Жақында Инновациялық Еуразия университетінде «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: Еуразия кеңістігінде даму динамикасы» атты ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға еліміздің бірқатар облыстары мен Ресейдің Барнаул, Новосібір, Омбы, Тюмень қалаларындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Конференция барысында жаратылыстану ғылымдарының өзекті мәселелері, адам мен қоршаған орта арасындағы байланыс, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы жан-жақты сөз болды. Шараға қатысқан ғалымдар мен өзге де тұлғалар аталған мәселелерге байланысты келелі ойларын ортаға салды.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Шегенов шаһардың дамуы жөнінде баяндама жасап, соңғы жылдары өңіріміз өндірісті өлкеге айналып, жылдан-жылға дамып келе жатқанын жеткізді. Ал ИнЕУ-дің ректоры Асқар Камербаев техникалық принциптер мен білімді ұштастыру мәселелері жөнінде сөз етті. Сондай-ақ, өзге де ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама жасады. Конференция соңы секциялық жұмыстарға ұласты.
Н.АҚЫТЕГІ.

