Өткен жұма күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Халықаралық бағдарламалар» акционерлік қоғамының вице-президенті Әсет Әбдуәлиевтің қатысуымен брифинг өтті. Оған оқу-білімге құштар, халықаралық «Болашақ» бағдарламасына үміткер павлодарлық студенттер мен жастар шақырылды.
Брифингте сөз алған Әсет Әбдуәлиев ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының тарихы мен аталған білім грантын иеленгісі келетін жастарға қойылатын талаптар жөнінде әңгімелеп берді.
Бірден айта кетерлігі, халықаралық «Болашақ» бағдарламасы Елбасының Жарлығымен 1993 жылы құрылған. Содан бері жалғасып келе жатқан өміршең бағдарлама аясында көптеген қазақстандық жас әлемнің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алып келеді. Бүгінде олардың басым бөлігі мемлекеттік қызметте және халықаралық ұйымдарда абыройлы жұмыс істеуде. Алайда, бастапқы кезде аталған бағдарлама арқылы білім алып, шет мемлекеттерде қалып қойып жатқан жастар да болған. Осыған орай, 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Болашақ» стипендиясын тағайындау тәртібі туралы ереже әзірленіп, бұл бағдарлама бойынша оқу бітірген түлектерді мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылған.
Осылайша, талабы таудай жастар арасында үлкен сұранысқа ие болған «Болашақ» стипендиясын иеленушілер қатары жылдан-жылға артуда. Бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін осы бағыттағы ұйымдастыру жұмыстары 2005 жылдан бастап «Халықаралық бағдарламалар» акционерлік қоғамына тапсырылған екен. Сондықтан, аталмыш орталық мүшелері республиканың түкпір-түкпірін аралап, талантты жастарға ақпараттық қолдау көрсетуді мақсат еткен.
Атап өтерлігі, 2008 жылдан бастап педагог қызметкерлерге де ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі ұсынылған. Сондай-ақ, ауыл жастары, мемлекеттік қызметкерлер, өзге де тұлғалар үшін арнайы жеңілдіктер енгізілген. Жалпы, «Халықаралық бағдарламалар» акционерлік қоғамы мамандарының айтуынша, «Болашақ» стипендиясын иеленгісі келетін білімі бәсекеге қабілетті қазақстандық жастарға әрдайым жол ашық.
Брифингке қатысқан жастар «Болашақ» бағдарламасына түсу үшін емтихан тапсыратын пәндер, қажетті құжаттар және өздерін толғандырған басқа да сауалдарын қойып, терең мағлұмат алды.
Н.АҚЫТЕГІ.

