Жақында Алматы қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен О.Жәутіков атындағы VІІ халықаралық олимпиада өтті.
Физика, математика және информатика пәндері бойынша жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі білім додасына Қазақстанмен бірге Ресей, Болгария, Түркия, Грузия, Армения және басқа да шет мемлекеттердің мамандандырылған мектептерінен 46 команда (296 оқушы) қатысып, сынға түсті. Олармен бірге Павлодар облысынан да білімді оқушылардан құралған құрама команда қатысып, Қазақстанның намысын қорғады.
Білім бәсекесінде алғырлық танытқан павлодарлық құрама команданың мүшесі, №8 мектеп-лицейінің оқушысы Жаслан Бараисов алтын медаль, Андрей Дробах пен Қайролла Жакупов күміс медаль, сондай-ақ Әлішер Ахметов, Артем Клеван, Зумрат Кощегулов қола медаль иегерлері атанып, аймағымызға абыроймен оралды.
Жас таланттардың жанашыры бола білген «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Анар Түгелбаева жүзден жүйрік атанған жеңімпаздармен кездесіп, ел үмітін ақтағандары үшін облыс тұрғындарының атынан ризашылығын жеткізді.
Аталмыш олимпиададан қазақстандық оқушылардың еншісіне барлығы 45 медаль бұйырса, оның 6-ын Павлодар облысының құрама командасының оқушылары олжалады.
«Бұл - аймақ үшін үлкен жетістік», - дейді мамандар.
Н.ШОДЫР.

