Ауыл мектептерінде оқитын оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында облысымыздың шалғай өңірлеріндегі білім беру мекемелері жаңа компьютерлермен, интерактивті тақталармен, заманауи сыныптармен қамтамасыз етілуде. Мемлекет тарапынан ұсынылған мұндай қолдауға ие болған ауылдық білім ордаларының қатарында Успенка ауданының Қоңырөзек елді мекеніндегі Павлов орта мектебі де бар.
Қабырғасы қаланғанына ширек ғасырдан астам уақыт болған Павлов орта мектебі Кеңес дәуірі кезінде 624 балаға лайықталып салынған. Көркі көз тартатын осынау үлкен ғимаратта бүгінде 1-11-сынып аралығындағы 94 бала мемлекеттік және орыс тілінде білім нәрімен сусындауда. Сондай-ақ, 9 балғын даярлық тобын бітірген, күзде мектеп табалдырығын аттайтын болады.
Мектепте бала саны аз болса да, білім сапасы жақсы. Мәселен, өткен оқу жылында осы білім ордасын бітірген А.Үдербаева есімді түлек «Алтын белгі» иегері атанып, ауыл мектебінің абыройын асқақтатқан екен. Мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіштері де жыл сайын жақсарып келеді. Нақтырақ айтсақ, 2008-2009 оқу жылындағы ҰБТ нәтижесі - 81,8 пайыз, ал 2009-2010 оқу жылында 95,3 пайызды құраған. Бұл – ауыл мектебі үшін жоғары көрсеткіш екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, 2010-2011 оқу жылы өткен аудандық пән олимпиадасында қазақ тілінен 1-орынды Ф.Кумукова, тарихтан 2-орынды А.Сапарғали, орыс тілінен 3-орынды И.Ренин есімді білімді оқушылар иеленген. Оған қоса, облыстық «Махамбет оқулары», «Абай оқулары», «Қазақшаң қалай?», «Орыс тілі білгіштері» сынды байқаулардан жүлделі оралған балалар да бар.
Павлов орта мектебінің директоры Рыскен Қабышқызының айтуынша, мұндағы балалардың сапалы білім алуы үшін барлық мүмкіндік жасалған әрі мектептің материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай. Білім шаңырағында 4 интерактивті тақта, 1 мультимедиялық кабинет, 2 компьютер сыныбы бар. Үш оқушыға бір компьютерден келеді. Осындағы ұстаздар қарапайым ауыл мектебінің шәкірттері үшін бұл үлкен жетістік екенін алға тартады. Сондай-ақ, оқушылардың саналы тәрбие алуы үшін түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелер де жұмыс істеуде.
Тағы бір айта кетерлігі, мектеп оқушылары 100 пайыз тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Оған жергілікті кәсіпкерлер қолұштарын беруде.
Қазіргі таңда мектепте барлығы 27 мұғалім еңбек етсе, олардың 23-і - жоғары білімді, 13-і - 1-ші санатты.
Былтыр республикалық «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы аясында екі жас маман келген. Екеуі де тиесілі көмектерін алып, өз жұмыстарын абыроймен жалғастыруда.
Мектеп жанында «Мөлдір бұлақ» атты шағын орталық та бар. Онда 2-5 жас шамасындағы он бес бүлдіршін тәлім-тәрбие алуда. Қуантарлығы, балғындардың жатар орны жылы әрі жайлы. Мекеме іші толықтай жаңа жиһаздармен жабдықталған.
Жалпы, санаулы ғана бала білім алатын ауыл мектебінде атқарылып жатқан жақсы істер көп. Сондықтан да болар, Қоңырөзек елді мекенінің тұрғындары балаларының болашағы жарқын болатынына бек сенімді.
Нұржайна ШОДЫР,
Успенка ауданы,
Қоңырөзек ауылы.

