Аймағымыздағы жоғары оқу орындарының бірі – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті үстіміздегі жылы 50 жылдық мерейтойын атап өтуде. Аталмыш мерекеге орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, университет қабырғасында алғаш ашылған факультеттің бірі – машина жасау факультетінің байырғы түлектерімен кездесу өтті.
Кездесуге 1966 жылғы түлектер – Қ.Шәкәрімов, В.Ступельман, Г.Павловский, Н.Дудак, 1969 жылы оқуын тәмамдаған Т.Аққұлов, 1970 жылы жоғары білім ордасын бітірушілер - Д.Махмутов, Б.Жанахутдинов, 1973, 1974, 1979 жылғы диплом иегерлері – Н.Нәбиев, Е.Әбудалиев, А.Поляков, 1983, 1984, 1987 жылғы түлектер – Н.Поплавец, Т.Эрназаров, М.Руди, М.Омаров және еліміз егемендік алғаннан соң, яғни 1991 және 1996 жылы жоғары оқу орнын бітірген Т.Әлмұғамбетов пен М.Бегентаев қатысты. Аттары аталған азаматтардың барлығы бүгінде жоғары лауазымды қызметтерді атқарып келеді. Сонымен қатар, көпшілігі білім жолын ғылыми тұрғыда жалғастырып, доктор, профессор, кандидат сияқты ғылыми дәрежелерге қол жеткізіп, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде еңбек жолдарын жалғастыруда. Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары, сол кездегі Павлодар индустриалды институтын бітірушілер көп жылдар бойы әр түрлі жауапты қызметтерде істеп, қазіргі уақытта құрметті демалысқа шығып, зейнеткер атанып отыр.
Кеш барысында «ПМУ: кеше және бүгін» деп аталатын деректі фильм көрсетілді. Түлектер кездесуі естелікке толы болды. Білім ордасының құрылғанынан бастап, 50 жыл аралығында жеткен жетістері де аталып өтті. Кешке қатысушылар осындай түлектер кездесуі жиі ұйымдастырылып тұрса екен деген тілекте тарқасты.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

