ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

 

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге жұмсаған ұлағатты ұстаз, аяулы ана Мұхамеджанова Мастура Мұхитқызы мерейлі 75 жасқа келіп отыр. Ол Қашыр ауданының Жаңа құрылыс ауылында туып, Октябрь таңы мектебінде оқып, кейін Қашыр қазақ орта мектебінен қанат қақты. Одан соң Қазақ қыздар педагогикалық институтына түсіп, оны 1960 жылы география және жаратылыстану мамандығы бойынша бітірді.

 

Еңбек жолын Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданының Куйбышев орта мектебінде мұғалімдіктен бастады. Онда С.Амирова, О.Боқанова, Ж.Бөдешова, Ж.Жүсіпова, Е.Мұхамеджанова, Н.Нихамбаева, З.Сәрсенова, М.Сартаева, Қ.Серғазина, Ш.Шукитова және тағы басқа танымал, білікті мұғалімдермен 10-15 жылдай бірге жұмыс істеп, үлкен тәжірибе жинап, ұстаздығын шыңдады. Оқушылар және олардың ата-аналарымен бірлесіп атқарылған нақты іс-шаралардың арқасында өзі жетекшілік жасайтын сыныптарда жыл сайын балалардың оқу үлгерімі, тәртібі бойынша көрсеткіштері жоғарылап, мектептегі озықтар қатарынан көрінетін болды, дәстүрлі жарыстарда жүлделі орындарды алып жүрді.

Мастура Мұхитқызы отбасы жағдайына байланысты Павлодар қаласына көшіп, облысымызда білімнің қара шаңырағы, алғашқы қарлығашы болып саналатын Б.Ахметов атындағы педучилищеге жұмысқа орналасты. Осы ұжымда 10 жылдан астам жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Өзінің бар білімін, мол тәжірибесін, күш-жігерін студенттерге терең, сапалы білім-тәрбие беруге, олардан білікті, саналы, шығармашылықты ойлайтын, өмірлік белсенді ұстанымы бар мамандар дайындауға жұмсады. Осының арқасында шәкірттері мен әріптестерінің арасында бедел мен абыройға ие болды.

Педучилище директоры С.Құспанов және С.Амирова, Қ.Елубаева, Қ.Жұмабаева, З.Ибраева, Ғ.Кентаева, Қ.Қадырбаева, Қ.Мұқанова, Р.Мурзалимова, М.Сарсекеева, Ш.Төлегенов және т.б. жоғары дәрежелі маман ұстаздармен қызметтес болды. Олармен бірге сол ұжымның жақсы істері мен қол жеткен жетістіктеріне өз үлесін қосты. Көп жылғы адал, белсенді қызметі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, ұжымның, кәсіподақ ұйымының көптеген грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мастура Мұхитқызы – аяулы, қадірлі, бақытты ана. Жан жолдасы Қабиден Фатқоллаұлымен 50 жыл бірге отасып, 5 бала тәрбиелеп-өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Олардың әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты. Пединститутты үздік дипломмен бітірген үлкендері Гүлбану АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің грантын жеңіп алып, 2005-2006 жылдары Калифорния штатындағы университетте магистрлік диссертация қорғап шықты. Ақмарал өткен жылы Омбыда техника ғылымдары саласы бойынша кандидаттық диссертация  қорғап, ресейлік диплом алды. Қазір ИнЕУ-дің доценті. Гүлсім, Гүлшакар қаржы, жеке бизнес жағында, ал Ернұр энергетика саласында қызмет жасап жатыр.

Немерелері де ата-әжесін қуантып жүр. Ең үлкені Дәурен Еуразия университетін үздік дипломмен бітіріп, «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқып, қаржы-несие мамандығы бойынша магистр атағын алды. Қазір Астанада ірі фирмада менеджерлік қызметте. Дәулен биыл ИнЕУ-ді аяқтайды, қызыл дипломнан үміті бар. Қайыржан былтыр «Дарын» мектебін  «Алтын белгімен» бітіріп, Назарбаев университетінде оқып жүр. Ол Қытай, Ресейде халықаралық математикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Әлия мектепте үздік оқыса,  Данияр, Елдар мектепке дайындық топтарда тәрбие алуда.

Мен Мастура Мұхитқызын Ақтоғайда мұғалімдік қызмет жасап жүрген кезінен жақсы білемін. Кейін педучилищеде басымыз қосылып, бірнеше жыл бірге еңбек еттік. Сондықтан оның ұстаздық және ғұмыр жолдары маған өте таныс, менің көз алдымда өтіп жатты деуге болады. Мерейтойы қарсаңында Мастура сіңліме және әріптесіме             жақсы денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, отбасының, бала-шағасының көп-көп қызықтары, қуаныштарына кенеле берсін.

 

Қ.ЖҰМАБАЕВА,

педагогикалық еңбек ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің

озық қызметкері.

Павлодар қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28