Оқу жылының аяқталуына аз уақыт қалды. Осыған орай, орта білім беру ордаларында мектеп бітіруші түлектер үшін ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары қызу жүргізіле бастады. Соның дәлеліндей, жақында облыстық білім беру басқармасының қолдауымен Павлодар қаласындағы №29 мектепте «Алтын белгіге» үміткер ауыл түлектеріне арналған кеңес беру шарасы ұйымдастырылды.
Шараға облыс бойынша ауыл мектептерінен «Алтын белгіге» үміткер деп танылған 61 түлектің 54-і қатысты. Алыс елді мекендерден келген ауылдық мектеп бітірушілер математика, Қазақстан тарихы, басқа да негізгі пәндер бойынша білікті мамандардан кеңес алды. Сондай-ақ нашар игерген тақырыптарын қосымша оқып, білімдерін жетілдірді. Олар үшін облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназия-интернаты, «Жас дарын» мектебі, Абай атындағы №10 мектеп-лицейі, №3 гимназия және бірқатар үлгілі қала мектептерінің тәжірибелі ұстаздары қызмет көрсетті. Мамандардың пікірінше, түлектер үшін мұндай кеңестердің берері мол, пайдасы зор.
Н.АҚЫТЕГІ.

