Қазіргі кезде мемлекетімізді дамытудың іргетасы, стратегиялық маңызды және басты бағыттарының бірі әлемдегі жаһандану және дамып келе жатқан бәсекелестік жағдайында білім беру болып табылады. Әлемдік білім беру кеңістігіне бірігу үшін Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Ол бағдарламада жаратылыстану және математика ғылымдарына басты назар аударылуда.
Әлемдік қауымдастық екінші мыңжылдықтағы өркениетіміздің өсіп жетілуіне адамзат тарихы дамуынан бастау алған математика ғылымы маңызды роль атқаратынын мойындап отыр. Мұндай маңызды пәнді оқытудағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында үстіміздегі жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бастамасымен алғашқы рет өтетін математика мұғалімдерінің 1 съезі еліміздің білім беру саласында елеулі оқиғалардың бірі болмақ.
Аталған съезді өткізудің мақсаты ел экономикасының сұраныстары мен заман талаптарына сәйкес математикалық білімді жаңғыртып, жетілдіру болып табылады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақстандық математикалық білім беруді дамыту мен жетілдірудегі өзекті мәселелерді талқылау, білім берудің жаңа технологияларын енгізу, жетекші математик ғалымдардың және білім беру орындарындағы математика пәні мұғалімдері мен жаңашыл педагогтердің озық тәжірибелерін жинақтап тарату, жоғары оқу орындарында математика пәні мұғалімдерін даярлауды, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесін жетілдіру сияқты мәселелер құрылтай назарында болады.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты ашылған күннен бастап елу жыл бойы педагогикалық білім беру саласында бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды тұрақты даярлап келе жатқан аймағымыздағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Институтпен қатар құрылған физика-математика факультеті осы жылдары бес мыңнан астам математика және физика, соңғы онжылдықта сонымен бірге, информатика және еңбек технологиясы пәндерінің мұғалімдерін даярлап шығарды.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына мектеп мұғалімдерін даярлауда танымал білім беру қайраткері Тасболат Қасенұлы Шаяхметов үлкен үлес қосқан еді. Ол білім ордамызды 20 жылдай басқарды. Бұл жылдары 15000 маман шығарылды. Орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, биология, химия, шет тілдері және дене тәрбиесі мамандықтары бойынша облыстың мұғалімдік корпусы пединститут түлектерінен құрылған. 90 жылдардың басынан қазақ тілі және әдебиеті, тарих, география, информатика, музыка және ән мұғалімдерін даярлау жүргізілуде. Мамандықтардың көбінде қазақ тілінде оқыту бөлімдері бар. Институттың көптеген түлектері мектеп басшылары, білім беру ісінің ұйымдастырушылары, ғылым және мәдениет қызметкерлері, басқару органдарының жауапты жұмыскерлері болып жұмыс істейді, әртүрлі салаларда жемісті еңбек етеді. Жоғары оқу орнының оқу базасы кеңейтілген: 808 орынға 2 студенттік жатақхана, 468 орынға отбасылық жатақхана салынды. Т.Қ.Шаяхметовтің қызметінде жоғары оқу орнының ғылыми-педагогикалық әлеуетін қалыптастыру ерекше орын алады: 80 жылдардың аяғында ғылыми дәрежесі мен атағы бар оқытушылардың меншікті салмағы 47% құрады.
Бұл кісі жоғары оқу орнын басқарған уақытта студенттер ғылыми жұмыспен белсенді айналысты. Бұған дәлел – 1982 жылғы «Студент және ғылыми-техникалық прогресс» атты Бүкілодақтық олимпиаданың республикалық турында институттың бірінші командалық орны.
Т.Қ.Шаяхметовтің жетекшілігімен Павлодар облысындағы ауыл мектептерінің жүйесі мен жағдайын көпжылдық кешендік зерттеулер жүргізілуде (1965-1990 жж.), жоғары оқу орнында оқытудың тиімділігін жоғарылату жолдары (оқу телеарнасы, ЕҚО және т.б.), оқытудың қазіргі заманғы технологиялары (1988-1996 жж.) зерттелуде, оқытудың барлық кезеңіне студенттердің тәрбиесі мен ғылыми-зерттеу жұмысының кешендік жоспарлары жасалуда.
