БАҚ ШАБА МА ӘЛДЕ БАП ШАБА МА?

Міне, биылғы оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Барлық «оқушы» атаулының қуанышында шек жоқ. Өйткені, оларды алда жазғы демалыс күтіп тұр. Ал мектеп бітіруші түлектердің жайы басқа... Олай дейтініміз, біріншіден - түлектер алтын ұя мектептері мен ұлағатты ұстаздарын қимай, көңілдері босаса, екіншіден – ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) қалай тапсыратындарын уайымдап, жүректері лүпілдеп жүр. Бұл - әрбір түлек пен мұғалімнің дәл қазіргі жан толғанысы.

 

Бүгінгі таңда ұлттық бірыңғай тестілеу шарасы мектеп бітіруші түлектердің келешек тағдырын шешетін ең қиын сынаққа айналды. Сондықтан да, 11-сынып оқушылары оқу жылының басынан-ақ осы науқанға қауырт дайындалуда. Тіпті, көптеген мектептердің түлектері тек қана ҰБТ-ға дайындалып, басқа пәндерді мүлдем ұмытқандары жайлы ел аузында алып-қашпа әңгімелер де аз айтылып жүрген жоқ....

«Сабақ кестесінде аты бар, бірақ, заты жоқ, іс жүзінде жүргізілмейтін мұндай пәндерді оқушылар оқымайтын болса, оны 11-сыныптың бағдарламасына енгізудің не қажеті бардеген ата-аналар да кездесіп қалады. Бір қызығы, ҰБТ-ны сылтау еткен кейбір жалқау түлектердің арасында алыс-жақындағы ағайын-туысын аралап, көңіл көтеріп жүретіндері де бар көрінеді. Осыдан кейін 125 сұрақпен олардың он бір жыл бойы алған білімін таразылаудың қаншалықты маңызға ие екені айтпаса да түсінікті.

Осылайша, түлектеріміз ұлттық бірыңғай тестілеуге жыл бойы «түрлі тәсілмен» дайындалып, алтын уақыттарын сарп еткенімен, тестілеу нәтижесі көп жағдайда көңілден шықпай жатады. Бір ғана мысал келтірер болсақ, осы оқу жылының басында өткен облыстағы мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев өңірдегі «Алтын белгіге» үміткер түлектердің тек 70 пайызы ғана өз білімін дәлелдей алғанын, ал осындай әрбір үшінші үміткердің білімі жалған екенін айтып, бұл салаға жауапты адамдарға қатаң тапсырма берген болатын. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан жыл сайын 34 мың білім гранты бөлінсе, облыс түлектері оның 1 жарым  мыңға жуығын ғана иеленеді екен. Әрине, бұлқуантарлық көрсеткіш емес.

Жалпы, елімізде соңғы кездері ҰБТ-ға байланысты сан түрлі пікірталастар туындап, білім деңгейін бағалау жүйесі қатаң сынға алынып жүр. Осыны ескерген ҚР Білім және ғылым министрлігі биылғы жылдан бастап талапкерлерге қатаң тәртіп орнатуды көздеп отыр. Атап айтар болсақ, 2011 оқу жылының талапкерлеріне ұсынылатын тест сұрақтары қиындайды және тест тапсыратын аудиторияларға ұялы телефон байланысын «тұсаулайтын» арнайы құрылғы орнатылатын болады.

Енді мемлекеттік білім гранттары нағыз оқу озаттарына ғана бұйырып, егемен елдің ертеңі бұдан да дами түспек. Себебі, білімді елдің келешегі кемел, болашағы жарқын болатынына ешкімнің күмәні жоқ. Есесіне, көкесіне сеніп, көзін жұмып жүріп-ақ ҰБТ-дан жоғары балл алып шыға келетін жолы болғыш еркетотайлар мен «Алтын белгіге» үміткер бола тұра, сол үмітті ақтай алмаған шала сауаттыларға тосқауыл қойылмақ. «Сол үшін биыл қияға қанат қаққалы отырған түлектер қулық-сұмдықты ұмытып, қазірден-ақ ҰБТ-ны әділ тапсыруға үйренулері қажет», - дейді мамандар. Әйтпегенде, мұның соңы өкінішке әкелуі ықтимал. Осы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес, ҰБТ кезінде ұялы телефонын қойны-қоншына жасырып кіргендер мен тест тапсыру үстінде өзгелерге кедергі келтірген талапкерлер бірден аудиториядан шығарылады. Сонымен қатар, оның ҰБТ-дағы барлық тест нәтижесі жойылады. Бұған дейін мұндай оқиғалар орын алған жағдайда, ол мемлекеттік комиссияның қарауына жіберіліп, содан кейін ғана шара қолданылып келген екен.

Аталған министрлік өкілдерінің айтуынша, осының бәріелдегі білім сапасын бұдан да жақсартып, жас ұрпақтың жан-жақты мазмұнды білім алуын қамтамасыз ету мақсатында жасалынып жатқан игі шаралардың бірі болса керек. Осылайша, тест сұрақтары күрделі болып, тәртіп күшейтілгенімен, сынақ ережесі өткен жылғыдай өзгеріссіз қалады. Демек, талапкерге әрбір пән бойынша 25 сұрақ ұсынылып, оны орындауға астрономиялық үш жарым сағат, яғни 210 минут беріледі. Әдеттегідей, тестілеу кезінде олардың отырған орнынан басқа орынға ауысуына, емтихан материалдарын алмастыруға, көшіруге, оқулық және басқа да әдістемелік құралдарды пайдалануларына тыйым салынады. Тест тапсырмаларын орындау кезінде даулы сұрақтар кездессе, талапкердің апелляциялық комиссияға шағымдануына құқығы бар. ҰБТ өткізу пункті жанындағы апелляциялық комиссия тестілеу қатысушыларынан түскен өтініштерді қабылдап, ол расталған жағдайда республикалық апелляция комиссиясы тест тапсырушыға балл қосу туралы ұсыныс енгізуге міндетті. Талапкер өтінішті апелляциялық комиссия төрағасының атына тестілеу нәтижесі хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін береді. Аталған өтінішті апелляциялық комиссия бір күнтізбелік күнде қарастырады. Тағы бір айта кетерлігі, ҰБТ нәтижелері бес балдық жүйеге ауыстырылып, бағаланады. Балдарды бағаға ауыстыру ісін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен шкалаға сәйкес мемлекеттік комиссия анықтайды.

ҰБТ тапсырған бітірушілерге оның нәтижелері туралы сертификат пен жалпы орта білім алғаны туралы аттестат беріледі. Ал мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына ҰБТ қорытындысы бойынша 4-тен жоғары, яғни  50 және одан жоғары балл алған талапкерлер ғана қатыса алады. Бір пәннен 4-тен төмен балл алған талапкерлер білім беру грантын тағайындау жөніндегі конкурсқа жіберілмейді.

 Осыдан тура  бір айдан астам уақыттан    кейін республиканың барлық өңірлерінде ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны басталады. Алайда, биыл ҰБТ-да болатын өзгерістерді естіген ата-аналар мен түлектердің қобалжып жүрген жайы бар. Әсіресе, қазір қалтасына немесе «крутой» тамыр-танысына сенім артқандар ойланса керек...  Десек те, бұл жолы «бақ шаба ма бап шаба ма?» кім білсін?..

Біз талабы таудай нағыз білімді шәкірттердің бағы жанып, алдағы сыннан сүрінбей өтулеріне тілектеспіз!

Н.ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23
25 26 27 28 29 30