Топырағы киелі Ертістің Павлодар өңірі қашанда дарындарымен, тума таланттарымен мақтана білді. Байқап қарасақ, біздің өңірімізден Ұлттық Ғылым Академиясының 21 академигі шықты. Бұл кемеңгер тұлғаларымыз – Қазақстанның ғылым саласының алтын қоры деп айтсақ та болады. Дүниежүзілік ғылым әлеміндегі есімі жарық жұлдыздай жарқырайтын, аты төрткүл әлемге әйгілі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өз жерлесіміз болуы да - зор мақтаныш. Халқын сүйген ұлы тұлғаның ізін басқан білімді ұрпақтың болуынан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Осылайша, ой толғауымның өзіндік мәні бар...
Қазіргі әлемдік жаһандану заманында аға буынның ізін басып келе жатқан интеллектуалды жас ұрпақ та өз жетістіктерімен қуанта білді. Мәселен, Елбасымыз «Алтын бала» деп атаған Қуат Есенов АҚШ-тың ең үздік студенттерінің қатарына еніп, қазір Массачусетс Технологиялық институтының ең жас докторанты атанды.
Қайрат Ахметов – Астана қаласындағы «The One Capital» атты ақпараттық технологиялар компаниясының директоры. Ал Жәнібек Датбаев – Индиана штатындағы американдық университетінің түлегі, Дәулет Жанғозин – Сингапурдегі технологиялық институттың студенті, Нұрсұлтан Балтабаев Ұлыбританияда оқиды. Жалпы алғанда, біздің облыстың көптеген оқушылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Олардың қатарында Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясының ең жас түлегі, Миланның Жоғары Музыкалық Академиясының студенті, Ла Скала опера театрының жас әншісі Маша Мудряктің де есімін зор мақтанышпен айта аламыз. Талантты балалардың барлығы да – біздікі – Павлодардікі! Біз олармен мақтанамыз.
Киелі өңір ұл-қыздарының есімінің елге танылуына әрине, ең алдымен дарынды балаларды танып, олардың қабілетін анықтап, дамытуда белгілі бір білім жүйесінің болуы керек. Міне, бізде осы қажетті жүйенің іргетасы мықты қаланған.
Павлодар облысында жыл сайын олимпиаданың мектепішілік кезеңінде 50 мыңға жуық оқушылар, ал аудандық кезеңде 4 мыңдай оқушы қатысады. Соңғы он жыл ішінде құрама командамыз екі рет «Ең үздік олимпиадалық команда» құрметіне ие болды. 2001 және 2008 жылдары республикалық олимпиаданың Павлодар қаласында өтуі – осы команданың нәтижелері арқасында деп айтсам, артық айтқандық болмас.
Әрине, бұл жетістіктердің барлығы оқушыларды дайындайтын кәсіби шеберлігі жоғары педагогтардың арқасы. Қазіргі кезде облысымыздың сегіз мұғалімі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Ведущий к вершине олимпа» сертификатын иеленді. Бұл тұста мектеп оқушыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін Павлодар облысы жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушыларының еңбегін де атап өткеніміз дұрыс.
Бүгінгі таңда біздің облысымызда атаулы бағыттағы білім беру саласында белсенді жұмыстар атқарылғандығын және он жыл уақыт ішінде орталықтың құрылымымен бірқатар дарынды балалармен жұмыс істеудегі педагогика-ұйымдастырушылық қамтамасыз ету жағынан көп жағдайлар жасалғанын айтып өткен дұрыс.
«Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының (АҒТО) жұмыс істеу жүйесі баланың өздігінен қосымша білім алу құқығын пайдалануға, жеке тұлға ретінде өз қабілетін, дарынын тануына, тұтастай алғанда, өмірдің шың биіктерінен көрінетін, ХХІ ғасырға лайықты азамат болып қалыптасуына шынайы мүмкіндіктер береді. Ал бұл мүмкіндікті жіберіп алмау - әр оқушының өз қолында...
Оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадасы осымен 49 рет өткізіліп отыр. Жылдағыдай С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте өңіріміздің 3 қаласынан және 11 ауданынан құрамында 628 оқушы бар 24 мектеп командасы жиналды.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша 280 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Ауыл мектептерінен қатысқан 15 оқушы Құрмет грамотасына ие болды. Оқушыларды дайындаған 15 ұстаз «Дара ұстаз» сертификаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, олимпиадада «Ең үздік команда», «Ең үздік ауыл мектебі», «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Олимпиаданың жаңа жұлдызы», «Ақыл - жастан, асыл - тастан», «За волю к победе» аталымдары бойынша жүлделер тапсырылды. Олимпиаданың 11-сынып оқушылары арасынан жүлдегер атанғандарға 45 оқу гранты берілді.
Анар ТҮГЕЛБАЕВА,
«Ертіс дарыны» АҒТО-ның директоры.

