейді Балқаш Айтжанқызы.
Серік соңғы рет Алматыға ұшып келгенде, біз әке-шешеміздің алдынан өтуге бардық. Бірақ әкем: «Балқантай, сен біздің үйде ер баланың орнына жүрдің. Саған көп үміт арттық. Сол үмітімізді ақтап келесің. Саған ризамыз. Бірақ Кереку алыс қой»,- деп келісімдерін бермеді.
Ата-анасы келісімін бермесе де, әжесінің ақ батасын алған екі жас Павлодар жеріне қашып кетуге бел буады. Павлодар облысы Май ауданы, Қызыл құрама ауылына келін болып түседі. 1974 жылы Смағұловтар әулеті қуанышты жағдайды бастарынан кешіреді. Олардың отбасында Еркін дүниеге келді. Бұл кезде Балқаш Айтжанқызы Павлодар қаласындағы емханалардың бірінде дәрігерлік қызметке орналасқан еді. Ері Серік жоғары оқу орнының сырттай бөлімінде оқуын жалғастырып жатты. Екеуі де жұмысбасты болғандықтан, нәрестені балабақшаға береді. Өздері пәтер жалдап тұрып жатады. Әйтсе де саналы келін ауылда екеуден екеу қалған ата-енесіне алаңдай береді. Сөйтіп, парасатты келін, аяулы ана болған Балқаш тұңғышы Еркінді өзімен бірге ата-енесіне алып барады. Ол ауылдағы аурухананың тізгінін өз қолына алып, еңбек етеді. Кәсіби дәрігер келіп, көзі ашылған ауыл тұрғындары Балқашқа риза болып, алғыстарын жаудырады. Серік жұмыс орнынан баспанаға қол жеткізгенде, Балқаш кішкентай Еркінімен бірге әке-шешесін бірге көшіріп әкеледі. 1978 жылы Смағұловтар отбасы жарық дүние есігін іңгәлап ашқан Ермек атты сәбимен толықты. Зиялы отбасынан шыққан Балқаш Айтжанқызы ұлдарына үнемі мәдениеті жоғары, білімді әкесі Айтжанды, өнерлі әрі жомарт қайын атасы Сағидолла қарияны үлгі-өнеге етіп көрсетеді. Бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлгендіктен, бұл еңбегі де жемісін беріп, екі ұлы да орта мектепті үздік аттестатпен, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдайды. Бүгінде Еркін Успенка аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметін атқарса, Ермек - «Орталық несие банкі» Семейдегі филиалының директоры.
Павлодар қаласындағы №5 емханада күндізгі стационарлық бөлім ашылған күннен бастап жұмысқа білек сыбана кіріскен Балқаш басшы ретінде ұжымның үлкен жетістіктерден көрінуіне көп еңбек сіңірді. Отбасылық міндет пен дәрігерлік қызметті қатар алып жүрген ол ерінбей-жалықпай өз білімін де жетілдіреді. Медицинаның көпсалалы түрлерін меңгеріп, сүлікпен, инемен емдеуге маманданады. 1991 жылы Владикавказдың Пятигорск қаласындағы ғылыми-зерттеу институтындағы инемен емдеу-рефлесторлық кафедрасында жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгереді. Балқаш Айтжанқызы Алматыда ғана емес, медицинасы дамыған Түркия, Германия, Австрия, Франция елдеріне барып, дәрігерлермен тәжірибе алмасты. Ең алғаш рет Түркияда намазға жығылады. 1994 жылдан бері мұсылмандыққа шындап бет қойған ол бес уақыт намазын қаза қылған емес.
Бүгінде 62 жасқа келген Балқаш Айтжанқызы зейнеткерлікке шықса да, тұғырдан тайған жоқ. №2 МАЭС стансасы басшыларының қалауымен осындағы емдеу-профилактикалық қызметінде рефлексор дәрігер болып қызмет істеуде. Алпыстың асқарына шықса да, әдемі қартая білген оның сөзінен парасат лебі есіп тұр.
Дария ЕРҒАЗИНА

