Еліміздің Білім және ғылым министрлігі орта білім беру жүйесіне электрондық оқыту жобасын түбегейлі енгізбек ниет танытып отыр. Әзірге жобаның жөн-жосығы әлі пысықталу үстінде. Тәуелсіздік алғалы бері реформалар мен эксперименттерден көз ашпай келе жатқан білім жүйесінің кезекті тың жобасынан қаншалықты нәтиже шығатыны белгісіз. Десек те, министрліктің көздеген басты мақсаты – саланы әлемдік стандарттарға сай ету. Электрондық оқыту жүйесін енгізу үшін көптеген мәселелердің басын қайыру керек. Солардың бастысы – барлық мектептердің Ғаламтор желісіне кедергісіз қосылуы. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта кейбір шалғай ауылдарда Интернетке шығу мәселесі күрделі қалпында қалып отыр. Оның үстіне, бірталай білім ордаларында компьютерлік техникалар әбден ескірген, бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмайды. Міне, осы тектес проблемалар оң шешілмейінше, жаңа жобаны нәтижелі іске қосу мүмкін емес. Біз журналистік сапарлармен аудандарға барғанымызда Интернетке қатысты жоғарыдағыдай мәселелермен жиі бетпе-бет келеміз. Сондай-ақ, сапалы білім беру, берілген білімді тексеру, бағалау бағыттарында кемшіліктер әлі де көп екені баршаға аян. Министрлік барлық өзекті жағдайларды көріп-біліп отыр, сондықтан да алдағы уақытта тек тиімділік тудыратын өзгерістер мен жаңа жобалар өміршең болады деген сенім зор.
Екінші курс студенті білер ме екен?
Орта мектептің екінші сыныбында білім алатын шәкірттерге оқу жылының бірінші жартыжылдығы тәмамдалған тұста бақылау жұмысының бірқыдыру сұрақтары үлестіріліпті. Бастауыштағы балалардың жиған-терген білімін тексеру үшін жиыны жетпіске жуық сауал қойылған екен. Қызығы сол, тапсырмалардың арасынан екіншіде оқып жүрген шәкірт түгілі жоғары оқу орнының екінші курсының студенті, тіпті, мұғалімдердің өзі мүдіретін сауалды кездестіріп, қайран қалдық. Мысалы, балаларға «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңы қашан қабылданды?» деген сұрақ берілген екен. Біріншіден, бұл сауалдың өзі дұрыс қойылмаған. 1997 жылдың 11 шілдесінде қабылданған Заң ресми түрде «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңы деп аталады. Екіншіден, «мемлекеттік тіл туралы» заң жобасы елімізде алғаш рет 1989 жылы қабылданған болатын. Бірақ, ол кейін өз күшін жойып, жаңа Заң жобасы 1997 жылы қайта қабылданды. Осылайша, қазіргі қолданыстағы заң «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңы деп айтылады. Сайып келгенде, бастауыштың балаларынан жоғарыдағы сауалда қай жылғы Заң туралы сұралатыны түсініксіз. Екінші сыныптың оқушысы тәуелсіздікке дейін қабылданған бұрынғы Заңды біледі деу ақылға сыйымсыз, оны мектептегі кейбір мұғалімдердің өзі еске түсіре алмауы әбден мүмкін.
Не керек, орта білім орындарындағы оқушылардың білім деңгейін тексеруге арналған сынақ-сауалдарда осындай дәлсіздіктер мен кемшіліктер жиі орын алады. Әрине, сауалдардың барлығы дерлік дұрыс емес деуден, ол үшін тек мұғалімдерді кінәлаудан аулақпыз. Бірақ, қателіктерден арылмай келетініміз – басы ашық мәселе. Білім басқармасы мен бөлімдеріндегі кейбір жауапты мамандардың қырсыздығын да жоққа шығаруға болмас.
Оқушылардың біліктілік деңгейін сынайтын қазіргі қолданыстағы әдіс – Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты да түрлі әңгімелер тыйылар емес. Бұл туралы айтылып та, жазылып та келеді. Министрлік тарапынан жыл сайын кемшіліктер мен қателіктерді түзеу шаралары қолға алынып-ақ жүр.
Болар ма, болмас па, болжал ма, рас па?
Қалай десек те, Қазақстан отандық білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ халықаралық білім кеңістігімен сәйкестендіру бағытын мықтап қолға алып отыр. Қазіргі уақытта біздің оқушыларымыз бен студенттеріміз үшін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар, арнайы бағдарламалар арқылы шетелдерде де сапалы білім алу мүмкіндіктері жасалған. Жалпы орта білім беру жүйесін және отандық ғылымды дамыту, бұл бағытқа қаржыны көптеп бөлу, жұртшылықтың ғаламтор желісіне жаппай қолжетімділігін қамтамасыз ету, оқулықтардың сапасын және бірыңғай тестілеудің тиімділігін арттыру – осының бәрі күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселелер.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі үстіміздегі жылы орта білім беру нысандарына «e-learning» деп аталатын электрондық негіздегі оқыту жүйесін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқан көрінеді. Жаңа жүйенің қыр-сыры неде, оның нендей тиімді тұстары бар, нәтижесі не бермек? Осы тектес сауалдар дәл қазір көпшіліктің көкейінде жүр.
