Таяуда облысымызға «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің басшылары келіп, ұсынатын қызметтері жөнінде тұсаукесер өткізгенін хабарлаған болатынбыз. Ғалымдардың егжей-тегжейлі таныстырған жұмыстары арасында аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қызығушылығын электрондық оқулықтар жобасы ерекше аударды.
Холдинг құрамына кіретін «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ президенті Гүл Нұрғалиеваның айтуынша, мультимедиялық оқулықтарды білікті мамандар қазіргі білім беру жүйесіндегі жоғары талаптарға сай келетіндей сапалы етіп әзірлеген. Келешекте қазіргі қолданыстағы қағаз кітаптардың орнын осы электронды оқулықтар басады деген болжам жиі айтылуда. Ресейдің өзінде орта мектептердің 15 пайызында осы жаңа жүйе енгізіле бастаған көрінеді. Осыны ескеретін болсақ, аймақтардың электронды оқулықтарды сатып алуға қазірден көңіл бөлгені жөн.
Облыс әкімі Бақытжан Әбдірұлы «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі ұсынатын жобаларға (ғалымдар біздің облысымыздың ерекшелігіне сай келетін экономикалық, экологиялық, табиғи қазбаларды пайдалануға қатысты небір жұмыстарын ұсынды) тапсырыс беру мәселесі қаралатынын айтты. Әрине, бәрінің бірдей таңдалуы екіталай. Ол жобаның тиімділігі мен құнына тікелей байланысты болады. «Бірақ біздің болашағымыз – балалар үшін қажет электрондық оқулықтарды сату арқылы пайдаға кенелмей-ақ қойсаңыздар» деген аймақ басшысы «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ президентіне ғалымдардың әзірлеген мультимедиялық оқулықтарын интернет бетіне тегін орналастыруды ұсынды. Бұл осы заманға сай білім алуға ұмтылған жас ұрпақ пен оқытушылар үшін де үлкен мүмкіндік болатыны даусыз.
Бұл ұсынысқа Гүл Нұрғалиеваның айтар уәжі бар екен. Оның сөзіне қарағанда, электрондық оқулықтарды дайындауға көптеген мамандар қатысады. Орталық қызметкерлерінен басқа да авторларға тапсырыс беріледі. Олардың маңдай тер, табан ақысын төлеу керек. Осыны есептей келгенде, жобаны әзірлеуге бірсыпыра шығын жұмсалады. Ал оны оқулықтарды сату арқылы өтемесе, өзге жол жоқ. Гүл Құмашқызы электронды оқу құралдарын интернетке тегін шығарғанмен, одан нәтиже аз болатынын да көлденең тартты. Интерактивті жүйедегі, көлемі үлкен материалдарды алуға ауыл мектептеріндегі интернеттің мүмкіндігі мен жылдамдығы жеткіліксіз көрінеді.
Негізінде, электрондық оқулықтар Павлодар облысы үшін таңсық дүние емес. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітованың айтқанындай, осы уақытта аймақ мектептерінде мұндай 15 500 құрал қолданылады. Бірақ олар кәдімгі оқулықтардың сканерден өткізіліп, компьютерге енгізілген нұсқасы болып табылады. Ал «Парасат» өкілдерінің ұсынып отырғаны - жаңа модель. Бұл оқулықтың ішінде тест тапсырмалары, зертханалық-тәжірибелік сабақтар – бәрі табылады.
«Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ президенті электрондық оқулықтарды тегін таратуға келісе қоймаса да, мультимедиялық құралдарды Павлодар облысындағы, үйде білім алатын мүгедек балаларға сыйға тартатынын мәлімдеді. Яғни, көп ұзамай аймақтағы 391 оқушыға 5-11 сыныптарға арналған физика, математика сынды пәндер бойынша дискі-оқулықтар үлестіріледі. Осыдан біраз бұрын облыс әкімінің тапсырмасы бойынша үйде оқитын балаларға тегін компьютерлер берілген болатын. Енді басқарма мамандары оларға бірнеше қайтара көшіруге келмейтін, бір ғана код бойынша орнатылатын заманауи электрондық оқулықтардың бағдарламасын құрады. Бақыт Мақанқызы тегін оқу құралын алуға құқылы балалардың тізімі ұлттық орталыққа жөнелтілгенін айтты.
Облысымызда электрондық білім беру жүйесі алғаш қамқорлыққа мұқтаж балаларға ұсынылып отырғаны қуантады.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

