БҰДАН БЫЛАЙ МЕКЕМЕГЕ АУДАРМАШЫ ҚАЖЕТ ПЕ?

 

 

«Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы 
мемлекеттік органдарының, ұйымдарының
және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының
жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады...».
 
Қазақстан Республикасының
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңынан.
 
Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толады. Тәуелсіздік еліміздің қарышты қадаммен дамып, дүние жүзіндегі өркениетті қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуға жол ашты. Сондай игі өзгерістердің бірі – кеңес өкіметі жылдарында қолданудан қалып, халі мүшкілге айналған қазақ тілін сақтап қалуға, мемлекеттік тіл мәртебесіне сай болуына мүмкіндік берілуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2030» стратегиялық жоспарында, жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында мемлекеттік тіл мен басқа да ұлт тілдерін дамытуға ерекше көңіл бөліп, осы игі мақсатқа жету жолында нақты тапсырмалар берді. Осы тапсырмаларды орындау нәтижесінде тіл саясаты елімізде ойдағыдай жүргізіліп, мемлекеттік тіл қоғамымыздың өмірінен берік орын алып келеді.
 
Бұл жерде біздің сөз етпегіміз бұдан былай мекемедегі іс қағаздарын жүргізуде аудармашы қызметін пайдалану қажеттілігі жөнінде болмақ. Өйткені қазіргі кезде еліміздің барлық жерінде бірдей іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуде. Мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымы да тек мемлекеттік тілде  жүзеге асуда. 
Рас, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 14 тамыздағы «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» № 769 Қаулысы негізінде мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің штат кестелеріне қазақ тілінде іс жүргізушілер мен аудармашылардың лауазымдары енгізілген болатын. Бұл «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң қағидаларын орындаудағы басты қадам еді.
Міне, содан бері біраз жылдар өтті. Мемлекеттік ұйымдардағы, кәсіпорындар мен мекемелердегі іс жүргізушілер мен аудармашылар қауымы біршама жасарды әрі біліктілік дәрежелерін арттыра түсті, бірқатары  өз саласы  бойынша оң тәжірибе де жинақтады. 
Бұған келтірер мысалдар да жеткілікті. Айталық, облыс және Павлодар қаласы әкімдіктері аппараттарындағы Д.Құсманова мен Б.Қажтаева, облыс экономика және бюджеттік жоспарлау; қаржы; кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларындағы Т.Мұхамеджанова, Ш.Кенжикова мен А.Сағатова, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Павлодар филиалындағы А.Құланбаева және тағы басқалар  – осындай мамандар. Бұлар өз орталарында мемлекеттік қызметшілердің хат-хабарлар мен түрлі ақпараттарды, әкімдік қаулылары мен алқа шешімдерін, әкім өкімдерін мемлекеттік тілде дайындауларына айтарлықтай көңіл бөлуде, оларға өз тараптарынан тиісті әдістемелік те, практикалық та көмектерін тигізуге барынша  тырысып бағуда.
Дегенмен, тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының «мемлекеттік тілдің толыққанды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тілдік саясатты дамытуға бағытталғанын» ескерсек, күні бүгін мұндай уақыт талабына сай келетін игі жұмыс барлық жерде бірдей жүргізілмей келеді. Біздіңше, бұл жұмыстың етек алмауы, кең түрде  жолға қойылмауы мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге деген талаптарының қатаң түрде болмауында, тиісінше мән бермеулерінде жатыр.
Қараңызшы, Н.Қ.Ромазанова басқаратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Павлодар филиалындағы барлық  қызметкерлер өз міндеттеріне қатысты құжаттарды қазақ тілінде дайындай алады. Біліктілік дағдыларын филиалда ұйымдастырылатын курстарда жетілдіріп отырады. Филиал басшылығы қамтамасыз еткен көмекші құралдар мен терминологиялық сөздіктерді тиімді пайдалана біледі. Мекеменің мемлекеттік тіл жөніндегі маманы А.Құланбаева қызметкерлердің қазақ тілінде дайындаған материалдарын редакциялаумен қатар, оларға практикалық та, әдістемелік те көмек  көрсетеді. Ұжымдағы өзге ұлт өкілдерінің құжаттар дайындауға төселулеріне баса көңіл бөледі. Олармен қажетіне қарай жеке жұмыс та жүргізеді. 