Тасболат Қасенұлы мұғалімдермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ректор болып қызмет жасағанда бұл қарым-қатынастар нығая бастады. Т.Қ.Шаяхметов Ертістің Павлодар өңірі мұғалімдерінің мүддесін халықтық білім беру қызметкерлерінің бүкілодақтық және республикалық съездерінде білдірді. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен 2000 жылға дейінгі Павлодар облысының педагогикалық білім беру жүйесі мен мектептің дамуын болжайтын ғылыми-педагогикалық зерттеулер жүргізілді.
Сондай-ақ, бес жыл уақыт ішінде Павлодар педагогикалық институты Одақтық педагогикалық жоғары оқу орындарының арасында өткен Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, КСРО Білім беру министрлігінің және ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағы ОК-ның ауыспалы Қызыл туына ие болды және бұрынғы Кеңес Одағының ең үздік жоғары оқу орындарының ондығына кірді.
Ғалым-математик ретінде Т.Қ.Шаяхметов қазіргі заманғы алгебра және математикалық логика мәселелерімен және жоғары мектепті басқару теориясымен айналысты. Ол физика-математика ғылымының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА мүшесі. А.Д.Таймановтың жетекшілігімен ғылыми зерттеулерін бастап, академик А.И.Мальцевтің Сібір математикалық мектебіне кірген.
Институтымыздың даму тарихындағы Т.Қ.Шаяхметовтің жасаған ісі жоғары бағаға лайық. Мұны оның көптеген марапаттаулары дәлелдейді. Жоғары оқу орнымызда ол кісімен енгізілген дәстүрлер қазіргі кезде де сақталып, оның аты еске алынып, құрметтеледі. Білім ордамызда жыл сайын «Шаяхметов оқуларының» конференциясы өткізіліп, студенттерге стипендиялар беріледі. Конференцияның жұмысы жаңғырту және қалыптастыру жағдайларында Қазақстанда білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға арналады.
Физика-математика факультеті түлектері Павлодар облысының кез келген мектебінде жемісті еңбек етуде. Олардың көбі кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғап, еліміздің және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүр.
Факультетімізде білім ордамыздың алғашқы күндерінен бастап осы күнге дейін қажырлы еңбек майданына қызу араласып, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан ұлағатты, көпшілікке белгілі ұстаздарымыз бар. Атап өтсек, олар: профессор Н.Қ.Машрапов, профессор Т.И.Кадькалова және доцент Н.Ж.Хайруллина.
Институтымыздың «Математика» кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты М.Н.Ілиясов өңірімізде танымал және үлкен құрметке ие. Ол «Математика олимпиадасы» атты ғылыми үйірмеге жетекшілік жасап, оқушыларын түрлі математикалық олимпиадаларға жан-жақты дайындайды. Жыл сайын оның оқушылары жүлделі орындарға ие болады. Профессор М.Н.Ілиясов пен институттың түлегі, педагогика ғылымдарының кандидаты, математика кафедрасының меңгерушісі Е.Ә.Тұяқов – өтетін математика мұғалімдері 1 съезінің делегаттары. Олардың студенттері әртүрлі аймақтық және республикалық олимпиадаларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылдың 28 қаңтарындағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында білім беруді жетілдіруде электрондық оқытуды пайдалану білім беру ұйымдарында 2015 жылы 50%, ал 2020 жылы 90%-ға дейін көтерілуі керек екендігін атап көрсетті. Осыған орай, институтта электрондық оқыту арқылы математикалық білім берудің әдістемесін жетілдіру енгізілуде. Электронды оқу құралының мақсаты – компьютер көмегімен оқушыларды математикаға оқыту, оларға математикалық есептерді шешу әдістерін үйрету және математикадан өз бетінше білім алу қабілетін қалыптастыру, тақырып бойынша білімдерін жүйелеу және алған білімдерін тексеру мен бағалау болып табылады. Сол себепті электрондық оқыту білім сапасын жоғарылатумен қатар, білім беру қызметін көрсету нарығында бәсекеге қабілеттілікті жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты математика кафедрасы дарынды балалармен жұмыс істеуде пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар өткізу; жоғары оқу орнының, мектеп пен колледждердің математик оқытушыларының кәсіптік және оқу-әдістемелік шеберлігін арттыруда курстар мен ғылыми-әдістемелік семинарлар жүргізу; шығармашылықты дамытуға арналған «Математикалық регата» сайысын өткізу; қалалық және ауылдық білім беру мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеу сияқты бағыттарда жұмыс жасауда.
Б.А.Найманов,
ПМПИ профессоры.

