Жақында «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйытқы болуымен Павлодар қаласындағы мамандандырылған «Жас дарын» орта мектебінде талантты балалармен кездесу өтті. Оған «Қазақстан-2030» стратегиясы аясындағы Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық дамуының моделі» атты ХІІ республикалық оқушылардың ғылыми жобалар жарысына қатысып, облыс намысын қорғағалы отырған 50 бала шақырылды.
Кездесуге жиналған павлодарлық дарынды оқушылар аталған ғылым додасына деген дайындықтары жөнінде әңгімелеп, бір-бірлерімен пікір алмасты. Сонымен қатар, шараға арнайы қатысқан Инновациялық Еуразия университетінің психология кафедрасының оқытушылары балаларға психологиялық кеңес берді.
Атап өтерлігі, талабы таудай балалардың ой-өрісін дамытып, нағыз таланттың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуларына қолдау көрсетуді мақсат еткен аталмыш жарыс бұған дейін мектепішілік, облыстық және іріктеу кезеңдері бойынша өткізілген болатын. Ал осы үш кезеңнен де сүрінбей өтіп, республикалық жарысқа жолдама алған павлодарлық оқушылар қазір ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткізіліп жатқан қорытынды байқауда бақтарын сынауда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау 3 наурыз күні, яғни бүгін, мәресіне жетіп, жүзден жүйрік атанған жеңімпаздар анықталады деп күтілуде.
«АЗАМАТ» ЖОБАСЫ ОҚУШЫЛАРҒА ОЙ САЛДЫ
Өткен жылдың қазан айында Алматы қалалық азаматтық білім беру ғылыми-ақпараттық орталығының бастамасымен Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында «Азамат» жобасы жүзеге асқан болатын. Республикада алғаш рет қолға алынған ауқымды жобаның мақсаты - жеткіншектерді әлеуметтік маңызы бар қоғамдық мәселелерді шешуге баулу және адамгершілікке тәрбиелеу.
Таяуда облыстық білім беру басқармасы мен балалардың құқықтарын қорғау департаментінің мұрындық болуымен аталған жоба аймағымызда жалғасын тауып, оқушылар арасында түрлі бағыттағы түйінді мәселелерді зерттеу бойынша байқау ұйымдастырылды. Оған Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларынан 14 жалпы білім беру мектебінің оқушылары қатысты. Олар «Кенжекөл мектебіндегі өзекті мәселелерді шешудің маңыздылығы», «Онкологиялық аурулардың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру», «Химиктер мөлтек ауданындағы оқушыларға спорт алаңы қажет», «Жол апатын болдырмаудың шарттары», басқа да күн тәртібінде өткір тұрған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.
«Сорос Қазақстан» қоры және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған қазылар алқасы байқауда көтерілген тақырыптардың өзектілігі мен мазмұнын бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Жоба қорытындысы бойынша Павлодар қаласындағы №17, 23, 29, 30 және 39 мектептер жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ барлық қатысушыға арнайы сертификат табыс етілді.
Алматы қалалық азаматтық білім беру ғылыми-ақпараттық орталығының директоры Арман Арғынов жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап, қоғамдағы мәселені шешуге атсалысу - қазақстандық әр азаматтың борышы екенін атап өтті.
МҰҒАЛІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫ
Кеше С.Торайғыров атындағы ПМУ-де облыстық білім беру басқармасы мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен мұғалімдердің облыстық пән олимпиадасы өтті. Айта кетерлігі, оған қатысуға 500-ден астам білікті мұғалім ниет білдірген. Алайда облыстық деңгейдегі білім додасына олардың арасындағы өз мамандығының нағыз шеберлері ғана жолдама алды.
Сонымен биыл жетінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі сайысқа алдын ала іріктеу кезеңінен сүрінбеген 213 мұғалім қатысып, 14 негізгі пән бойынша білімдерін таразылады. Олар өз пәндері бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындап, ХХІ ғасыр мұғаліміне қойылатын заман талаптарына сай екендіктерін көрсетті.
Олимпиадаға қатысушылардың жұмыстарын облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары мен облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының тәжірибелі әдіскерлері бағалады.
Кешкісін олимпиаданың жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаз атанған ұстаздар арнайы дипломдармен марапатталды.
ҰТҚЫР ПІКІРЛЕР АЙТЫЛДЫ
Қазақстан Республикасының бірінші ханымы, «Бөбек» қорының Президенті Сара Назарбаеваның туған күніне орай, республика мектептері мен балалар үйлерінде мерекелік кештер ұйымдастырылды.
Ел анасының құрметіне арнап мазмұнды шара өткізуден Павлодар қаласындағы мектептер де кенде қалған жоқ. Соның дәлеліндей, жуырда №25 жалпы білім беру орта мектебінде тарих және география пәнінің мұғалімі Венера Қырықбаеваның жетекшілігімен «Адам бойында адамгершілік пен қайырымдылық сақталады» деген тақырыпта дебат сайысы өтті. Шараға қатысқан оқушылар елдегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық пен жастар тәрбиесі жөнінде жан-жақты ой толғап, өзара пікір таластырды.
Бүгінгі таңда елдегі қорғансыз жеткіншектер үшін барлық жағдай жасалғаны белгілі. Дебатқа қатысқан оқушылар мұндай балаларға мемлекет қана емес, жекелеген азаматтар да қол ұшын беріп, қайырымдылық жасаулары керек деген ой түйді. Шара мазмұнды өтті.
Нұржайна ШОДЫР.

