«Ағасы бардың жағасы бар...»

«Болған іске болаттай берік бол» деп халқымыз тегін айтпаған. Ол алты жасында саяси қудалау, жазалау құрбаны болған асқар тау әкесінен айырылды. Балалық шағында көрген қиындығы қаншама. Бірақ жаратылысынан қайсар да алғыр, алдына қойған мақсатына жеткенше тыным таппайтын ол ел қатарлы білім алды. Ауыл шаруашылығы саласындағы белді мамандық – мал дәрігерлікті үйренді. Орта арнаулы біліммен шектелмей, жоғары білім алған ол аудандағы білікті мамандардың қатарына қосылды. Үлкен де іргелі шаруашылықты басқаратын болсын деген шешімді жерлестері дұрыс көріп, кеңшар директорлығына тағайындағанын құптап қарсы алған. Кешегі жетім бала өзінің еңбексүйгіштігі, мақсатшылдығы, ең бастысы, еңбек адамдарымен ортақ тіл тауып, ортақ іске жұмылдыра білуінің арқасында өз өмірінің биік белестеріне көтеріле бергені - кейінгі толқын жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

 
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Қаратай Жәкенұлы Әбдіков – бүкіл өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған абзал жан. Сонау 1950 жылдардың ортасында мал дәрігерлік техникумды үздік бітірген жас жігіт Павлодар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас мал дәрігері болып қызмет атқарады. 1962 жылдан 1973 жылға дейін осы аудандағы «Заря» кеңшарында аға мал дәрігері болады. Сол жылдары Семей мал дәрігерлік институтын сырттан оқып-бітіріп, жоғары білім алады. 1973 жылы аудандағы іргелі шаруа-шылықтардың бірі – «Шақат» кеңшарына директор болып тағайындалады. Қаратай Жәкенұлы сенімді ақтау жолында уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етеді. Содан шаруашылықты 21 жыл іскерлікпен басқарып, үлкен абыроймен зейнеткерлікке шығады.
«Асарымды асадым, жасарымды жасадым» демей, қоғамға пайдам тисін деп, қызметін жалғастырады. Жастар өткенді білсін, ұлттық құндылықтарды бағаласын деген ниетпен деректер жинап, Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде шығармашылық іспен шұғылданады. Сонымен бірге өзі ұзақ жыл жемісті қызмет етіп, еңбегі сіңген Павлодар ауданының ардагерлер кеңесіне төраға болады.
- Бала кезімде жетімдіктің қиындығын көп көрдім, - дейді Қаратай аға. – 1937 жылы Қазанның 14 жылдығы атындағы ұжымшардың төрағасы әкеме жала жауып, «халық жауы» деп соттады. Сол жылы Шығыс Қазақстан облысы үштігінің шешімімен ату жазасына кесіліп, пәниден бақиға көшті. 1956 жылы әділеттілік жеңіп, Павлодар облыстық сотының қаулысына сәйкес әкемді қылмыстық ісі жоқ деп ақтады...
Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген Қаратай тылда ересектерше қажырлы жұмыс істеп, Жеңіске өз үлесін қосады. 
Біз «Бәрі майдан үшін, Жеңіс үшін!» деп уақытпен санаспай,  таңның атысы, күннің батысы  ауыл шаруашылығының саналуан жұмыстарын абыройлы атқардық», - дейді ол сұрапыл соғыс жылдарын тебірене еске алып. Сол қажырлы еңбек нәтижесі ғой, бала Қаратай Кеңес Одағы Жоғары Кеңесі президиумының 1945 жылғы 6 маусымдағы жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Кейін «тыл еңбеккері» атағына ие болады. Ұлы Жеңістің 55 жылдығына орай оған «соғыс ардагері» мәртебесі беріледі.
Былтыр еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын салтанатпен атап өтті. Бұл жылы Қаратай Жәкенұлы майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасаған саналуан шараларға белсене қатысты. Мәскеуге барған павлодарлық делегация құрамында Қызыл алаңдағы Белгісіз солдат қабірінен мәңгілік алауды Павлодарға жеткізді.
Өткен жылы Қаратай Әбдіков жастармен кездесулерде халқымыздың Ұлы Жеңісі туралы көптеген әңгімелер айтып, тәрбие жұмыстарын жүргізді. Кеудесінде Еңбек Қызыл Ту ордені, тәуелсіз еліміз Қазақстанның «Шапағат» медалі, Ұлы Жеңістің 55, 60 және 65 жылдығы құрметіне арналған мерейтойлық медальдері, басқа да көптеген мемлекеттік марапаттар жарқыраған ардагер әңгімесі тартымдылығымен ерекшеленді. «Еңбек етіңдер, қарақтарым, еңбектерің еш кетпейді» деген сөздерді жиі айтатын Қаратай Жәкенұлы - «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері әрі Павлодар ауданының құрметті азаматы. 2007 жылы Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің 20 жылдығына байланысты облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ол - «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының мүшесі. Партияның Павлодар ауданы бойынша әртүрлі шараларына белсене атсалысуда.
Бүгінде Қаратай Жәкенұлы мен Құдай қосқан қосағы Сара Кәрімқызы - ұрпағының қызығын көріп отырған жандар. Олар бес бала тәрбиелеп- өсірді. Балаларынан сегіз немере, үш шөбере сүйіп отыр. Үлкені Рымтай – педагог, екінші баласы Ғалия – дәрігер, үшінші баласы Алтын да - педагог, төртінші баласы Болат – заңгер, кенжесі Жанна – экономист. Немерелерінің алды Жанат пен Жанара университет бітіріп, қызмет істейді. Ұрпағы ата-анасына тартқан – үлкенді сыйлап, адамгершілік, сыпайылық қасиеттерімен танылып келеді. Қаратай аға мен Сара жеңгенің мерейтойларын қызықты да мазмұнды етіп өткізді. Жиналған қауым мерейтой иелерінің жақсылықтарын айтуға асығып, амандық, саулық тілеген.
Қ.Әбдіков – шығармашылық қабілеті бар азамат. 1981 жылы өлкетанушы журналист А.Павловпен бірлесіп «Шақат жері мен адамдары» атты кітап шығарды. Ал 2004 жылы ел арасынан деректер жинап, «Орманшы шежіресі» деген кітапты оқырманға ұсынды. 
«Ағасы бардың жағасы бар...» дейді халқымыз. Қашанда адамға жақсылық жасауға асығып тұратын ол үнемі үлгі-өнеге көрсетуден жалықпай, жасы кішіге лайықты аға бола білуде. Ақсақал жастардың имандылық жолына түсуіне жеке басының өнегесін көрсетуде. Зираттарды қоршау, тазалау сияқты жұмыстарды ұйымдастырып, сауапты істер атқарғанын халық жақсы біледі. Жанашыр аға қуанышпен бірге қайғылы жағдайларда ағайын ортасынан табылып, қолынан келген көмегін жасап, адамгершіліктің жоғары тұғырынан көрінуде. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Қаратай Жәкенұлы – нар тұлғасымен, сүйкімді мінезімен, жылы жүзімен орны бөлек азамат.
 
Ө.ТАСТЕМХАНОВ
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31