5 сәуір күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жас ғалымдар, студенттер мен мектеп оқушыларының «ХІ Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференцияға 361 оқушы, 726 студент және 613 жас ғалым қатысты. Он бірінші мәрте ұйымдастырылған шараға аймағымыздың қалалары мен аудандарынан және Астана, Семей, Өскемен, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды қалаларынан, сонымен қатар Ресей Федерациясының Чита, Новосібір, Томск, Омск өңірлерінен, Дағыстан автономиялық республикасынан, Бішкек, Ташкент, София қалаларынан жас ғалымдар келді. Жалпы конференцияға 2 мыңдай ғылыми мақала ұсынылды. Қатысушылардың еңбектері 35 томдық жинаққа енді.
«ХІ Сәтбаев оқуларында» топ жарған студенттердің бірі – Қымбат Құнанбаева. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің биылғы түлегі ұстаздары артқан сенімді ойдағыдай ақтап шыққанына қуанышты. «Қазақстан ғылымына шама-шарқымша өз үлесімді қосу - менің басты парызым. Сол себепті, еліміздің өркендеуіне ғылым арқылы титтей де болса септігімді тигізгім келеді»,- деп ағынан жарылды ол. Конференция жеңімпаздары мен жүлдегерлері түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