Жалпы, отандық білім беру саласы түрлі жаңашылдықтар мен өзгерістерден, эксперименттерден көз ашпай келеді. Олардың тиімділері де бар, шикі тұстары да жетерлік. Содан болар, білім саласында жүрген мамандар қайсыбір бастамаларға, олардан күтілетін нәтижелерге күдіктене қарайды. Электрондық негізде оқыту жүйесіне де «осы қалай болар екен» десіп отырған жұртшылық көп.
Деректерге ден қойсақ, мұндай жүйе біздің елімізде енді-енді құрылып жатыр екен. Мамандар осы күні аталмыш жүйенің қаншалықты нәтиже беретінін, мектептердің барлығы дерлік мәртебелі Интернет желісіне шығар-шықпасын екшеп жатқанға ұқсайды. Там-тұмдап жетіп отырған мәліметтерден ұққанымыз – Білім және ғылым министрлігі «Жалпыминистрлік портал» құруды қолға алыпты. Бұл портал арқылы электронды оқулықтардың барлығы мектептерге қажетінше жіберіліп отыратын көрінеді. Ал мектептер өз кезегінде дербес сервер ашады екен. Тіпті, интернет жүйесі арқылы өзара ортақ байланыс желісі болмай жатса да, әрбір мектеп жалпы министрлік портал бойынша автономды тұрғыда өздерінің компьютерлерін пайдаланып, қызықтырған кез келген сұрақтарына нақтылы жауаптар алуға қол жеткізеді дейді мамандар. Порталда барлық сабақтар, оқулықтар және өздік жұмыстар орналасады екен. Жүйенің тиімділігі сол – қажетті білімді кез келген уақытта, кез келген жерде – мектепте, үйде, кітапханада отырып алуға болатын көрінеді. Қысқасы, электрондық негіздегі оқыту жүйесі балаға қажетті білім беру қызметтерін кез келген жерде ұсына алады. Ауқымы мен маңызы жоғары бұл бағдарламада балалардың компьютерлермен жеткілікті тұрғыда қамтамасыз етілуі мәселесі де қарастырылмақшы. Мәртебелі министрліктің бұл бастамасы һәм жаңашылдығы қаншалықты оң нәтиже көрсететінін алдағы уақытта білетін боламыз. Әзірге құзырлы орган бағдарламаны егжей-тегжейлі пысықтап жатса керек.
Айта кетер тағы бір жағдай – оқулықтар мәселесі. Электронды оқулықтардың барлығы министрліктің порталында орналасып, дербес серверлер арқылы мектептерге жіберілетінін айттық жоғарыда. Алайда, дәстүрлі оқулық-кітаптар да қатардан қалмақ емес. Сондықтан да, жаңа жүйеге бет бұрғанымызбен, оқулықтардың электрондық нұсқасы да, дәстүрлі нұсқасы да қатар қолданыла береді. Бірақ оқулықтардың екі нұсқасы қаншалықты қатар жүретіні беймәлім. Мұны айтып отырғанымыз, әлемде дәстүрлі оқулық-кітаптардан бас тартып, тек қана электронды оқулықтарға біржола көшкен елдер аз емес көрінеді. Бізде мұндай жағдайдың болар-болмасын дәл қазір дөп басып ешкім айта алмайды, тек уақыт көрсетеді бәрін де.
Мамандар алға тартып отырған электрондық оқыту жүйесінің тағы бір артықшылығы бар. Кез келген ата-ана өз баласының сабақтарға қалай қатынасып, қалай жауап беріп жүргенін, жалпы оқу үлгерімін бақылау мүмкіндігіне ие болады.
Түптеп келгенде, жаңа жүйені енгізуді құп көріп отырған мамандар толықтай автоматтандырылған «e-learning» жобасы еліміз үшін білім берудің заманауи жаңа деңгейіне шығуға жол ашатынын айтуда.
Алдағы замандарды ғасырлар бұрын болжаған Мөңке би бабамыздың сөздеріне орай «Болар ма, болмас па, болжал ма, рас па?» деп айтылған секемшіл ой да жоқ емес. Өйткені, жаңа жүйе әлі пісіп-жетілген жоқ, үлгісі қайсы, берері қаншалық, жүзеге асуы қалай деген мәселелер күн тәртібінде тұр. Қызу талқыланып отырған жаңа жүйенің техникалық мәселелерінің өзі шаш етектен көрінеді. Кең жолақты Интернет желісімен қамтудың өзі оңай жұмыс, яки тез шешіле салатын шаруа емес. Сондықтан да, көп болып ойласар, талқылар тұстары жеткілікті. Министрлік аталмыш жүйеге қатысты барлық мәселенің иін әбден қандырып, артынша Үкіметтің қарауына ұсынуды да көздеп қойғаны белгілі.
Тестілеу шығармашылықты тежеу ме?
