Таяуда облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебінде 2011 жылғы ҰБТ (ұлттық бірыңғай тестілеу) шарасын өткізуге байланысты ақпараттық-түсіндіру семинары өтті. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының орынбасары Бақытжан Тұрдалиев арнайы қатысты.
Мектеп бітіруші түлектер үшін ұйымдастырылған игі шараны он-лайн режимінде аймағымыздағы барлық білім ордаларының мұғалімдері мен оқушылары көріп, өздерін толғандырған сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды.
Бақытжан Тұрдалиев биылғы оқу жылының соңында өткізілетін ҰБТ шарасы жөнінде толығырақ әңгімелеп берді. Оның айтуынша, ҰБТ-ға қатысуға арналған өтініш сәуір айының 25-ші жұлдызына дейін қабылданып бітуі тиіс. Сондай-ақ, бұл білім сынына жалпы орта білім аттестатын алуға үміткер түлектермен қатар түрлі деңгейдегі ғылыми сайыстар мен республикалық пән олимпиадаларының жүлдегерлері, «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткер оқу озаттары және үстіміздегі жылы жоғары оқу орнына түсуге ниетті барлық түлек қатысады.
ҰБТ Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының жалпы білім беретін оқу бағдарламасы негізінде әзірлеген тест тапсырмалары арқылы өткізіледі. Айта кетерлігі, тест сұрақтарының мазмұны мектеп бағдарламасының шеңберінен шықпайтын болады. Егерде, тест тапсырмаларын орындау барысында даулы сұрақтар туындаған жағдайда талапкер ҰБТ-ны өткізу пункті жанында құрылған апелляциялық комиссияға тестілеу нәтижесі хабарланғаннан кейінгі келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін өтініш жазып, мән-жайды хабарлауы керек.
Тестілеу өткен жылғыдай қазақ тілі немесе орыс тілі, математика, Қазақстан тарихы және таңдаған мамандығына байланысты қосымша пән бойынша жүргізіледі. Әрбір пәннен 25 сұрақ ұсынылып, оларға жауап беру үшін талапкерге үш жарым сағат (210 минут) уақыт берілетін болады. Тестілеу кезінде қатысушылардың орын ауыстыруына, бірінен бірі көшіруге, оқулықтарды пайдалануға, ұялы байланыс құралдарын қолдануға тыйым салынады. Ал аталған ережені бұзған түлек аудиториядан шығарылып, оның тестілеу нәтижесі жойылады.
Облыс түлектері үшін осындай мәлімет берген Бақытжан Тұрдалиев сөз соңында барлық павлодарлық түлектерге алдағы ҰБТ-дан сүрінбей өтулеріне тілектес екенін жеткізді.
Н.АҚЫТЕГІ.