Осы тәріздес жұмыстар облыстық жылжымайтын мүлік  орталығы  мен Павлодар мемлекеттік педагогика институтында да тиісті дәрежеде атқарылуда. Шын мәнінде бұл істің  ешқандай құпиясы жоқ дер едік. Бұл маңызды мәселеде тек қана мекеме басшысының ұжым мүшелеріне деген қатаң талабы мен мемлекеттік тіл жөніндегі маманның ұжымдағы әр қызметкерге деген жан-жақты қамқорлығы  болса жеткілікті.
«Біздің мекемеде бірнеше ұлт өкілдері бар», «қазақтарымыздың өздері – орыс тілділер», «құжаттарды дайындауға қажетті көмекші құралдар да жетіспейді» дегендей қисынсыз  сылтаулар – бос сөз. Ең бастысы, мекемеде іс қағаздарының табиғаты мен оларды талапқа сай жүргізу әдістемесін жетік білетін ұйымдастырушылық қабілеті бар маман болса болғаны. Енді аудармашыға қашанғы арқа сүйей бермекпіз?! 
Ал осы салаға қатысты неше түрлі оқулық дейсіз бе, әдістемелік не көмекші құралдар, терминологиялық не орфографиялық сөздіктер дейсіз бе – бәрі жеткілікті ғой.  Басқа әдебиетті сөз етпегеннің өзінде облыс тілдерді дамыту басқармасы басып шығарған біздің «Іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізу  мәселелері» (Павлодар – 2006 ж.), республикалық Тіл комитеті шығарып, аталған басқарма таратқан «Іс қағаздары үлгілері» (Алматы – 2006 ж.) әдістемелік құралдары, Д.Қ.Бекішева мен Г.Ж.Дұрысбаеваның «Қазақ тілі» (Алматы – 2006 ж.) оқулығы, бұлардан басқа: «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттау мен құжаттаманы басқарудың бірүлгі ережелері» (Астана – 2009 ж.), Л.Дүйсембекованың «Іс қағаздарын қазақша жүргізу» оқу құралы (Алматы – 2001 ж.), А.Алдашева, З.Ахметжанова, Қ.Қадашева, Э.Сүлейменовалардың «Ресми іс қағаздары» атты мемлекеттік қызметшілерге арналған анықтамалығы  (Алматы – 2002 ж.), В.Салагаев пен Б.Шалабайдың «Іс қағаздарын жүргізу. Составление деловых бумаг» (Алматы – 2004 ж.), құралы, Б.Жахина, А.Құрманова, И.Қайырбековалардың «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу курсы» оқу құралы (Көкшетау – 2003 ж.), Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімі шығарған «Іс қағаздарында жиі қолданылатын сөз тіркестері. Словосочетания, часто употребляемые в делопроизводстве» (Астана – 2000 ж.) сөздігі сияқты әдебиеттің де мамандарға берері мол. 
Бұл оқулықтар мен әдістемелік құралдар мекеме қызметкерлерінің мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгерулеріне, ауызекі тілден бастап, олардың қазақ тілін ресми қарым-қатынас тілі дәрежесінде үйренулеріне және қызмет барысында ресми құжаттарды дайындауда өз беттерімен еркін қолдана алуларына мүмкіндік туғызады.
Демек, ұжымдағы қызметкерлерге іс қағаздарын жүргізуде бірден-бір тәлімгер болатын жан – мемлекеттік тіл жөніндегі маман. Бұл ретте оның осы сала мәселелерінен жан-жақты хабардар болуы және әдістемелік шеберлігі жағынан басқаларға үлгі болуы керек. Ол үшін маман аталған әдебиетті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілер жинағын, «Қазақстанда іс қағаздарын жүргізу» журналында жарияланған   әдістемелік  материалдарды да тиімді пайдалана білуі тиіс.
Бұл ретте әр  мекемедегі осындай даярлығы бар  маманның  орны ерекше болмақ.  Иоганн Гетенің «Өзі үшін ғана еңбектенген адам азап шегеді. Басқалар үшін еңбек еткен адам олардың қуанышына ортақтасады» дегеніндей, ол  өз білгенін басқаларға үйретеді. Маман ең алдымен мекемедегі мемлекеттік тілде құжаттар дайындайтын қызметкерлердің осы тілді білу дәрежелерін зерделеуі тиіс. Сонда олардың әрқайсысына қажетті әдістемелік және практикалық көмек деңгейі белгілі болады. Осыдан кейін оларды іс қағаздарын жүргізуге жаттықтыру жұмысы басталады. 
Біздіңше, осы орайда қызметкерлерді жоғарыда біз атаған ғалымдардың  мемлекеттік қызметшілерге арналған «Ресми іс қағаздары»  анықтамалығындағы екі тілдегі «Ресми құжаттар тілінде қолданылатын тұрақты сөз орамдарымен» таныстырып, оларды күнделікті шаруада пайдалануға ұсынған жөн. Мұнда құжат мәтінін дайындауға қажетті сөз орамдары қазақ және орыс тілдерінде («байланысты – в связи с ..., в связи с ... – байланысты» дегендей үлгіде ) беріледі. Мысалы:
 
