Таяуда Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ұйытқы болуымен 7-11 сынып оқушыларының арасында қалалық пән олимпиадасы өткен болатын. Кеше аталмыш олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде, жүзден жүйрік атанған 51 оқушының және оған қосымша таңдалып алынған 10 оқушының үздік деп танылған жұмысы облыстық олимпиаданың іріктеу кезеңіне ұсынылды.
«Дарынды балалар» бағдарламасы аясында осымен 49-шы рет ұйымдастырылып отырған білім додасына қала мектептерінен 687 оқушы қатысып, барлық пән бойынша бақтарын сынады. Облыс орталығындағы қырықтан астам орта білім беру мекемелерінен келген дарынды оқушылардың еңбегін қала мектептерінің білікті де тәжірибелі ұстаздарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Қалалық білім беру бөлімі қызметкерлерінің сөзіне қарағанда жыл сайын олимпиадаға қатысушылардың білім деңгейінің өсіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, гуманитарлық пәндер бойынша білімін сынаған 7 сыныптың екі оқушысы 9 сыныптың бағдарламасын ойдағыдай орындап, облыстық олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алған.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жоғары бағаланған жұмыстар екі айдан кейін болатын облыстық олимпиадаға жолдама алады.
Н.АҚЫТЕГІ.

