Елбасы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты халыққа Жолдауында: «2020 жылға қарай біз оқытудың 12 жылдық моделіне толықтай көшетін боламыз. Ол үшін 2015 жылға қарай республикалық бюджет есебінен кемінде екі жүз мектеп салып, осынша мектепті жергілікті бюджет есебінен тұрғызамыз», - деген болатын. Осыған орай, елде 12 жылдық білім беруге дайындық шаралары біртіндеп қолға алынуда. Соның дәлеліндей, жақында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында «12 жылдық білім беруге көшу мәселелері және оларды шешу жолдары» деген тақырыпта дөңгелек үстел шарасы ұйымдастырылды. Оған облыстық білім беру басқармасының қызметкерлері, педагог мамандардың біліктілігін арттыру институтының әдіскерлері, аймақтағы жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептердің басшылары және ұстаздар қауымы шақырылды.
Шараға қатысушылар 12 жылдық оқытуға көшу жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, аталған мәселеге байланысты өңірде жүргізілген эксперимент жұмыстарының нәтижесі мен білім беру мекемелерінің алдағы күннің еншісіне жоспарлаған бағыт-бағдары талқыланды.
Н.АҚЫТЕГІ.

