Жақында Астана қаласында «КАТЕV» халықаралық қоғамдық қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында «Жарқын болашақ» атты ІІІ республикалық қазақ тілі олимпиадасы өткен болатын. Аталмыш білім додасында облыс намысын қорғаған павлодарлық өрендер өңірге жүлдемен оралды. Сондай-ақ, Павлодар облысының құрама командасы «Үздік команда» деген атауға ие болды.
Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту әрі туған тілдің қайнарынан қуат алған дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Жарқын болашақ» олимпиадасына республиканың түкпір-түкпірінен ең талантты балалар қатысып, білімдерін таразылады. Олимпиада ережесіне сәйкес алты бағыт бойынша өтті. Солардың ішіндегі «Жазушылар» бағытында облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы Зерде Әбіш алтын медаль, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша тағы да осы білім ордасының шәкірті Құрметбек Қайролла қола медаль, ал «Сахна саңлақтары» бағыты бойынша сынға түскен Павлодар қаласындағы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушылары да қола медаль иегерлері атанды. Сонымен қатар, «Жас ғалым» бағытында тілтану секциясы бойынша ғылыми зерттеу жасаған дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Айғаным Сексенге Сулейман Демирель атындағы халықаралық университеттің гранты табыс етілді. Атап өтерлігі, осындай талантты оқушыларға білім берген ұстаздардың еңбегі де елеусіз қалмады. Олимпиаданы ұйымдастыруға ұйытқы болған «Катеv» халықаралық қоғамдық қорының атынан шәкірттері жүлделі орын алған бірқатар мұғалімдерге Алғыс хаттар жолданып, сый-құрмет көрсетілді.
Н.ШОДЫР.