Енді аз-кем Ұлттық бірыңғай тестілеу туралы әңгіме өрбітсек. Бастапқыда түйткіл тұстары көп делінген ҰБТ-ға, шыны керек, жылыстап өткен жылдар ағымымен кәдімгідей бой үйретісіп қалғандаймыз. Тестілеумен бас қатырғанымызға да алты жыл болыпты. Министрлік бұған дейін оның жөн-жобасын, яғни форматын өзгертеміз деп талай рет мәселе қозғап көрді. Қала берді, 2011 жылы ҰБТ-ның орнына мектеп түлектерін екі кезеңдік тестілеуден өткізу, яғни ұлттық тестілеуден және кешенді тестілеуден өткізу мәселесі де айтылып қалғаны белгілі. Бұл мәселе қозғалғалы бері екі жылға таяу уақыт өтіпті. Ешқандай өзгеріс һәм жаңашылдық орын алған жоқ. Министрлік барлық тараптардың – мектеп ұжымдарының, ата-аналардың, оқушылардың ой-пікірлерін, көзқарас-ұстанымдарын, ынта-ықыластары мен жүрек қалауларын таразылай отырып, үстіміздегі жылы да ҰБТ өткізудің форматын бұрынғысынша қалдырған жайы бар.
Әрине, өзгерістің болмағанын құптағандардың қатары басымырақ. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, ылғи жаңаша әдістерден және эксперименттерден жұрттың алаңдаушылығы көбейіп, кәдімгідей мезі болды. Содан болар, ҰБТ мәселесіне келгенде «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» деген қағиданы қаперге алғандаймыз. Егер министрлік екі кезеңдік тестілеу әдісін енгізетін болса, онда қосымша қиындықтар туындайтыны бесенеден белгілі. Ал министрлік, қала берді, Үкімет мұндай артық шаруаларға, шығындарға тас түйін дайын емес. Тіпті, мектеп ұжымдары да, ұстаздар мен ата-аналар да, оқушылар да құп көрмейді мұны.
Десек те, Білім және ғылым министрлігінің тізгінін ұстаған Бақытжан Жұмағұлов мырза ҰБТ-ның мазмұнын өзгерту жөнінде жаңа ұсыныстар айтып қалғанын естідік. Оның айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеудің жалпы құрылымы жаман емес, тек ішкі мазмұнын жаңарту қажет. Түлектердің шығармашылық тапсырмаларды көбірек орындауын нақты жолға қою керек дейді ол. Әйтпесе, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, сауалдардың бәріне еш ойланып жатпастан белгі соға беру дұрыс емес, министрлік бүгінгі күні осы мәселеге жіті назар аударуда дейді министр мырза.
«ҰБТ-ны екі, үш, тіпті, бес кезеңге бөліп те өткізуге болады, бұл соншалықты проблема емес. Бірақ басты мәселе тестілеу жүйесі әрбір оқушы шығармашылық тұрғыда ойлай білетіндей, тапсырмаларды шығармашылық негізде шешіп-орындай алатындай деңгейде болуы қажет», - деп атап көрсетеді министр Б.Жұмағұлов мырза.
Сөз жоқ, ҰБТ өткізуді жолға қою арқылы қол жеткізген ұтысымыздың бірі – жең ұшынан жалғасатын сыбайластықтан арылуға көштік. Оқушылар тест тапсыру барысында мұғалімдермен тікелей қарым-қатынас жасай алмайды, бақылау күшейтілген, тексеру қатаң. Бірақ ҰБТ өткізгелі бері жыл сайын мұндай бағыттағы кемшіліктер мен заң бұзушылықтар тіркеліп жүр. Сондықтан да жымысқылықтан түбегейлі арылдық деуге ертерек шығар дейміз. Талап пен бақылауды барынша күшейте түсу әлі де басым бағыттың бірінен саналып отыр.
Жүйенің енді бір тиімділігі - ҰБТ арқылы түлектер Қазақстанның кез келген жерінде сынақ тапсырып, соның нәтижесі бойынша еліміздегі кез келген һәм өзі таңдау білдірген, ықылас танытқан оқу орнына түсуге мүмкіндік алғандығы. Қысқасы, білім беру қызметтерін пайдалану бойынша барлық түлектерге біркелкі қолжетімділік жағдай жасалған. Қала мектебі, ауыл мектебі деген секілді алалау деген атымен жоқ. Сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары көрсеткішке жетсең болғаны, қалаған жердегі таңдаған оқу орнына жол ашық!
Айтып-айтпай не керек, биылғы жылғы ҰБТ науқаны да таяп қалды. Сәуір айынан бастап мектептер атқа қонғандай болады. Ал негізінде мектеппен қош айтысып, жоғары оқу орнынан дәме еткен түлектер ұлттық сынаққа жыл бойы дайындық жасап жатыр. Бұл бұлжымас дәстүрге айналып кетті. Қай мектепке бас сұқсаң да, ең көп еститін сөзіміз «Тестілеу» деп басталады. Мектептердің рейтингісі де осы ҰБТ нәтижелеріне байланысты шығарылады. Соған сәйкес, әрбір мектеп мәртебелі сынақтан абыройлы өтуге бар күшін салып бағады.
Іске сәт!
Асыл ӘБІШЕВ.

