Елбасы Жолдауындағы еліміздің дамуының басым бағыты - білім беру саласы. Таяу уақытта біз 12 жылдық оқыту моделін жүзеге асырамыз. Бұл – Қазақстан тарихындағы маңызды қадамдардың бірі. Өйткені, осы қадам білім беру жүйесінің халықаралық үлгіге өтуінің тиімді әрі нәтижелі жолы. Жаңа үлгіде білім алған мамандандырылған мектеп түлектерінің парасат-зердесі мен ой-өрісі әлеует құзіреттілігін кеңейтеді, келешегіне жол ашады. Күшті де қуатты ел болу үшін әр адам білгір, білімді ғана емес, рухани толыққан тұлға болуы керек. Бұл саналы әр азамат пен азаматшаның еліміздің әлемде бәсекеге қабілетті ел болуға қосқан үлесі болмақ. Осы орайда мектептің, ұстаздың ролі ерек. Мектеп – ұшқыннан жалын лаулатып, баладан дана тәрбиелейтін киелі ошақ. Ошақ иесі – ұстаз - ұлы күш! «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді қазақ. Ұстаздың құзіреттілігін көтеру жолында Павлодар қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет қызметкерлері көп жұмыс атқаруда. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне әдіскер тарапынан біршама пайдалы шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, қаламыздағы жоғары оқу орындарының филолог ғалымдарымен бірлескен бірнеше кеңес сағаттары, кездесулер өтті. Мұғалімдердің өз ішінде де тәжірибесімен бөлісетіндер аз емес. Айталық, облыс орталығындағы №25 мектептің озық тәжірибелі ұстазы Ж.Төлеубаеваның қазақ әдебиетін оқыту туралы, №9 мектептің мұғалімі Е.Байтілеуованың, №43 мектептің мұғалімі С.Аубәкірова, №21 мектептің білікті ұстаздары Л.Есембаева, З.Мұсылманова, А.Асылбекованың қала мұғалімдеріне арнап өткізген «Оқушы құзіреттілігіне бағытталған тапсырмалардың ерекшелігі мен талабы», № 42 мектептің ұстазы Э.Қамзинаның жетекшілігімен бірнеше жыл қатарынан жүргізіліп жүрген «Оқу үрдісіне М.Жанпейісованың модульдік технологиясын енгізудің тиімділігі» атты шығармашылық топтың жұмысы, №41 мектептің мұғалімі Г.Жүсіпованың «АКТ технологиясы - ұстаз құзіреттілігінің кепілі», басқа да түрлі тақырыптардағы ұстаздар семинарларының маңызы зор. Сонымен қатар, қала мектептерінде тіл жанашыры боп жүрген ұлағатты ұстаздар аз емес. Ерекше атап өтуге тұратын Павлодар қаласындағы №1 мектептің оқу ісінің меңгерушісі Р.Жолдасоваға және әдістеме бірлестігіне барлық қала мектептері мұғалімдерінің алғысы шексіз. Себебі, бұл ұжым жыл бойы қазақ тілі мұғалімдеріне АКТ–ның қыр-сырын егжей-тегжейлі үйретуде. Мақсат – заманмен бірге адымдап қазіргі оқушының үдесінен шыға білу, талабына сай болып, пәнге деген қызығушылығын ояту.
Жуықта қалалық білім беру бөлімінің жоспары бойынша білім беру стандартын жүзеге асырудағы білім беру үрдісінің жағдайы мен оқу кабинетінің ролін жақсарту мақсатында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні кабинеттерінің байқауы өтті. Байқау шарты бойынша білікті мамандардан құралған қазылар алқасы әдістемелік-дидактикалық мазмұнға баса назар аударды. Бұл байқау бізді тұтас бір пәннің меңгерілу, жан-жақты қамтамасыз етілу мазмұнына қанықтырса, мектептерге де тиімділігі аз болмады. Көптеген мектептердің кабинеті заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтылып, білім стандартын жеткіншекке тиімді меңгертіп отырғанына көз жеткіздік. Байқау қорытындысы бойынша Кенжекөл орта мектебі, №2 мектеп-интернаты және өзге де мектептердің кабинет жағдайы әртүрлі пайыздық деңгейде оң бағаланды. Ұстаздар «...Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзінің салмағын жақсы түсініп, жауапкершілікпен жұмыс жасауда. Мемлекеттік тілді меңгертуші қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің базынасы да жоқ емес. Олар мектептегі ең жарық, кең маңдайалды кабинет пәнімізге берілсе, материалдық базасының нығаюына бұдан да зор күш салынса деген тілекте. Шынымен, мектептердегі қазақ тілі кабинеттеріне интерактивті тақта, басқа да заманауи техникалар ауадай қажет. Біз мұндай мәселелердің жақын уақытта шешімін табатынына сенімдіміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев соңғы Жолдауында алдағы он жылда мектеп түлектері 100% қазақ тілін меңгеріп, 2020 жылы Қазақстан тұрғындарының 90%-ы қазақша сөйлейтініне сенім білдірген. Бұл -түсіне білсек, татулықты ту еткен толағай түйін. Мұның бәрі - біріге отырып ғылымды, мәдениетті, зияткерлікті көтерудің қарышты қадамы.
Қ.МҰҚЫШЕВА,
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің маманы.