Осындай құнды құралдардың бірі – қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Бұл құрал іс қағаздарымен жұмыс істейтін мамандардың жазу мәдениетін көтеруге бірден-бір көмектеседі. Қазіргі кезде күнделікті іс қағаздарын  жүргізуде  Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті 2007 жылы шығарған басылымы басшылыққа алынуда. Әркім сөздікті пайдалана отырып, тіліміздегі қос сөздерді, біріккен сөздерді, жазылуы қиын сөздерді, сондай-ақ кірме сөздердің қазақша баламалары мен  халықаралық термин сөздерді қатесіз жазуға төселеді. Сондықтан орфографиялық сөздік  іс қағаздарын жүргізуші әр  маманның үстелүсті құралына айналуға  тиіс. 
Қызметкерлерді аударма және терминологиялық сөздіктермен де жақын таныстырған жөн. Олар мұндай сөздіктермен ұдайы әрі ізденімпаздықпен жұмыс істеген жағдайда өздері түсіне бермейтін бірқатар  сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналарына қанығатын болады. Айталық, мамандардың  «порядок» сөзінің «ретке келтіру» (привести журналы в порядок – журналдарды ретке келтіру); «рет, тәртіп» (в алфавитном порядке – әліпби ретімен); «жол» (в административном порядке – әкімшілік жолмен) сияқты;
болмаса, «средство» сөзінің «құрал» (средство защиты – қорғану құралы; средства массовой информации – бұқаралық ақпарат құралдары); «әдіс» (пустить в ход все средства – барлық әдіс-амалдарды жұмсау); «дәрі» (средство от кашля – жөтел дәрісі); «қаржы, қаражат» (выделить средства – қаржы бөлу) және т.б. мағыналарда қолданылатынын білгендері абзал. Мұндай ерекшеліктерді барынша жетік білген қызметкер қолға алған құжаттарын да сауатты дайындай алатын  болады.
Сонымен, енді туған тілімізге қатысты мемлекеттік маңызы бар бұл игі істе «Не істейміз, неден бастаймыз?» деп бас ауыртып жатудың қажеті жоқ. Ешқандай сылтауратпай-ақ, өзгелерге жалтақтамай-ақ «сеңді орнынан қозғалтатын» уақыт жетті. Әр мекемедегі тіл маманы біздің жоғарыда ұсынған тәсілдер мен әдістемені ескере отырып, қызметкерлерді құжаттарды өз беттерімен дайындатуға оңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай бірте-бірте үйретуі керек демекпіз.
 
Ульян МАҚҰЛ,
Павлодар мемлекеттік 
педагогика институты
іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бөлімінің бастығы.                                        
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 26 27 28 29 30
31